Түс көрген патша

 Түс көрген патша

Ерте заманда бір патша бір күні халқын жиып алып: «Мен бір түс көрдім, кімде-кім менің қандай түс көргенімді табатын болса, ол адамға мың ділдә беремін. Менің түсімді таппақшы болып, менің беретін ділдәларымды алған соң, көрген түсімді таба алмаса, ол адамның басын аламын», – депті.

Патшаның бұл түсін ешбір адам таба алмай, бірнеше күн өткен кезде, сол шәріде тұрушы бір адамның әйелі ерін жақтырмай, ерінің бір жаққа кетуін немесе бүтіндей өлуін тілейді екен. Бір күні әлгі әйел еріне:

«Сен патшаның көрген түсін табамын деп, патшаның мың ділдәсін алып алсаңшы. Түсі табылып қалар, егер табылмағандай болса және де бір амалын ойластырып көрерміз», – дейді. Ері: «Түсін таба алмай ажалды өзіміз сатып алып жүрмелік», – дегенде, әйелі: «Сақтаушы Құдай бар, Құдайекем өзі сақтап, патшадан аман құтылатын бір жолға қарай бейімдер, «тәуекел демей, тау құламайды» дегенді білмеймісің», – депті. Ері: «Ендеше, мен қазір патшаға барып беретін ділдәсін алып келейін», – деп, жүгіріп отырып патшаға келіп: «Тақсыр, мен сіздің көрген түсіңізді тапқалы келдім, тек қана маған үш күн рұқсат етсеңіз болады», – депті. Патша мың ділдәні санап беріп: «Төртінші күні келіп, көрген түсімді айтып бересің, егерде түсімді тауып бермесең, басыңды аламын», – депті. Түс табушы мың ділдәні алып келіп, әйеліне: «Мына мың ділдәні әкелдім, енді Алла тағаланың мені өлімнен аман сақтайтын жолы қайсы?» – депті.

Әйелі: «Сенің өлімнен құтылуың үшін мен де неше түрлі қиял, ой ойлап көрдім. Енді бұл патшадан бүтіндей қашып кеткеннен басқа амал жоқ», – депті. Ері: «Ендеше, мына мың ділдәнің жарымын сен ал, жарымын мен алайын», – деп, бес жүз ділдәні әйеліне беріп, өзі бес жүз ділдәні алып, шәріден шығып, бір жақты бейімдемей, қалай болса солай патшадан қашып, жүгіріп келе жатса, алдынан бір жылан кезігіпті. Жылан: «Ей, адам! Неғып асығып жүгіріп барасың?» – дегенде, әлгі адам болған уақиғаларды түгел сөйлеп береді. Жылан: «Мен ол патшаның көрген түсін тауып берсем, маған не берер едің?», – депті. Түс табушы: «Патшаның көрген түсін тауып берсеңіз, патша берген мың ділдәнің бәрін берейін», – депті.

Жылан: «Ендеше, сенің патшаң түсінде көп қасқыр көрді, ол қасқырлар бірін-бірі жұлмалап жеп жатқанын көрді. Патшаның көрген түсі осы, ал енді маған беретініңді бер», – дегенде, әлгі адам қаша жөнеледі. Сол бетімен қашып келе жатса, бір кезде әлгі жылан тағы да алдынан шығып: «Менің ақымды беріп кет», – дегенде, әлгі адам жыланды белінен бір салып өтіпті. Жылан иреңдеп қала беріпті де ол адам үйіне келіп, әйеліне: «Қатын, байғұс! Мен патшаның түсін тауып келдім», – депті. Әйелі ерінің біржолата қашып кетпегеніне ішінен ренжіп: «Патшаның түсін тауып келсең, патшаға барып көрген түсін айтып беріп құтыл», – дейді.

Түс табушы ертесіне патшаға келіп: «Тақсыр, мен сіздің көрген түсіңізді тауып келдім», – дейді.

Патша: «Кәне, мен қандай түс көрдім», – дегенде, түс табушы жыланның айтқанын түгел сөйлеп береді. Патша: «Дұрыс, таптың. Азамат екенсің», – дейді. Сонымен бірнеше уақыттар өткен соң, патша тағы түс көріп, баяғы түс табушыны шақыртып алып: «Мен тағы бір түс көрдім, сол түсімді тап, тапсаң мың ділдә берем, таба алмасаң басыңды аламын», – деп, мың ділдә санап береді. Бұл адам мың ділдәні үйіне әкеліп: «Енді маған ажал жетті, патшаның көрген түсін айтып берген жыланды да өлтіріп кеткенмін, енді патшадан қашып кеткеннен басқа амал жоқ. Мына ділдәнің жарымы сенде қалсын», – деп бес жүз ділдәсін қалтасына салып алып, әйелімен қош айтысыпты. Тағы да қалай болса солай бет алдына қашып келе жатса, алдынан баяғы жылан кезігіп: «Е, опасыз адамзат, тағы не үшін сасып, жүгіріп келесің?» – депті.

Сонда әлгі адам: «Патша тағы түс көріп, сол түсін таба алмай қашып келе жатырмын», – депті. Жылан: «Патшаның көрген түсін мен тауып берсем, маған не бересің?», – дегенде, бұл адам:. «Патшаның маған берген мың ділдәсін түгелімен саған берейін», – дейді. Сонда жылан: «Сенің патшаң түсінде көп түлкі көрді, ол түлкілер бірін-бірі алдап, ауыздарын өтірік жаласып жүргенін көрді. Ал енді менің ақымды бер», – дегенде, қалтасын сипалап: «Ой, бәлі-ай! Сізге беретін ділдәларым түсіп қалыпты-ау, үйден әкеп берейін», – деп, үйіне қарай жүріп кетіпті. Бұл адам сонымен үйіне келіп, әйеліне: «Е, қатын байғұс, мен тағы да патшаның көрген түсін тауып келдім», – депті. Әйелі тағы да ішінен ренжіп: «Тауып келсең, тіпті жақсы болыпты, патшаға барып, көрген түсін айтып беріп құтыл», – депті. Түс табушы ертесі патшаға келіп: «Тақсыр, көрген түсіңізді тауып келдім», – дейді. Патша: «Қане, мен қандай түс көрдім?» –дегенде, жыланнан есіткен сөзін түгелімен сөйлеп береді. Патша: «Тура таптың, жарайсың!» – депті.

Сонымен бірнеше уақыттар өткеннен кейін патша тағы бір түс көріп, белгілі түс табушыны шақыртып алып: «Мен тағы бір түс көрдім, түсімді тапсаң және бір мың ділдә беремін, таба алмасаң, басыңды аламын», – деп мың ділдәні санап береді.

Түс табушы үйіне келіп, әйеліне: «Мені қуған ажал қоятын болмады, өзіме жақсылық қылған жыланға екі жолы опасыздық еттім, енді маған рақым жоқ, сен өз жаныңды бағарсың, мен мына мың ділдәні түгелімен алып, бір жаққа барып, жанымды бағайын», – деп, әйелімен қош айтысып, бұрынғысындай бет алды қашып бара жатқанда, баяғы жылан тағы да алдынан шығып: «Я, адамзат, тағы да неғып сасып, жүгіріп келесің?», – депті. Бұл кісі патшаның түсін таба алмай қашып келе жатқанын айтады. Сонда жылан: «Патшаның көрген түсін мен тауып берсем, маған не берер едің?», – дейді. Сонда бұл кісі: «Көрген түсін табу үшін патшаның маған берген мың ділдәсі әзір, менің қалтамда тұр, соның барлығын берейін», – дейді. Сонда жылан: «Сенің патшаң түсінде бала ұйықтап, байтал жусаған кең заман көрді. Біреуге біреудің зорлығы жоқ барабарлық заман көрді, ал менің ақымды бер», – дегенде, әлгі адам қалтасындағы мың ділдәні жыланның алдына төге салады.

Сонда жылан бір сілкініп қалып, адам болып: «Маған сенің ділдәңнің керегі жоқ, мен Қызырмын, сенің патшаңның түс көрудегі пікірлерін айтайын. Сенің патшаң бірінші рет көрген түсінде өздерін-өзі жеп, жұлмалаған қасқыр көрді, ол кезде патшаң халықты қатаң ұстаған, халықты қасқырша жеп, қанаған кезі еді, ол өзіне түс болып көрінді. Екінші ретте көптеген ауыз жаласқан түлкі көрген кезінде патшаң бұрынғы қасқыр сияқты пікірінен қайтып, халықты алдап, еппенен жеуге айналған кезінде, патшаның пікірі өзіне түс болып көрінді. Ал, енді үшінші рет түс көргенде, кең-байтақ заман көрді, ол кезде сенің патшаң бұрынғы пікірлерінің бәрін тастап, әділдікке келіп еді, сол әділдігі өзіне түс болып көрінді.

Ал, енді әркімнің патшасының бағыты қалай болса, ол патшаның ұстап тұрған елінің де ниет-пікірі өзінің бастығы сияқты болады. Соның үшін сен патшаң қасқыр сияқты кезінде қасқырлық ниетпен мені ұрып жаралап кеттің, патшаң түлкі сияқты кезінде сен мені түлкі құсап алдап кеттің. Ал енді, міне, патшаң әділетке келгенде, қалтаңдағы барлық ділдәңізді беріп отырсыз», – деп ғайып болып кетеді.

Түс табушы үйіне келіп, болған жағдайды әйеліне айтып, онан патшаға барып, үшінші рет көрген түсін тауып берумен бірге патшаның әр түс көрген кезіндегі халықты қалай ұстағаны, өзіне түс болып көрінгенін түгелімен айтып береді.

Сонда патша: «Бұл - шындық сөз, мұны маған толық түсіндіргеніңе рақмет», – деп, әлгі түс табушыны уәзір етіп, патша қалған өмірін әділдікпен өткізіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру