Қарахан ертегісі

 Қарахан ертегісі

Қарахан қырык уәзірімен бір жерге сейілге шығыпты. Сейілге шыққанда қырық уәзірдің қасында қырық кісі бар екен. Көп кісі сейілге шығып жолда келе жатқанда Қараханның қамшысы қолынан түсіп кетеді. Сол арада көп кісі бөгеліп, қырық уәзір мен қырық кісі аттан түсе қалып ханның қамшысын әпермекші болады. Тигені қамшыны әпереді. Тимегені тек ұмтылып, бәрі де ханға құрмет қылады. Сол кезде Қарахан ат үстінде тұрып ойлап:

— Апырау, бір қамшы үшін қырық уәзірім мен қырық кісі бірдей түсіп құрмет істегеніндей мен сонша қадірлімін бе, мені халық жақсы құрметтейді екен ғой, – дейді.

«Мен бұған шүкірлік қылайын, халықтың маған істеген бұл құрметіне мен оларға көңіл бөлейін», – деген ой көңіліне кіреді.

Содан хан қырық уәзір, қырық жігітпен күні бойы аңда болып кешке жақын аман-есен үйіне келеді. Үйіне келіп жайланып отырған соң, ханның үстіне жаман киім киген бір қайыршы адам кіріп келеді.

Күндіз аңда жүргенде зор жомарттық істеймін деп өзіне уәде қылған хан орнынан тұрды да қайыршыға бір үлкен сый тартпақшы болды. Сонда қайыршы айтты:

— Сен, маған шын ниетіңмен сый беретін болсан менің көңілім не тілесе сен соны бер, – деді Хан.

— Төрт түлігімнен не тілесең соны бердім, қалағаныңды ал, – деді.

— Жоқ, сенің төрт түлігіңнің маған керегі жоқ, сен берсең патшалық орныңды бер, менің көңілім осыны сүйеді, – деді қайыршы. Хан айтты:

— Орнымды да бердім, – деп. Қайыршы айтты:

— Берсең түс, орныңа мен отырайын, – деді. Хан мұны да жақсылық көріп орнынан түсті. Қайыршы айтты:

— Сен мұнда тұрма, төрт түліктен таңдаған атың мен дүние ал да жайыңа бар, – деді.

Хан қайыршының айтқанын істеп жылқыдан таңдап ат алып, керекті бұйым алып, бала-шағасын арбаға мінгізді де, шаһардан шығып жүре берді. Сөйтіп, хан бұл шаһардан шығып екінші бір шаһарға жөнелді. Келе жатып ханның үй іші бір өзенге кездесті. Өзен терең екен, түгел өтейін десе тегісіміз суға кетеміз бе деп, бір-бірлеп ойлады. Содан кейін жүкті түсіріп, ең алдымен екі баласы мен қатынды отырғызды, одан кейін қайыра қалған жүкке жөнелді. Қарахан жүкке қарай өтіп келе жатқанда, қатын-балаларын орнына тастап, жарды жағалап ұзаңқырап кетті. Сол кезде екі қаскыр жүгіріп келіп екі баланы көтеріп алып кетті. Балаларды қасқырдың көтеріп алып бара жатқанын хан да, қатын да көріп тұр. Бірақ олардың бірі ар жақта, бірі жаяу, не істесін, тек бұған да ризамыз деп өздерін-өздері жұбатты. Содан кейін хан мен қатын өзенді жағалап келіп бір жерге келіп жатты. Сол уақытта олардың үстіне бір топ керуен көшіп келді. Керуен келіп қонған соң олардың ішіндегі кейбіреулері хан мен қатынға келіп жолықты. Ханның қатыны көркем сұлу кісі еді, керуеннің салтаң жігіттері оны керуен басы ханзадаға айтып келді; олардың айтуы бойынша керуен басы оған ғашық болды, содан кейін керуен басшы бір қиял билеп қатынды көру үшін екі жігітті жұмсады.

— Бізде бір адам сырқат еді, қырықтың бірі қыдыр деген сөз бар еді, жолаушы әйел келіп көріп берсе екен деп айтыңдар, – деді.

Жігіттер ханның арбасына келіп, керуен басының сөзін қатынға айтқанда, қатын «бармаймын», – деді.

Жігіттер өтініп үш рет сұрады, қатын үшеуінде де – бармаймын, – деп жауап қайырды. Қарахан айтты:

— Бұлар да жолаушы адам ғой, барып келе ғой, – деді.

Қатын керуеннің шатырына келген соң, бағанағы көрмей ғашық болған керуен басы қатынды көріп, оның көркем сұлулығына таң қалады. Қатынды күйеуіне қайтармай, бауыр басып, шатырын жығып көше жөнелді.

Хан бұған да іштен сабырлық қылды. Содан кейін қатынды алып керуен басы жөнеліп, Қарахан өз жайына кетті. Қарахан жүре-жүре тағы бір өзенге кез келді. Бұл өзеннің суы да терең екен, өтіп келе жатқанда аты суға кетіп, өзі ғана жүзіп шықты.

Содан киейін десе киім жоқ, ішейін десе ас жоқ, мінейін десе ат жоқ, келе жатып, шаршап бір салындының арасына кіріп жатты.

Бұл жерде бір шаһар таяу екен, шаһардың ханы өліп иесіз тұр екен. Бұрынғы заманда хан болғанда дәулет құсын ұшыру елдің салты екен, бұл шаһардың халқы жиналып дәулет құсын ұшыртты. Ол ұшырған дәулет құсы ұшып келіп бағанағы салындыға қонады. Ол жерде салындыдан басқа көрініп тұрған ешкім жоқ, құс салындыға келіп қонғанда, артынан үш жігіт ере келіп құсты алып кетті. Жігіттердің қолындағы құс айналып салындыға қарай береді. Құс талпына берген соң, ұшырып жіберіп қараса құс қайтадан барып салындыға қонады. Ол жерде жігіттердің дыбысымен Қарахан оянады. Жігіттер оған таң қалып, құсты алып, Қараханды ертіп той басына барады. Барған жерде жиналған топ Қараханның жайын, неғып жүрген адам екенін сұрап қанған соң, оны ақ киізге орап хан көтеріп, шаһарға хан сайлайды.

Қарахан бұл шаһардың ханы болып тұрды, дәулет құсы басына келіп қонып, бақыттың сарайына кірсе де ойынан қатыны мен баласы шықпайды. Оларды көп ойлайды. Ақырында ханым мен баласын іздеуге көп кісі ертіп жолға шықты. Айдан ай, жылдан жыл өтті. Ел-елден сұрап ханым мен балаларын іздейді. Неше заман жол жүріп келе жатып, бір елде қайыр сұрап жүрген әйеліне кездесті. Ханым үстінде киім, ішерге ас жоқ, тек елден сұрап күнелтіп жүр екен. Ханымын көріп қайтадан жасағандай болды. Екеуі бірін-бірі құшып мауқын басты. Хан ханымнан балаларынан хабар біле ме деп сұрады. Ханым бұрынғы есіткені бойынша балаларының қай жерде тұрғанын айтты. Хан мен ханым көп нөкермен балаларын іздеді. Айдан ай өткенде келе жатып бір өзен бойында қой бағып жүрген қойшыға жолықты. Қойшыдан жөн сұрады. Қойды бағып жүрген қойшы, қай елдің қойы екенін айтты. Қойшы жай қойшыдай емес, еті тірі, сезімі бар болғандықтан оның кім екенін сұрады.

— Мен Қарахан деген кісінің баласымын, – деді. Оны жас күнінде бөрі алып қашқан екен, бөріден бұл елдің бір байы құтқарып алып асырап, енді қой бақтырып қойыпты. Оның қасында інісі бар екен, інісі де қозы бағып жүр екен. Балалардың етін бит жеп, аяғын тас жырып әбден жүдеген екен. Қарахан оларды іздеп тауып, бір жасады. Содан балаларын ертіп еліне қайтып, бұрынғы хандығына отырып, барша мұратына жетті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру