Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер

 Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер

Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері (1998 ж.). Домбырамен ең алғаш болып қазақ әндерін дуэтпен орындаған кәсіби әншілер.
Құдайбергеновтердің отбасылық ансамблінің құрылу тарихы
Құдайбергеновтер жанұялық ансамблінің құрылу тарихы Қанат пенен Айткүлдің тұзының жарасып, шаңырақ көтеруінен басталды. Екеуі Алматыдағы "Қазақконцерт" бірлестігі жанындағы жастар эстрада-цирк студиясын (қазіргі Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжі) бірге оқыды (1975-1977 ж.ж.). Қанат профессор, күйші Құбыш Мұхитовтың класынан дәріс алған. Айткүл Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класынан халық әндерін, жырларын орындаушы әншілікті меңгерді.
1977 жылы Мәдениет Министрлігінің жолдамасымен, қос әнші өнер жолын Қарағанды облыстық филармониясының жанынан құрылған "Гәкку" ансамблінде бастады. 1983 жылы Республикамыздың мемлекеттік "Гүлдер" ансамбліне шақырылып әнші, күйші ретінде өздерін кәсіби тұрғыда жоғары дәрежеде көрсете білді. Бірнеше республикалық және халықаралық фестивалдардың жүлдегері болды. Бүкілодақтық жастар творчествосы конкурсының лауреаты атағын алды.
Өнерлері жоғары бағаланып Әлемнің түкпір-түкпірін шарлады. Шет мемлекеттерде қазақ өнерін дәріптеді. Швеция, Үндістан, Кипр, Польша, Ауғанстан, Мексика, Жапония, Түркия, Болгария, Шри-Ланка тағы басқа көптеген шет мемлекеттерде қазақтың домбырасын, әнін, күйін паш етті.
1988 жылдан бастап ерлі-зайыпты Құдайбергеновтер Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында жанұялық ансамбль құрып, еңбек етіп келеді. Ансамбль құрамында өздерімен бірге іні-қарындастары, балалары мен немерелері өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ "Терісқақпай" әзіл-сықақ театрымен тығыз шығармашылық байланыста.
Інілері
Қанаттан кейінгі інісі – Қайрат Құдайбергенов Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы ГИТИС-ті "театр және киноактер" мамандығы бойынша бітіріп шығады (1978-1982 ж.ж.). Әзіл-сықақ, пародия жанрының маманы.
Нағашы інісі – Дархан Дайырбеков драмтеатр актеры. "Терісқақпай" әзіл-сықақ театрының белді мүшесі.
Балалары
Құдайбергенов Ербол Қанатұлы – күйші, домбырашы. П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищесін, кейін І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыка факультетін оқып бітірді. Әйелі Назгүл – қобызшы.
Құдайбергенов Айбол Қанатұлы – күйші, әнші, сазгер, музыка өңдеуші. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (1998-2003 ж.ж.), кейінен Аспирантурасын (2006-2009 ж.ж.) шертер класы бойынша бітірген. Құрманғазы атындағы халықаралық конкурсының (2003 ж.) және республикалық конкурстардың лауреаты.
Құдайбергенов Ерболат Қанатұлы – "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері (2010 ж.)Қазақ эстрадасындағы жаңашыл бағытта, өзіндік стилімен есімі елге танымал әнші, сазгер, музыка өңдеуші.
Құдайбергенова Салтанат Қанатқызы – әнші, биші. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі.
Құдайберген Еркін Қайратұлы – күйші, домбырашы. Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжінің түлегі. Ең алғаш домбыраны Н.Тілендиевтің "Ата толғауы" күйімен Айбол ағасынан үйренген.
Немерелері
Құдайберген Салауат Ерболатұлы (2005 ж.) – А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің оқушысы. Фортепиано класында оқиды. Мектеп қабырғасын керемет әндерімен аттап, болашаққа еркін қадам басуда. Жастайынан әкесі орындаған «Салтанат» әнін бұл күнде бала Салауат өз еншісіне алып, жаңа үлгімен, нақышына келтіре орындауда. Салауаттың осымен қатар «Әліппе», «Ақтөс» сынды жас бүлдіршіндерге қанат бітірер бірқатар әндеріне түсірілген жеке бейнеклиптері жарыққа шыққан.
Құдайберген Сағадат Айболұлы (2008 ж.) – Тумысынан зерек, қабілетті, өнерлі бала мектепке дейін оқу-жазуды меңгерген. "Қарлығаштың құйрығы неге айыр" атты қазақ ертегісін, Абай, Ы.Алтынсарин, М.Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқиды. Ерболаттың "Салтанат" әнін балабақша кейін мектеп сахналарында орындап келеді.
Өнер иелері
Осындай өнер иелері тәрбиеленіп жатқан жанұялық ансамбль. Қанат пен Айткүл алғаш дуэт болып таныла бастағанда "Әгугай, домбыра", "Сырғалым", "Көзіңнен айналайын", "Желбір жекен", "Жанай сылқым", "Бипыл", "Керім-ай", "Жолың болсын жолаушы", "Көңіл сыры" сияқты т.б. көптеген әндер, термелер ән қоржынында болды.
Қанат пен Айткүлдің репертуары өте бай. Күйлер, халық әндері, қазақ сазгерлерінің ән-жырлары сонымен қатар көптеген өз шығармалары бар. Екеуі домбырамен ең алғаш қазақ әндерін дуэтпен орындаған ұмытылмас ұлы тұлғалар болып қазақ халқының жүрегінде мәңгі қалмақ.
Репертуары
"Көңіл сыры" – әні: С.Сапарәлиев
"Әгугай, домбыра" – өлеңі: Т.Қажыбаев, әні: А.Қоразбаев
"Сырғалым" – өлеңі: Ж.Сәтібеков, әні: А.Қоразбаев
"Көзіңнен айналайын" – әні: А.Қоразбаев
"Желбір жекен" – халық әні
"Жанай сылқым" – халық әні
"Бипыл" – халық әні
"Керім-ай" – халық әні
"Елік-ай" – халық әні
"Туған жер, өзің дегенде" – өлеңі және әні Б.Тәжібаев


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру