Біз өзіміз жүргізіліп отырған қайта құруларда, қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік серіктестіктерінің белсенділіктерін дамыту жолында, біздің бозбалалармен бойжеткендеріміздің мүмкіндіктері мен энергиясын жүзеге асыру үшін жағдай жасай отырып, жас ұрпақтың рөлін бекітуді қажет етеміз. Қазақстан 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында көрсетілгендей біздің еліміздің алдына қойған мақсаттарына жетуді қамтасыз ету міндеті мен жауапкершілігі тек сіздерге жүктеледі. Барлық келешек ұрпақтың күшін біріктіру біздің өмірімізді демократияландырудың негізгі факторы, азаматтары, әсіресе жастары өзін, өз отбасын, өзінің ата –аналарын игілікті өмірмен қамтамасыз етуді жүзеге асыруға болатын гүлденген мемлекетті құрудың басты шарты болып табылады. ....
Кіріспе Қазіргі өскелең өмір талаптарына сай жастарға білім және тәрбие беру, оларды жан – жақты дамыту қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. “Білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интелектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздіксіз процесі”. Осы процесте дарынды балалар мен жастардың жетілуіне өркениетте жағдай туғызу қажет. Мемлекеттік деңгейде маңызды құрал болып саналатын дарынды балалар мен жастарды оқытып, қолдаудың жүйесін жасау қажеттілігі негізделді. Балалар дайындаған ертерек айқындауға байланысты жүргізілген зерттеу тәжірибесі дарынды балаларды қолдау үшін мемлекеттік арнайы бағдарлама жасау қажеттігін дәлелдейді. Қазақстан Республикасы Президентінің “дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау” нұсқауына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 1998жылы 24 наурызда Республикалық ғылыми – практикалық “Дарын” орталығы құрылды.....
КІРІСПЕ Көркем әдебиеттегі қостілділік, ең алдымен эстетикалық тәрбие беру мақсатымен танымдық жүйеде кең көлемде қызмет етеді.Бұл тікелей әдеби үрдіске қатысты болады. Көптеген белгілі ақын-жазушылар өз ана тілінде және қазақ тілдерінде жазады. Атап айтсақ, неміс Герольд Бельгер немісше және қазақша, Исмаил Саттаров пен Ш. Шабаевтар ұйғырша және қазақша жазған. Бұл ұлттардың жақындасуы мен тілдерінің табысуының басты желісі.Бір тілд жазатын жазушы мен екі тілде жазатын жазушылардың бір – бірінен айырамашылықтары айтарлықтай көп болады. Қостілділікте ана тілінің толқымалы құбылмалы таралу әсері болады. Бір ғана тілде жазатын жазушылардың тіліндегі сөз саптау ерекшелігі қостілді жазатын жазушының тіліндегі сөйлеу мәнерінен өзгеше болады. Ал, екі тілде жазатын жазушы мен бір ғана тілде жазатын жазушының ауызша сөз сөйлеу үлгісінде артикуляциялық – интонациялық (сөз жасамдық және тыныс белгісін) ой кескіндемесінде өзгеріс алшақтық мол. Қос тілде жазатын жазушының сөз саптауындағы ерекшеліктер бір ғана тілде жазатын жазушыдан айрықша көзге түсіп тұрады. Екі тілде жазатын тұлғалардың бір тілден екінші тілге ауысып тұру механизмі ерекше қызығушылық туғызады. /19, 146/ Авторлық аударма – қостілде жазатын жазушының әдеби – көркем шығармашылығының ма арқылы бастаған, мұның өзі қос тілде жазатын жазушылардың қалыптасу жолдарын көрсетеді. Аударма жұмысы қазір біздің өмірімізден үлкен орын алады. Тіл дамуындағы үрдістің барысында аударма қызметінің атқаратын ролі орасан зор. Аударма арқылы қалың жұрт ақыл – ой иелерінің асыл қазынасымен танысады. Өткеннен мұра болып қалған және қазіргі заманымыздың мәдениетін игеруге үлесін тигізеді. Аударма әдебиетінің маңызы мұнымен бітпейді. Ол ана тіліміздің толық қалыптасуына, дамуына әсерін тигізеді. Аударма жалпы әдебиеттің бір бөлімі ретінде тәжірибеде, яғни іс - әрекетте көрсетіледі. Аударма арқылы орыс, қазақ және шетел әдеби шығармаларының байланысы бір – біріне әсер етуі, типологиясы мен поэтикасы, әдеби әдіс – амалдары, аударма кезіндегі шығарма тілінің өзгеруі, қайта жаңғыруы аударма шеберлерінің іс – тәжірибелері отандық және шетелдік аударма мектептерінің жетістіктерін қарастырады. Аударма жұмысы – бүгінгі таңда мақсат – мүддесі, тіршілік әрекеті бір адамзат қоғамындағы аса маңызды шартты құбылыс. Аударма – ұшан-теңіз өмір ағысының бүкіл үрдісін ұштастыруға себепші болып отырған елеулі күштердің бірі./1, 5/. Аударма дегеніміз – бір тілде ауызша айтылған ой – пікірді, болмаса жазылған мәтінді тыңдаушыға, оқушыға, екінші тілде яғни, оның ана тілінде түсінікті етіп жеткізу.Бір тілден екінші тілге аударылып жазылған немесе баспадан басылып шыққан барлық әдеби және жазба еңбекті аударма туынды деп атайды/2, 9/. Адамзат тарихында әрбір ұлт, әрбір қоғам алмасу, ауысу, араласу нәтижесінде өмір ағымы алға жылжиды, өседі, өркендейді. Яғни, өзінде жоқты өзгеден алады, білмейтінін үйренеді, білгенін басқаға үйретеді. Осындай ауысудың тиянақты тірегі – аударма. А.Пушкин “аудармашылар - мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттары” деген /2, 23/. Осыған орай, М.О.Әуезов аударма бір жағынан шеберліктің де мектебі. Аудару үстінде жазушы автордың шығармашылық сырына қанады.Оның көргенін көріп, білгенін біледі, сол арқылы өзінің ой - өрісін ұлғайтумен қатар, авторша машықтанып үйренеді. Бұл жағдай шын талант иесінің бойынан шығармашылық қайнардың жаңа көздерін ашуға себепші болады. Аударма өнері - идеология майданындағы зор құралдардың бірі, соның ішінде елеулісі десек те қателеспес едік. Ендеше, М.Қаратаев ағамыз айтқандай, көркем аударма дегеніміз өзінше өнер, шығармашылық әдебиеттің құқықтағы түрі дейтін ұғымды іс жүзінде жеткізіп, бұл іспен суреткерлік қабілеті бар адам ғана айналысуы керек. Аударма туынды – көркем әдебиеттің егіз туған сыңары, бұлар екі ел сөз өнерінің рухани қазынасына айналады. Аударма мәселелері соның ішінде көркем аударманың проблематикасы тамырын тереңге жайып жатыр. Ол бастауын Ежелгі Римнен алады. Сол дәуірде аударманың түпнұсқаға адалдығы туралы аса маңызды мәселе төңірегінде Цицерон аудару кезінде сөзді санамау керек, керісінше сөзді салмақтау керек деген /3,8/. Ө.Күмісбаевтың пікірі бойынша – көркем аударманың бүгінгі әдеби процесте алатын орны үлкен. Аударма - әдебиеттің арналы, мол салаларының бірі. Аударманың сөз дамытудағы мәні де айрықша зор. Өйткені аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларын басқа халықтың өкілдері сусындай алады. Негізінен аударма саласы мәдениет пен әдебиеттің көне мүлкі, үлкен дүниесі.....
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сүлеймен Баязитовтің аталмыш кітабына «Жарылыс» атты романы еніп отыр.
Роман оқиғасы Павлодар, Баян өңірінде, тіпті тұтастай қазақ даласында кеңестік кезеңдегі байларды кәмпескелеу, аштық ұйымдастыру, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, Семей ядролық полигонындағы алғашқы атом сынағы, тың игеру, бір сөзбен, қазақ халқының басынан кешкен ауыр да азапты жылдар роман кейіпкерлері Әділ, Ғайша, Айтқожа, Валя, Әнуар, Адольф, т.б. тағдыры арқылы сөз болады.
Автор боямасыз өмір шындығын шама-шарқынша әділ бейнелеуде. Атомсыз әлемге жол ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1991 - жылдың 29 - тамызындағы «Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы туралы» № 408 - Жарлығы романның толғақты түйіні ретінде ұсынылуы автордың сәтті шешімі екені деп білеміз. .....
Бұдан біраз жыл бұрын менің Вильям Летран деген бір кісімен жақынырақ танысуыма тура келді. Ол өзі бір кезде дәулетті гугенеттер әулетінен шыққан, бірақ қыр соңынан қалмаған қырсықтың салдарынан бағы тайып, кейін қу тақыр боп кедейленген адам еді. Бар байлықтан айрылған соң көрінгенге көзтүрткі болмайын деп, ол өзінің ежелгі атамекені Жаңа Орлеан қаласын тастап, Оңтүстік Каролинадағы Чарлстон маңындағы Сэливанов аралына барып қоныстанған болатын.
Бұл бір алабөтен арал. Өзі ұзындығы үш мильдей теңіздің қайран құмынан тұрады. Ені тілдей, еш жерде ширек мильден аспайды. Шалшық шілік пен қалың қамысты жанамалап, суы зорға жылжитын қылдырықтай бұғаз ғана оны құрлықтан бөліп жатады. Аралда ағаш аз, әрі жөнді өспейді де. Тіпті шын мәніндегі ағаш жоқтың қасы. Аралдың сонау батыс жақ шетіндегі қаңқиған Моултри форты мен жаз айларында халық құжынап кететін тіршілігі беймаза Чарлстонның қапырық шаңынан қашып жаз айларында қала тұрғындары уақытша қоныстанып, жан сауғалайтын бірнеше қалқайған үйшіктер салынған маңнан ғана қылқан жапырақты бәкене пальмаларды көруге болады. Оның есесіне егер батыстағы әлгі мүйіс пен теңіз жағалауындағы тастан бетер ақ қайраң кемерді есептемегенде, аралды түгел ағылшын бағбандары аса қадірлейтін қош иісті мирта тоғайы басып кеткен. Қау боп өскен қалың бұталардың биіктігі кей тұста он бес жиырма футқа дейін жетіп, төңіректі ғаламат хош иіске бөлеп, арасынан адам өтіп болмайтын тұтасқан тоғайға айналады. .....
Бұл жолы маған өзімді Вильям Вильсон деп атауға рұқсат етіңіздер. Өз есімімді жазып, мына алдымда жатқан ақ қағазды ластаудың қазір қажеті жоқ. Бұл есім жұрттың жүрегін шайлықтырып, үрейін ұшырып, өшпенділігін өршіткен. Өйткені мен тап болған бұрын-соңды құлақ естімеген сұмдық масқара жөніндегі суық қауесет әлемді шарлап кеткелі қашан. О, жұрттың бәріне құбыжық болған сұмырайдың сұмырайы-ай! Азды-көпті мәні бардың бәрінен, жер бетіндегі құрметтен, гүлден, игі үміттен мәңгі мақұрым болдық емес пе?! Сен үшін тұңғиық аспан тұнжыраған, түпсіз түнекке оранды емес пе? Егер мүмкіндігім келсе, әрине, мен бүгін бұл арада өмірімнің соңғы жылдары туралы, өзімнің шексіз қасіретім мен құлақ естіп көз көрмеген озбырлығым. туралы айтпаған да болар едім. Құнан қойдың жасындай жасым қалған шағымда арсыздықты асырып жібердім, енді мен бұл арада соның бастауын ғана баяндағым келеді. Азғындық жолға адам бірте-бірте түседі. Менің бойымдағы игі қасиеттің бәрі құдды сулық шекпен сияқты бір мезетте сыпырылып түсті де қалды. Майда-шүйде күнәдан мен Гелиогабалға лайық зұлымдыққа алып адыммен бір-ақ аттадым. Бұл қырсыққа кінәлі нендей жағдай, қандай оқиға? Сабыр етсең, оқушым, бәрін де ретімен баяндап беремін. .....
Әңгіме ашылмай қалған қылмыстар мен жазасын алмаған қылмыскерлердің төңірегінде болатын. Кезегімен сөз алып, әркім өз пікірін айтып жатты: полковник Бэнтри мен оның толықша келген жайдары мінезді әйелі де, Джейн Хелиер де, дәрігер Ллойд та, тіпті қартаң тартқан Мисс Марпл да. Аузын бағып үндемей қалған бір-ақ адам. Ол сан адамның пікірін тыңдап әбден машықтанған, Скотленд-ярдтың бұрынғы комиссары Сэр Генри Клитеринг еді. Үндемей мұртын шиырып сипап қойып, іштей бір нәрсеге мәз болған адам сияқты күлімсіреп отырған.
— Сэр Генри, — деді Бэнтри ханым шыдамы таусылып, — егер сіз бірдеме демесеңіз, тура айқай саламын. Тиісті жазасын алмаған қылмыстар көп бола ма, жоқ әлде болмай ма?
— Сіз газетке беретін мақаланың тақырыбын ойлап отырсыз, Бэнтри ханым. Тағы да Скотленд-ярд кінәлі деп, ары қарай ашылмай қалған құпиялардың тізімін тізбексіз ғой.
— Ондайлардың, саны меніңше, көп бола қоймас?— деді дәрігер Ллойд.
— Иә, солай. Ашылған жүздеген қылмыстар мен жазасын алған қылмыскерлер туралы көп жазыла да, айтыла да бермейді. Бірақ біздің талқылап отырғанымыз ол емес, солай ғой? Сіз ашылмай қалған қылмыстар мен шешілмей қалған құпиялар жөнінде сөз қозғағанда, бір-біріне қатысы жоқ екі мәселені айтып отырсыз. Бірінші топқа Скотленд-ярд мүлде естімеген, болғанын жан адам білмейтін қылмыстар жатады. .....
Шылым шегетіндерге арналған бірінші дәрежелі вагонның бір бұрышына жайғасқан сот Уоргрейв — ол жақында ғана жұмыстан біржола босап шыққан — сигарын түтіндетіп, "Таймстағы" саясат бөлімін шолып отырған. Ұзамай газетті былай ысырып қойып, терезеден сыртқа көз жіберді. Пойыз Сомерсеттен өтіп бара жатыр еді. Сот ойша шамалап көрді — әлі екі сағаттай жүруі керек екен.
Негр аралы жайында газеттерде жазылғанның бәрін сот қайта-қайта ой елегінен өткізумен келеді. Әуелі оны яхта десе ішкен асын жерге қоятын американ миллионері сатып алыпты, Девон жағалауына жақын жерде орналасқан осынау шағын аралда қазіргі заман үлгісіндегі керемет көркем үй тұрғызыпты. Алайда, өкінішке қарай, миллионердің үшінші әйеліне, таяуда ғана тапқан тотықұсына теңіздегі шайқалыс жақпайды екен, осы жағдай миллионерді үймен де, аралмен де қош айтысуға мәжбүр етіпті.
Сөйтіп, арал сатылатын болды, оның әсемдігін айтып тауыса алмайтын сипаттамасы бар құлақтандырулар газеттерде жиі-жиі жарық көре бастады. Одан соң аралға мистер Оним дейтін біреудің ие болғаны жөніндегі хабар жарияланды. Сол сол-ақ екен, зайырлы қауым өміріндегі жаңалықтарды жиып теретіндердің қиялы шартарапты шарлап кетті. Шын мәнінде Негр аралын голливудтық киножұлдыз мисс Габриелла Терл сатып алыпты!.. Сол жерде - репортерлер мен жарнама ырың-жырыңынан жырақта - бірнеше ай тыныш тұрғысы келетін көрінеді!.. "Бизи Би" бұл арал король отбасының жазғы резиденциясына айналатыны жайында сыпайы түрде тұспалдап жеткізді. Мистер Мерриуэдерге аралдың жас лорд Л. меншігіне көшкені - ақыры оның да Купидон құрбандығына айналып, аралда бал айын өткізуге ниет еткені турасында сыбыс жетті. "Джонас" аралды әлденендей бір айрықша құпия сынақтар өткізу мақсатында Әскери-теңіз күштерінің басқармасы сатып алғанына зәредей күмән келтірмеді. .....
Болар еді күні ертең гвардия капитаны. «Ол қажетсіз; армияда істесін. Жөн айтылған сөз осы. Қиналып көрсін түскесін». Әкесі кім еді өзінің? Княжнин
Менің әкем, Андрей Петрович Гринев, жасында граф Минихтың қарауында әскери қызмет істеп, 17... жылы премьер-майор боп отставкаға шыққан. Содан соң Симбирдегі өзінің туған деревнясына қайтып, сондағы бір кедейленген дворянның Авдотья Васильевна Ю. деген қызына үйленіпті. Біз тоғыз ағайынды екенбіз. Менен басқалары түгел жастай өліпті. Жақын туысымыз гвардия майоры, князь Б-ның жәрдемімен мен Семенов полкының сержанты болып жазылдым. Бірақ, оқуым біткенше мен демалыста жүрген боп саналдым. Момын мінезді, үй қызметкері Савельичтің күтуіне тапсырылдым, ол менің тәрбиешім болды. Соның қарауында жүріп, он екі жасымда орысша хат таныдым. Аңшыл иттердің қасиеттерін шешен сөйлейтін, әңгімешіл де боп алдым. Осы кезде әкем маған арнап, Москвадан Мосье Бопре деген французды тәрбиешілікке алдырып жалдады; оның өзіне бір жылға жетерлік шарап пен прован майын да қоса алдырды. Француздың келуін Савельич қатты ұнатпады.
— Аллаға шүкір, баланың бет-аузы таза, шашы мезгілімен таралып, таматын да мезгілімен ішуші еді; ақшасын қояр жер таппағандай мусьені жалдағаны несі, өз адамдары жетпеді ме екен.. - деп қоңқылдайды Савельич.
Бопре өз жұртында шаштараз екен, кейін Пруссияда солдат бопты; pous cfrc out.
1829 жылдың жазғытұрғы бір жайдары күнінде жасы елулер шамасындағы кісі Гранд-Шартрезге таяу орналасқан үлкен елді мекенге қарай бет алып, өрлеу жолмен салт келе жатты. Бұл мекен — табаны тастақ, арнасы көбінесе құрғап қалатын шағын тау өзенінің аңғарында ұзыннан созылып жатқан, халқы тығыз кантонның орталығы. Қазірде қар суымен толысқан өзен аңғарды бойлай бұрқ-сарқ ағып жатыр, арнасы екі жақтан бір-біріне қарама-қарсы ентелеп келіп беттескен қос қыраттың ортасында қысылып қалған, үстеріне жан-жақтан анталап, Савойя мен Дофиненің шыңдары төніп тұр. Екі Морьенаның тізбек-тізбек жоталары, жалпы нобайлары бір-біріне ұқсас болғандарымен, жанағы бейтаныс кісі өтіп бара жатқан өңірдегідей жердің ала-құлалығын, дәл сол тұстағыдай күн сәулесі мен көлегей көлеңкенің құбылған ойнақылығын басқа ешқайдан табуға болмас еді. Біресе аңғар алқабы далия шалқайып кетеді де, жылдың қай мезгілінде де тау бұлақтарынан сусындаған құнарлы жердің нәрлі өсімдігі жап-жасыл кілемдей болып көздің жауын алып жатады; біресе алдыңнан су күшімен жүретін тақтай зауыттары көлденеңдеп шыға келеді де, оның әр жерде жайылып жатқан жұпыны құрылыстары, қабығы аршылған шырша бөренелерінің қоймалары жалт етіп көзге шалынады; жаңағы буырқана сарқыраған өзеннен бұрып әкеліп, ауқымды тақтай науалар арқылы ағызып қойған су шыжымдары және көрінеді. Әр жерде шашыраған лашық үйлер мәуелі жеміс бақтарына көміліп, еңбекқор кедейшілік жайындағы ойға итермелейді. Ал одан әрегіректе балықтың қабыршақтары секілді бір-біріне қабаттаса жабысқан дөңгелек қышпен жабылған қызыл төбелі шағын үйлер ұзақ жылдар бойғы еңбектің берекелі нәтижесін айғақтап тұрғандай.
Барлық кітаптарда алғысөз әрі бірінші, әрі ең соңғы нәрсе; ол не кітаптың жазылу мақсатын түсіндіреді де, не дәлелдер айтып сынға жауап береді. Әдетте оқушылардың рухани жағында да, журналдардың сөккенінде де жұмыстары болмайды, сондықтан олар алғысөзді оқымайды да. Әсіресе бізде мұның былай болуы өте күйінішті. Біздің халқымыз сондай жас, сондай ақкөңіл ғой, мысалдың аяғынан ақыл айтқан сәуегейлікті таппаса оны ұға алмайды. Олар қалжыңды түсінбейді, мысқылды сезбейді; олар асылында қисық тәрбиеленген. Олар осы күнгі білімпаздық бұрынғыдан гөрі өткір және көзге түсе қоймайтын, мақтау пердесін жамылып отырып, қарсыласуға мұршасын келтірмей тура соғатын құрал тапқанын, сондықтан тәуір орта мен тәуір кітапта балағатқа орын болмайтынын әлі білмейді. Біздің халық біріне-бірі қарсы екі орданың төңірегіне жататын екі дипломаттың әңгімесін естігеннен кейін, е, бұлар өздерінің сыпайы достығы үшін әрқайсысы өз үкіметін алдап жүр екен ғой деген қорытындыға келетін провинциалдарға ұқсайды.
Бұл кітап жуық арада бірқатар оқушылардың, тіпті, журналдардың сөздің тікелей мағынасына сену зардабын тартты. Біздің заманның геройы тәрізді адамгершіліктен жұрдай біреуді бізге үлгі етіп тартты деп біреулер өте қатты намыстанды, ал, енді біреулер шығарушы өз портретін және өзінің таныстарының портретін суреттеген екен десті... Тым ескі, бишаралық қалжың! Шамасы, өзіндегінің бәрі жаңарып жатқанда осы бір сандырақтары жаңармайтын болған-ау, русь тегінде солайша дүниеге келген ғой. Сиқырлы әңгімелердің ішіндегі ең барып тұрған сиқырлысының өзі де бізде біреуді балағаттау үшін жазылыпты деген даудан аулақ бола қояр ма екен! .....
Өрістен малдар қайтқанда, Қорс-қорс етіп шошқалар Тойып ап тоңқаң қаққанда – Отырған төбе басында Осынау кеңесті айтқандар.
Поп, «Одиссея»
Сауықшыл сайран Англияның ерте заманда небір әсем жерлері болған ғой, сондай бір табиғаты көркем кең жазирасына о кезде Дон дариясының суы жайылатын. Шеффилд, Донкестер уалаяттарының аралығындағы сай-сала, бел-белестерді алып тұрған қалың орман, ну тоғай болатын. Уэнтворт, Уорнклиф-парктегі ақсүйектер сарайларының айналасында, Ротерхем маңында сол қалың орманның жұрнақтары күні бүгінге дейін көрініп тұрады. Ел аузындағы аңызға қарағанда, бұл араны баяғыда уонтлей аждаһасы мекен еткен екен деседі; бұл арада Ақ Роза мен Алқызыл Розаны ту ғып тұтынған халықтардың жауыққан заманында нешеме қиян-кескі ұрыстары болып өтіпті; тағы осы арада қандыбалақ қарақшылар кезінде жасақ жинап, ел шауыпты, жол тосып, тон тонапты; аты шулы қарақшылардың аламандық ерліктері ел аузында жыр боп қалыпты. .....
Өзеннің екіге бөлініп ағатын сағасынан жақында ғана кен зерттеушілер титан элементі кездесетін рутил минералын тапқан. Бұл адам айтқысыз зор байлық болатын. Бірақ кеннің негізгі желісі өзеннің тармақтанып, теңізге барып құятын оң жақ саласының астында болып шықты. Енді тек осы мол қазынаның үстіндегі суды тоқтатып, қабат болып жауып жатқан әк тасынан аршып алып, бай минералға жету ғана қалған еді.
Үкімет титанның адамзаттың келешегіне, бейбітшілік ісіне зор маңызы бар екенін ескере отырып, осы Жарқын қойнауын пайдалануға асығыс түрде кіріскен-ді. Өзеннің оң жақ саласын құрғату үшін бөгет сала бастаған. Осы бөгет қасынан жаңадан рудник ашуды ұйғарған.
Рудниктің салынып жатқан жері — сұрғылт топырақты алан. Солтүстіктен күнбатысқа қарай аттың тағасындай дөңгелене келген, бірімен-бірі жалғаса біткен құлын жалды жоталар. .....
Ольга Ивановнаның тойында оның жақын достары мен жақсы таныстарының бәрі де болды.
Көзге түсер ештеңесі де жоқ, осы сияқты жай, қарапайым адамдарға күйеуге шығуының себебін ұғындырғысы келгендей, Ольга Ивановна күйеуіне қарай иек қаға сөйлеп, достарына:
— Қараңдаршы, өзінде бірдеңенің нышаны бар емес пе? — дейді.
Күйеуі, Осип Степанович Дымов, дәрігер, лауазымды кеңесші шеніндегі адам. Екі ауруханада бірінде штаттан тыс ординатор болып, екіншісінде прозектор болып істейді. Күнде ертеңгі сағат 9-дан түске дейін ауруларды қабылдап, палатасында қызмет етеді, ал түстен кейін конкаға мініп алып екінші ауруханаға барып, онда ауырып өлген адамдарды сойып қарайды. Өз бетімен дәрігерлік істен табатын табысы тым аз, жылына бес жүз сомдай-ақ. Міне, бар болғаны осы. Ол туралы басқа не айтуға болар? Ал енді Ольга Ивановна мен оның жақын достарын, жақсы таныстарын онша қарапайым адамдар деуге болмайды. Олардың әрқайсысының да өзінше көзге түсер ерекшелігі, аз да болса, атағы бар, аты шыққан көрнекті деп саналатын немесе, тіпті, саналмаған күннің өзінде де болашағына зор сенім артуға болатын адамдар. Бірі драма театрының әртісі, ел сыйлайтын ірі талант, сымбатты, ақылды, момын ғана адам, дауыстап оқуға өте шебер, Ольга Ивановнаны дауыстап оқуға үйреткен сол болатын; енді бірі опера әншісі, ақжарқын жуантық адам, ылғи Ольга Ивановнаға күрсіне қарап: сіз өзіңізді - өзіңіз қор қылып жүрсіз, егер ерінбей, өзіңізді қолға алған болсаңыз, тамаша әнші болар едіңіз ғой дейді; одан кейінгілері - бірнеше суретші, олардың ішіндегі тәуірі - жанрист, анималист, пейжазист Рябовский дейтін өте сұлу, ақсары келген жас жігіт, жасы 25-терде, ол көрмеде көзге ілінген өзінің соңғы картинасын бес жүз сомға сатқан; Рябовский Ольга Ивановнаның этюдтерін түзетіп беріп, бәлкім, Ольга Ивановнадан суретші де шығар деген болатын.Одан соң бірі — тартқанда асп.....
Бұлыңғыр күнде тынбай себелеген ақ жауын. Жер қара, дүние бозғылтым. Балдағын тас еденге тақылдатып Атымтай перронға тағы шықты. Жел тұрып, суық жаңбыр енді бетінен қарсылай шапалақтады. Мойнына сорғалаған жаңбыр суын елемей, ол поезд келетін батыс жаққа тесіле қарады. Келетін мезгілінен кешіккеніне үш сағаттан асып барады. Семафорға дейін ештеңе көрінбеді. Атымтай ақырын күрсінді де вокзалға қайта кірді. Әйелі Бибіғайша поездың жоғын ерінің томсарған қатыңқы реңінен байқады да, теріс бұрылып кетті. Жанында тұрған анасына таңдана, үрке қараған балдырған бөбегі Хасенді көтеріп алып, бауырына қыса, қайта-қайта бетінен, маңдайынан, тамағынан құшырлана сүйе бастады. Еріне қарағанда әйелдің бетінде қаншалық қайғы көрінсе, баласын сүйгенде оның жүзінен соншалық шаттық аңғарылады. Қайғысы, қуанышы аралас ұлан-асыр шаттық! Атымтай әйелінің мұндай түрін көруге шыдай алмай, далаға қайта шығып кетті. Әйелін, баласын осы шулы облыстық қаладан тез-ақ алып кетуге бар, әттең, поезд келмей-ақ қойды.
Рота командирі Атымтай Батыс-Теріскей майданында төрт жыл өмірін өткізді. Жеңіс күнінен бір жеті ғана бұрын аяғынан қатты жарақаттанып, ауруханаға түскен. Содан сентябрь айында ғана жазылып шықты. Кеудесі орден мен медальға толған жаралы ер соғыстан бұрын өзінің кен бұрғышысы болып жұмыс істеген руднигіне бармай, осы облыстық қалаға бірден тартқан. Оған себеп: өзі әскерге кетісімен туған бөбегін алып әйелі осы қалаға көшкен-тін. Атымтайдың бұл сапары — сол әйелі мен баласын іздеп келген беті. .....
Ордада төртеуінен басқа ешкім жоқ еді. Төрде Батуханның немересі Тоғырылшадан туған Өзбек пен Өзбекпен бес атадан қосылатын Тамғамның баласы Құтлық Темір әмір отырған. Өзбектің оң жағында Орда иесі Алтын Орда ханы Тоқтайдың үлкен ұлы Елбасмыш, ал Құтлық Темірден сәл төмендеу, оның сол жағына бас әмірші Қадақ орналасқан.
Осы Тышқан, яғни 1312 жылы Алтын Орда ханы Тоқтай дүние салған. Сонау Өргеніштен Өзбек пен Құтлық Темір көңіл айта келген. Өзбек ол кезде, қазіргідей толықпаған, сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт еді. Әдемі қоңырқай даусымен оқып отырған жаңа үйренген құранын аяқтай бергенінде ол кенет Құтлық Темірдің оқыс қозғалғанын көзі шалып қалды. Сөйткенінше болған жоқ, сол сәтте-ақ Елбасмыш пен екеуінің қарсы алдына, өткір қылыш алып түскен Қадақтың басы топ етті. Басынан айырылған дене кеңсірігінен қан бұрқырай атып, бір орнында тыпырлады да қалды. Ал Өзбектің қарсы алдына түскен Қадақтың буырыл сақалды басы бір сәт оған бірдеме айтқысы келгендей, көзі шарасынан шыға жасаурап, тілі әлденені былдырлай еріндері сәл ашылып-жабылып жатты да, кенет тына қалды. Сол мезетте Өзбектің өзінің де оң қолы сол жақтағы қынаптағы алдаспанның тұтқасын барып ұстады. Көз ілесердей уақыт өткен жоқ, жүзі ұстарадай қылшылдаған алдаспан жарқ етіп көкке бір көтерілді де, орғи сілтенді. Құран сөзін ұйып тыңдап отырған Елбасмыш Қадақтың басы келіп алдына түскенде шошып кеткен. Есін жиып ол үлгірген де жоқ, енді өз басы анандай жерге ұшып түсті. Бұның да денесі бір орнында тыпырлады да қалды. Өзбек орнынан ұшып түрегеліп, өзіне қарап тасырайып көзін алмай жатқан басынан бөлек қан-қан денесін алдаспанымен тартып-тартып жіберді.
Бассыз денесі тіріліп кетеді деді ме екен, бұнысы несі?.....
Жошы өлерінен бір жыл бұрын бесінші баласы Сибанға Орда мен Бату ұлыстарының шекарасы — Тобыл өзенінің батыс жағынан басталып Ырғыз, Жем өзендерінің бойларына дейін созылған кең даланы ұлыс етіп берген. Бірақ бұл өлке жеке Сибан ұлысы дегенмен сонау Бату заманынан Алтын Ордаға кіретін. Ақсақ Темірдің арқасында Ақ Орданың ханы болған Тоқтамысқа Сарай-Беркеге жетіп Алтын Орда тағын жаулап алу үшін, ең алдымен осы Сибан ұлысынан өту керек еді.
Бұл кезде Алтын Орда қайтадан бел алып қалған Сибан ұрпақтары бұны оңай өткізе ме? Ал Қыпшақ рулары ше? Бұлар да өз елінде әйгілі күш қой. Әрі олар Тоқтамысқа қалай қарайды? Бұған тағы ақ алдаспанның жүзімен, көк найзаның үшімен жол салуға тура келе ме?
Тоқтамыс Алтын Ордаға деген ең алғашқы жорығында осылай ойлап қатты қауіптенген. Бірақ оны Алтын Орда деген ұлы арман алға қарай жетектеген. Жолындағы дәулерді, айдаһарларды жеңіп сүйгеніне жетуді ғана тілек еткен ертегінің батырларындай Тоқтамыс, қандай бөгет болса да сескенбеуге бел буған. Және бұл жолының оң болуына Ақсақ Темірдің жәрдеміне қатты сенген. Мауараннахр секілді егін егіп, жер суғарған тұрғын жұрттың қит етсе шауып, мазасын ала беретін көршілес көшпелі елдерге Тоқтамыс тәрізді айтқанынан шықпайтын қол бала адамның хан болуы Ақсақ Темірге тиімді екенін бұ да жақсы білетін. Ал Ақсақ Темірдің көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол Тоқтамыстың шаруасы, бұл Ақ Орда ханының теңіз тұңғиығындағы асыл тастай жүрегінің түбінде жатқан, бір құпия сыры еді. Ол сырын ешкімге айтпаған. Тек әзірге Ақсақ Темірдің дегенінен шықпайтындай сыңай көрсете берген. .....
Ажал — үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?
Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?
Қара бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?»
Әбілқайыр ірбіз1 терісінің үстінде аунап түсті.
«Иә, өлім себу — Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жау жүрек ератын2 да осы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па?.. Иә, иә, сөйткен еді ғой. Қалай делінген еді сол бір тәртіп Ясысында?»
Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған. Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдында тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «Монғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы... Ол қайтадан оқи түсті: .....
Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән-салтанатпен ырғалып-жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп-өнген. Ана жатырында баланың бітуі сияқты сәті келген сағатта тіршілік белгісін бастап, тоғыз-тоқсан құбылып, ащы толғақ, ауыр азап ішінде туады. Олай болса, әрбір өнердің иесі болған ел сол өнерді туғызып өсірген анасы есебінде. Әрбір өнер өзінің туып-өсу жолында, анайы топырағы сияқты болған еліне міндетті. Ел тіршілігінің өткен күні сол өнердің бойы өсуіне қажет болған шарттың барлығын берген болады. Сондықтан елдің өз денесінен жаралған өнер әуелгі кезінде, өз елінің әдет-салтын, ұғым-нанымын, мақсұт-тілегін өзгеден бөлек пішінде, сол елдің өзіне ғана хас болған суретте қабылдайтын болған. Бұл хәлден тысқары жолмен өскен ешбір ел жоқ. Қай өнерді алсақ та әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды.
Бүгінгі күнде қазақ елі бір туыстың үстіне жетіпті. Қазақтың театры туатын мезгіл болды деген пікірге келіппіз. «Өзімізден бірдеме жасалса екен», — деген тілекті де тілейтін болдық. Сондықтан біз жаңағы айтылған жалпы сөзді екі салаға бөліп, соның екі тарауына да ойланып қарап, көз салуымыз керек. .....
Мен Дарджилинге жаңбырлы күні келген едім, Көше қыдыруға зауқым соқпады. Алайда үйде отыра беру де көңілді болмады.
Қонақ үйде тамақтанып алдым да, қалың табан бәтеңкемді, жалбағайлы плащымды киіп, не болса да көшеге шықтым.
Қала үстінде қалың бұлт төніп тұр. Жаңбыр шелектеп құйғандай. Құдай тағала әлемге топан суын қаптатып жіберген сияқты.
Мен есіз де көңілсіз Калькутта көшесімен жүріп келемін. Тұман мен бұлт патшалық құрған мына меңіреу дүниеден құтылғым келеді, шу-думаны бар жарық дүниеге шығып табан тіресем деймін.
Жақын бір жерден жылаған әйел даусы естілді. Қайғы-қасірет пен көз жасына толы бұл дүниеде жылау деген немене, дағдылы құбылыс емес пе! Мүмкін мен басқа бір ретте көңіл аудармай да өткен болар едім. Ал мына тұман мен бұлт өктемдік жасап тұрған бұлыңғыр дүниеде жылаған әйел даусы ғайып болған бүкіл әлемнің жоқтауы сияқтанып кетті. Мен өтіп кете алмадым.
Жақындай келе жол қапталындағы таста отырған, басында алтын түстес байлары бар қызыл киімді бір әйелді көрдім. Ақырын өксіп жылап отыр.
Бұл тегі көптен бері шемен болып көкірекке қатқан ескі құса болса керек. Торыққан көңіл, басқа түскен жалғыздық, мына бүгінгі күннің күңгірт аспаны — бәрі қосылып сол ескі дертті қозғап жіберіпті. .....
Оливер Твистің дүниеге келген жepi мен оның тууына қатысты жағдайды әңгімелейді
Толып жатқан себептерге байланысты атын атамай-ақ қойғанды жөн көріп, әрі ойдан шығарып та ешқандай атау бергім келмей отырған әлдебір қаланың қоғамдық мекен-жайларының арасында көптеген үлкенді-кішілі шаһарларда кездесетін үй — жұмыс үйі тұрды. Тап осы жұмыс үйінде, — оқиғаның осы бір кезеңінде оқырман үшін ешбір маңызы болмағандықтан айы мен күнін көрсетіп әлекке түсіп жатпай-ақ қояйын, — есімі осы тараудың басында аталған пенде дүниеге келді.
Оны приход дәрігері1 осы бір қайғы-мұң жайлаған әлемге алып келгенде, қандай да болмасын бір ат қою үшін баланың тірі қалар-қалмасы тым күдікті көрінді: негізінен алғанда бұл мемуарлар ешқашан жарыққа да шықпас еді, егер шыға қалғанда да екі-үш беттен аспас еді де, осындайлық баға жетпес сапасының арқасында кез келген ғасырлар мен кез келген елдің әдебиетіндегі барлық сақталып қалған өмірбаяндардың ең қысқа да, ең шыншыл үлгісі боп қалар еді. .....
Жастық жылдардың аумалы-төкпелі, бейжай күндері — елеусіз бір дүние. Менің көзіме жастық шақтың тек қана жылы шуақты, тамаша кезеңдері елестейді. Бейкүнә балалық, шақтың ебедейсіз, сәтсіз һәм беймаза күндерінің өзін мен дайын тұрған бақытқа ешқашанда айырбастамаған болар едім...
Мың тоғыз жүз қырық екінші жылдың ауыр айлары ілбіп өтіп жатты. Соғыс жылдарының қытымыр, көңілсіз күндері өкпеге түскен құрттай тіршіліктің ажарын алған. Әншейінде будақтап тұратын ауыл оттары бұл күндері жалқау көлеңдейді, сөніп бара жатқанға ұқсайды. Арбалардың доңғалағы қиралаңдап жолдың ыстық шаңын аспанға көтереді. Оған жегілген арық аттар аяқтарын сылбыр басып, жүре ұйықтайды. Майданға кеткен ересектердің ауыр кетпені жас өспірімдердің иығына батты. Бірі тары суырып, бірі мақта баптап, әркім өз ісімен әбігер. Есік-терезесі аңғал-саңғал иесіз мектепті көлеңкелеп сиырлар тұр.
Көше бойлап жүре қалсаңыз, көңілсіз жәйттерге тап боласыз: қыр-қыр еткен қол диірменнің мылқау үні, келі-келсаптың тақ-тұқ еткен қатқыл даусы қазан басының, жомарт дастарқанның сәнін кетіріп, қалың ауыл-аймақты құлазытып жіберген. Жұрттың қорегі шай мен жүгері талқан, қара тентек, қала берді быламық...
Күзге қарай Маңқыстау табиғаты күрт өзгерді. Күн әдеттен тыс суыта түсті. Далалықтан соққан суық жел кейде бет қаратпайтын болды. Түрікмения, Азербайжан сияқты жылы жақтан келгендер бұл түбектің қатал табиғатына көпке дейін көндіге алмай жүрді. Суыққа шыдау қиын болды. Бізге бәрінен қиыны парафинді мұнайлық ағуы еді.
Июль айында, тамылжыған шілденің ыстығында жіберілген мұнай бастапқы қарсаңында көп сыр бере қойған жоқ. Жедел ағып жатты. Қоюланған майды насоспен кідіріссіз айдап келдік. Бірқатар ұсақ-түйек қиындықтар жүре түзеліп кеткен. Алайда, алғашқы салқын түсісімен үш-бес шақырым қашықтықтағы скважиналар өз өнімін топтық қондырғыға жеткізе алмай «қақала» бастады. Олардың бойындағы қатып жатқан парафинді мұнайлы агрегатпен айдап, жылжымалы бу қондырғылар арқылы жібітіп отыратын күйге түстік. Бірақ бұл амалымыз да ұзаққа бармады. Бір жерден жібітіп жіберсең екінші жерден қатады. Күн суыған сайын құбырлардағы мұнай түгелдей қатып, өнім беру тоқтап қалуға айналды. .....
Махаббатқа деген ешбір әлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық ғашықтық болуы мүмкін емес.
— Сіз солай ойлайсыз ба?
(Театр фойесінде естіген сөз)
Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дәл қазір тікенек боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады. Әлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сәл тұрады да, қайтадан жүріп кетеді. Және осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалғалы тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дәл осы сәтте кеудесінен біреу итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында ойын добы тәрізді ұзақ жүрді. Өзі де әбден шаршады. Сонда да жүріп келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тәрізді. Аялдар емес. Сонда осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет және жай қасірет емес, жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартқан, ақылынан мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті еді. .....
Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдың аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Бірақ ауа райының хабаршылары бүгін жиырма бес градус ыстық болады деп айтқанымен, жаз жиырма бесі мен күз жиырма бесінің жалыны бірдей болмайды екен. Жаздың мұндай күндерінде шолақ жең көйлек киген көше жаяулары жандарына сая таппай дедектейтін еді. Қазір де көйлекшеңдер көп кездескенімен, бірсыпыра жұрт иықтарына костюм іліпті, бәрі де аяқтарын асықпай басатын болыпты.
Күн әлі де едәуір ыстық болғанымен, сары күздің келгенін сары ала жапырақтар айқын аңғартқандай еді. Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті.
Комсомол көшесінің қиылысындағы «Ювелирторг» магазинінен өткеннен кейін, үйлердің номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа қарай бер деп түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ақ сырмен 117 деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім.
Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды әлде бір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жатқан ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл осындай болып, көңіл қобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін, дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін.
Біреу қызыл шұнақ үскірік қысты не сағыныштай сарғайған алтын күзді, болмаса шат көңілдей жазды жақсы көреді. Ал кей кісі төрт мезгілдің басы, тоқсан тілектің тоғысқан шағы хош иісті көктемді сүйеді.
Бұл бір қуаныш нұрына бөленген ғашық жүздер, махаббат көздер молая түскен шақ. Әлем біткен қырмызыдай сәнді келеді. Дымқыл тартқан жер бетінде көк балауса, бетеге, киік, марал, қаз оттары ду ете көтерілген. Жайшылықта иіс бермес аюбалдырған, әйбатмия, сасыр, шетендердің өздері де жұпар аңқиды. Жоқ, олар көктем исімен мұрныңды жарады. Қыс бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы суреттердей жадырай қалған. Бастарына әнші құстар қонып, құлпырған көктемді құттықтап, жаныңды жай тапқызатын шаттық үндеріне бөлеген. Өткен күзде ұшып кеткен жыл құстары, қайта оралып, қиқу салып жер мен көкті базар еткен. Күміс көлдер, көгілдір өзендер үстінде жыпырлай жүзген аққу, қаз, үйрек. Олардың у - шуына, қоңырлата сыңси салған әндерінен құлақ тұнады. Жанаргүл, қозыгүл, лала, меруерт гүлдер қауызын ашып үлгірмесе де қызғалдақ, сарғалдақтар үкілі бастары сылаңдап көздің жауын алады. Сай - салада, сылқ -сылқ күліп былдырлай аққан қар суы, мұз бұлақтар. Дүние анасынан жаңа туғандай жасарған. Осы бір керемет сәнге бөленген әлем, өзінің ғажайып ән - күйімен сенің жаныңды, қиялыңды қуанышымен әлдилеп, .....
Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың кеш көрінді.
Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.
Күн сәулесіне шомылған кештің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ......
Алдарында қызылды-жасылды көркем кілемдер жаюлы жатыр. Coның ішінен бұлар екі Брюссель кілемін бірден ұнатқанымен, өзгелерінің де бояуы мен өрнегі ерекше еліктірді. Қызықтырмай, сірә, қояр емес, әттең бағасы тым қымбат. Бөлім бастығы бұларға ерекше сый көрсеткісі келгендей басы-қасында өзі болды; әйтсе де қыз осыншама құрмет өзіне емес, Джоға бола көрсетіліп жатқанын біліп тұр, жаңа ғана екеуі жоғары көтерілген кезде лифтер бала Джодан көзін ала алмай аңырайып қарап қалған жоқ па. Тіпті қаланың батыс жағындағы өздері тұратын кварталдың бойымен екеуі өте қалса, көшедегі бала-шаға, жастар тап осылай таңырқаушы еді ғой.
Бөлім бастығын телефонға шақырып әкеткен кезде қыз көңілін де бағанадан арпалысқан екі ой — әдемі кілем алсам деген арман мен көп ақшам кетіп қалады-ау деген қызғаныш сәл серпілгендей болды да, оның орнына жүрегіне тікенше қадалған бір түйткіл тағы оралды.
— Мен түсіне алмадым, Джо, соншама сен қызығатын не бар еді онда,— деді қыз ақырын ғана, бірақ өжет үнменен бұл тегі екеуінің осының алдында ғана келісе алмаған бір талас сөзінің жалғасы болу керек.
Жас балуанның бала сықылды сүп-сүйкімді жүзінен болар-болмас реніш колеңкесі жылжып өткендей болды да қас қаққанша қабағы жадырап сала берді. Жаңа салған ұясына жасау іздеп, өмірдің табалдырығынан енді ғана аттағалы тұрған бұл екі жан өндірдей жас еді, жігіт әлі жас бала тәрізді науша болса, қызды сары ауыз балапан десе болғандай.
— Ренжімесең қайтеді? — деді жігіт.— Бұл менің ең, соңғы. тіпті ең ақыры кезегім ғой.
Ол осы сөзді айтты да, жымиып күлді, бірақ қыздың құлағы оның күлкісінен болар-болмас өкініш лебін шалғандай болып, әлденеге жүрегі қысылды; ғашығын қызғыштай қоритын әйел затының қызғаншақтық әдеті жеңген қыз өзі үшін жұмбақ болып жүрген, бірақ жігіттің аусарын аударып әкеткен осы бір құмарынан секем алып сескене беруші еді.
— Өзің білесің ғой, О'Нейльмен кездескеннен кейін мен мамамның үйіне бересі борышын түгел төлеп құтылдым.— Сөйтіп бір уайымнан арылдым. Ал Понтамен бүгін кездессем, жүз доллар жүлде тағы алам, жүз доллар дегенге түсінемісің! Оны түгелімен жасауға жұмсаймыз.
Қыз бұл арада тиын есептеу ерсі ғой дегендей қолын бір сермеді.
— Сен рингіге соншама құмарсың. Соның себебін білуге бола ма?
Жігіт сөзге шорқақ долаң еді. Жұмыста тілі орнына қолы жүрсе, рингіде де бұлтылдаған бұлшық еттері мен бүткіл денесі түсінгенге ойнай сөйлейтін, бірақ рингіге неге құмар болғанын өзі де айта алмайды. Дегенмен бар білген-сезгенін айтпақ болып, күмілжи, тұттыға сөз бастады, күрес кезінде, әсіресе айғай-сүрен көтеріліп, арқасы қозғанда өзінің қандай халде болатынын түсіндірді.
Алда келе жатқан жігіт француз кілтімен есік ашты. Оған ерген жас жігіт, табалдырықтан аттамас бұрын, әлденеге қолапайсызданып, жұлқа тартып, басындағы кепкасын қолына алды. Оның жұпыны шидем киімінен теңіз лебі аңқиды; кең холлға кірген кезде бұл жігіттің не қылса да берекесі қашайын деді. Кепкасын қайда қоярын білмей, қалтасына енді жытырғалы жатқанда серігі жайраңдап, өзімсініп, қолынан кепкасын ала қойған еді, оның бұл қылығы жігітке ұнап кетті. «Жағдайға түсінетін жақсы жігіт екен, тегі, ұятқа қалдырмас»,— деп ойлады ішінен.
Еденді жоғарылы-төмен теңіз теңселтіп тұрғандай ол найқалып, аяғын нығарлай басып, серігінің соңынан жүріп келеді. Алшаңдаған алпамсадай жігітке дағарадай бөлме тар көрінді — ол есіктің жақтауын иығыммен қағып кетер ме екем немесе каминнің үстінде тұрған жылтырауық-жарқырауықтарын ұшырып жіберем бе деп зәресі қалмады. Олай-бұлай орынсыз бұрыла бергендіктен, қайдағы жоқ бәлеге өзі бас болды. Рояль мен үстінде үйіліп көп кітап жатқан столдың арасынан алты адам еркін өтер еді, сол арадан әлденеге сасқалақтап, бір өзі әрең өтті. Соқталдай болып солбырайған екі қолын қоярға жер таппағандай. Бірде стол үстіндегі кітаптарды қағып кетем-ау деп, үріккен аттай орғып түскенде, рояльдің түбіндегі орындықты құлатып кете жаздады. Ол алдында алаңсыз еркін жүріп келе жатқан серігіне қарап, өзінің арпыл-тарпыл жүрісін ерсі көрді. Екі беті оттай дуылдап кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты, сәл кідіріп, орамалымен күнге күйген қоңырқай бетінің терін сүртті.
— Кешікпеймін. — Мен жастығымның астындағы «штамповкі» сағатымды алып қарайым. Әлі ерте. Сағат екі жарым. Кенсе ашылатын уақытқа әлі аттай біржарым сағат бар.
— Сенің со сырқылдағың тұрып қалған шығар, үйдің іші жап-жарық қой, — дейді апам.
Тайдың тұяғындай дөңгелек қалта сағатымды жалма-жан құлағыма тосамын. Жоқ, натидың ескі моторынша тарс-тарс ұрып тұр. Жазда апам арқалап қауын сатқан ақшасына тамағынан жырып, «сабақ бергенде уақытты біліп отырасың» деп, сатып алып беріп еді. «Отқа салсаң күймейтін, суға салсаң батпайтын, тасқа ұрсаң сынбайтын, өмір бойы тұрмайтын ғажайып сағат! Алып қал! Алып қал! Алмасаң да көріп қал!» деп жылмаңдатқан бір ақсақ саудагерден алғанбыз. Қу саудагер бізді алдап соққан екен, «ғажайып сағат» базардан шыға бере сыр берді... Өмірімде түңғыш сағат ұстаған менің екі езуім екі құлағымда. Кеудем де сағатпен қосыла дүрсілдейтіндей. Қуанғанда мұп-мұздай шойында ысып кете ме дедім, біресе он уысыма, біресе сол уысыма қысып келе жатқан сағатым жаңа туған тауықтың жұмыртқасы секілді жып-жылы. Бір мезетте соғысын байқайыншы деп құлағыма тосып едім... түк дыбыс жоқ. Сағат тіліне қарасам, ол да қаңтарылған аттай сілейіп қалған. Дереу апам екеуміз ізімізше базарға жүгіріп, әлгі саудагерді іздеп шарқ ұрдық. Ізім қайым жоқ, суға батып кеткен қара тастай. Біздей ашық ауызды алдап соққан алааяқ тұратын ба еді. Сан соғып қалғанымызды көргендер мүсіркеп жұбатып жатыр. Бір шалғы мұртты қазақ: «Шырағым, бұл штамповкі деген сағат болады, мезгілсіз шақыратын тауық секілді» деп сағатымды сілкіп-сілкіп қолыма берді. Сағат «кеудесі» зырқылдап қайта соқты. Амал қанша, өкініштен ішіме шоқ түскендей кете барғанмын.:. Мынау сағат, сол штамповкі. Тоқсан бір сом төлеп сағатшыға жөндетіп алғанмын. Сөйтсем де қара басып тұрын қала береді. Талай-талай ұятқа қалдырғаны бар.
— Тоқтамап па?—дейді апам шыдамсызданып тағы да.
— Тоқтамапты, апа.
Мен анамды апа дейім. Жұрттың бәрінің анасы солай ма, әлде жалғыз менің ғана анам ба, әйтеуір оның менен тек шығарға жаны бөлек. Бір минут көз алдынан таса қылғысы келмейді. Көзінен тайсам адасып кететін құттай баладай көреді де тұрады. Маған мұрт шыққанында шаруасы жоқ. Әкемнің айтуынша, әлдеқашан отау иесі, сабаудай жігіт болдым. Апамның емшектегі нәресте құсатып өбектегенінен ұялам... Кейде кісі көзінше-ақ жүз айналып, мың толғанатынын қайтерсің. Ондайда шыным, жердің жарығы болса соған кіріп кеткім келеді. Бірақ, қанша қысылғанмен ішім жек көрмейді. .....
Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Жаз айында суы кеміп, кей тұстары жиегіне қамыс, құрақ, арагідік шоқ–шоқ шілік өскен бірде тұщы, бірде ащы үзік–үзік қара суға айналады. Жағасы биік әрі құлама болғандықтан, суаттан басқа жері тіршілікке қолайсыз. Елдің көбі жайылым қуып, шашырай қонып, ауыз суды құдықтан ішіп, малды да құдықтан суарып әдет қылған. Қыста қар — суымен күн көреді. Әсіресе егіні жоқ, бірыңғай мал бағып, құм жайлаған шаруалардың өзен суына күні түсіп көрген емес. Әйтсе де солардың өзі «биыл Жыландының суы аз екен» десе, айдалада отырып уайым қылып, «көп екен» десе, «е, бәрекелді» деп қуанып, шүкіршілік етіп отырады.
Сол Жыландының «арғы бет» деп аталатын түстік аймағында елді мекеннен тым жырақ қоныстанған жалпақ ауыл сырттан келген адамдарға өздерін: «Қосымнан тараған бір атаның балаларымыз ғой», — деп таныстыратын. Бірақ қосым қайда, біреу қайда, бұл күнде біраз ата бір–бірімен қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы — жиенді күйге ауысқан; жиын кеңесте бірін–бірі қажамаса отыра алмайды. Еріккен шалдар таяғымен жерді шұқып қойып, әлдебіреулерге: «Шірік неме, сені бүлдірген анау шөккен түйеге міне алмайтын жаман әкең ғой, сірә», – деп; егер пысықтау біреу болса: «Өзің бізге тартып адам болып жүрген шығарсың, егер аталарыңа қараған күн болса, біржола жынды болып кетер ме ең», – деп кеңк–кеңк күліп, қажаған адамының шақшасын сұрап, насыбай атысып отырар еді. .....
Алматының Пастер көшесімен жүре қалсам, осынау астынғы қабаты белуардан жерге батқан ағаш үйді, осынау бір жағына қарай қыңырайып, қисая бастаған көне ағаш қақпаны көргенде, менің есіме Гауһар түседі. Сондағы бастан кешкен уақиғалар тізбектеліп көз алдыма келеді. Жүрегімде діріл пайда болады.
Біз Гауһармен дәл мына арада кездесіп, танысқан едік. Ол, әне, апа жерде қақпаға сүйеніп, бізге күлімсірей қарап тұрған. Жұп - жұмыр уыз мойнында күн нұрына шағылып, жалт -жұлт еткен ұсақ шынжыр баулы әсем медальон.
Бәрі: көше де, үй де, түбіне шірімес үшін тас орнатып, бағандарды сол тасқа бұрандалап бекіткен қаракөк ескі қақпа да сол сондағы қалпы. Тек Гауһар жоқ. Бәрі шын болғанда, Гауһар ғана елес...
Мен осы арадан әрлі-берлі өткен сайын Гауһардың қарасы жарқ ете қалатындай - ақ қақпадан ішке елегізіп, қарап. өтем. Жоқ, жарқ ете қалмайды.
О, Гауһар, қайдасың? Барсың ба жер бетінде? Бар болсаң, неге кездеспейсің? Жоқ әлде ұмыттың ба сен мені? Менің атымды жүрегіңмен мәңгілікке сызып тастадың ба? Жо, жоқ! Олай болуы мүмкін емес.
2
Соғыс кезі. 1943 жыл. Іске татыр естияр еркек кіндіктінің бәрі дерлік армияда. Ауылда қатын-қалаш, шал - шабыр, ауру сырқаулар қалған.
Мезгіл жетпей үзілген көк жемістей соғыс бізді, балаларды ерте есейтті. Әкелеріміз бен ағаларымыздың еңбектегі қаңырап, босап қалған орымдарына, шамаларымыз келсін, келмесін жарбиын, біз ие болуымызға тура келді. Қазекем бұндайда «ит жоқта шошқа үреді қораға» дейді.
Сондайлардың біреуі мына менмін. Содан бір ғана жыл бұрын тоғызыншыны атүсті бітіргеніме, педагогиканың иісі мынау тәмпіш мұрныма кіріп те шықпайтынына қарамастан, дырдай мұғалім атанып, өзіміздің ауылда, жеті жылдық мектепте aнa тілінен сабақ берем.
Жаз шықты. Оқу жылы аяқталайын деп қалды. Директорымыз күрк-күрк жөтелген көксау шал адам. Әлгі бір күні: .....
Есіл ерлер! Сендерге Алатаудай ескерткіш орнатса да лайық...
Онымен де орындарың талмайды... "Талапты" ауылынан қан
Автор
I
Арай бүгін ала сиырды жаңа түскен келініне сауғызды. Шашағы кере қарыс қыжым орамал бүркенген келін екі күн бойы шымылдық ішінде отырып еді, бүгін енесі оны ерте тұрғызып, тұңғыш рет үй шаруасына қосты.
— Сиыр сау, келін. Өз малыңа ие бол енді, — деді.
Арайдың арманы көп еді. Көбелек қуған баладай көп жүгірді.
Біреуіне жетті, біреуі жеткізбеді. Әсіресе аңсағаны — келін түсіру еді. Дәл бір өзі қайта жасарып, жас келін дәуренін өзі бастан қайта өткерердей күтті ғой бұл күнді. Ауылдас абысыны Зергүл:
— Әй, байғұс, сенде де арман бар ма. Бейнеттен босап жаның кіріп қалды-ау. Біздің Туған бір шүйкебас тауып, мен келін түсірер де күн бар ма екен! — деп күрсініп кетті. — «Рең -басы да түлкінің баласындай сүп-сүйкімді екен. Бізге қандайы жолығады?»
Кейде қалжың ретінде барлық кінәні Чарли Ферасетке арта салсам да, шындығында, бұл қырсық үшін кімді жазғырарымды білмеймін. Оның, Чарлиді айтам да, Тамальпайс тауының етегінде, Милл-Вэлиде саяжайы бар еді, бірақ ол онда бос уақытында Ницшені немесе Шопенгауэрді кеміріп жату үшін тек қыста ғана тұратын. Ал жаз шығысымен қапырық ыстығы мен қара шаңы қолқаны қабатын қалаға қайта оралып, қыс бойы үйіліп қалған бар шаруасына шабыттана кірісіп кететін. Егер мен оған әр сенбі сайын барып, дүйсенбіге дейін жанында жүретін әдетім болмаса, осы бір қаңтар айының қақаған суығында, Сан-Франциско шығанағында мұндай қырсыққа тап болмас па едім, кім білсін.
Мен мініп шыққан "Мартинес" кемесін тым сенімсіз деуге келмейтін; бұл жаңа пароход Саусалито мен Сан-Франциско арасындағы өткелді осымен не төртінші, не бесінші рет кесіп өтіп келе жатқан. Шығанақ үсті қалың тұман еді, қауіп деген бәленің сол тұман ішінде қара мысықтай бұғып жататынын қайдан білейін, .....
Бұрынғы өткен заманда бірнеше тайпа елге үкім жүргізген Хакім деген хан болыпты. Оның қарамағында алты шаһар бар екен. Қарауындағы алты қаланын ең салтанаттысы, сәндісі Әсем қала деген шаһар екен. Бұл қалаға мешіт медресе, ғылым оқуы деп, екі түрлі оқу орнын салдырыпты. Ғылым оқуын Сандал деген ғалымға бастатып, оның қол астына отыз ғалым беріп, сол тайпадағы бай, ақсүйек молда, қожалардың балаларынан шәкірт жиып беріпті.
Бұл оқудан кедей-кепсектердің баласы оқи алмайды. Оның мәнісі: оқуға келген шәкірт үш мың ділдәні Сандал ғалымға беруі керек екен. Ол ақшаны шәкірттердің киім, тамағына жұмсайды және оқытушы ғалымдардың еңбек ақысына береді. Үш мың ділдәні кедейге кім берсін, кедей балалары бұл мектептен оқуға шамалары жетпейді.......
Жамбыл Жабаев– өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған "Шағым", ақындық жолына рұқсат сұраған "Әкеме", "Менің пірім Сүйінбай" деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – "Айкүміспен айтысы", сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды.....