Ілияс Есенберлин | Алтын орда III кітап


БІРІНШІ ТАРАУ

Жошы өлерінен бір жыл бұрын бесінші баласы Сибанға Орда мен Бату ұлыстарының шекарасы — Тобыл өзенінің батыс жағынан басталып Ырғыз, Жем өзендерінің бойларына дейін созылған кең даланы ұлыс етіп берген. Бірақ бұл өлке жеке Сибан ұлысы дегенмен сонау Бату заманынан Алтын Ордаға кіретін. Ақсақ Темірдің арқасында Ақ Орданың ханы болған Тоқтамысқа Сарай-Беркеге жетіп Алтын Орда тағын жаулап алу үшін, ең алдымен осы Сибан ұлысынан өту керек еді.

Бұл кезде Алтын Орда қайтадан бел алып қалған Сибан ұрпақтары бұны оңай өткізе ме? Ал Қыпшақ рулары ше? Бұлар да өз елінде әйгілі күш қой. Әрі олар Тоқтамысқа қалай қарайды? Бұған тағы ақ алдаспанның жүзімен, көк найзаның үшімен жол салуға тура келе ме?

Тоқтамыс Алтын Ордаға деген ең алғашқы жорығында осылай ойлап қатты қауіптенген. Бірақ оны Алтын Орда деген ұлы арман алға қарай жетектеген. Жолындағы дәулерді, айдаһарларды жеңіп сүйгеніне жетуді ғана тілек еткен ертегінің батырларындай Тоқтамыс, қандай бөгет болса да сескенбеуге бел буған. Және бұл жолының оң болуына Ақсақ Темірдің жәрдеміне қатты сенген. Мауараннахр секілді егін егіп, жер суғарған тұрғын жұрттың қит етсе шауып, мазасын ала беретін көршілес көшпелі елдерге Тоқтамыс тәрізді айтқанынан шықпайтын қол бала адамның хан болуы Ақсақ Темірге тиімді екенін бұ да жақсы білетін. Ал Ақсақ Темірдің көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол Тоқтамыстың шаруасы, бұл Ақ Орда ханының теңіз тұңғиығындағы асыл тастай жүрегінің түбінде жатқан, бір құпия сыры еді. Ол сырын ешкімге айтпаған. Тек әзірге Ақсақ Темірдің дегенінен шықпайтындай сыңай көрсете берген. .....
Әңгімелер
Толық