Ғабит Мүсірепов | Тастың әңгімесі

Мен қара мрамор, қара таспын. Адам қолынан өткен соң айнадаймын. Алдымдағының бәрін көремін, түгел көремін. Адам күнге қарай алмайды. Мен қарай аламын. Адам қызыға қарайды, қуана қарайды, қорқа қарайды. Мұның бірі де дұрыс көру емес. Менде ондайдың бір да жоқ, мен анық көремін. Мен түнде ғана көре алмаймын.

Мен қара мрамор, қара таспын. Көргенімді ғана айта аламын. Мен адамның қуанышын да сезінбеймін, қайғысын да сезінбеймін. Менде көргенімнен бұзылар көңіл де жоқ. Мен қалай көрсем солай ғана айта аламын. Менің куәлігімнен адам өзі қандай қорытынды жасар, оны адамның өзі білсін.

Ол мейрам күні емес-ті. Бұл кезде бұл елде мейрамға ұқсар еш нәрсе жоқ-ты. Соғыс салмағынан жаншылып, жеңіліс азасын енді ғана сезіне бастаған ел езу тартуға ұялатын. Менің алдымнан ылғи жабырқау адамдар өтіп жатты. Көпшілігі балғын жастар, оқушылар, әйелдер мен кәрілер. Жемірілген өкшелер, жырым-жырым шалбар балақтары өтіп жатты. Қабақтары түюлі, үсті-бастарына қара май, көгалжім, сарғылт бояулар жұққан, шалбар тізелері бұлтиып кеткен жұмыскерлер мана, күн шықпай өткен.

Соғыстан бұрын қыздар менің тұсымнан өткенде көздері бір жарқ етіп қалушы еді, қазір ол да жоқ. Балалар мойны жіңішкерген, әйелдер еңсесі түсіңкі, барлық адам кішірейіп, шөгіп кеткен. Бірен-сарандаған соғыс машиналары үн шығармай, ұрланып қана кетіп барады. Бұған дейінгі кеудем соқ, әлгі жүрістің уақыты өтіп кеткендей.

.....
Әңгімелер
Толық