Жұмағали Саин | Ырысбай мен Балдақ

Күн кешке айналса-ақ, шеткі құрым үйдің қасынан күңгірлеген домбыраның қоңыр үні шығады. Домбыра қоқыр күймен ақырын ғана сарнап ызың қағады да тұрады. Оның даусы серпіліп жоғарыға шырқайды. Баяулап төмен де түспейді, бір қалыппен ырғалып, күңіренеді де тұрады.

Бұл дауыс, бұл күй, бізге көптен таныс, көптен құлағымызға сіңген күй. Оны кім тартып отырғанын біз кісіден сұрамай-ақ білеміз.

Кешке домбыра тартылып қоңыр күй шықса Ырысбай қарт екен дейміз. Домбыра тартылды дегенше-ақ, Ырсекең қасына баралық деп жүгіре жөнелеміз...

...Міне, домбыра даусы шықты. Біз жиналып алып соған қарай жүрдік. Күндегі домбыра, күндегі күнмен талас тартылатын қоңыр күй, күндегі ыңыранып ән салатын Ырысбай қарт, оның тартатын күйінде де, отырған отырысында да өзгеріс жоқ. Кірлеген ақ домбырасы қолында; теңселіп, ыңыранып отыр.

Ағытылып айтылып отырған өлең де жоқ, толықсып көкке өрлеп құйқылжыта салған ән де жоқ. Тек қана ыңыранған өлеңнің, баяуланған әннің жобасы, сарыны ғана.

Осылай отырған Ырсекеңнің қасына келіп сәлем береміз. Ол иек қағады да қояды. Келген бізді көзінің астымен бір шолады да домбырасын тарта береді.

— Беу, Ырысбай-ай, неғып күңірентіп отырсың домбыраңды,— дейді. қасына келіп, Жанақ.

— Еріккеннен тартып отыр дейсің бе, несіне сұрайсың соны,— дейді қарт. Кәрі саусақ пернеден пернеге жүгіріп, қоңыр күйді баяулатып тарта береді. Ол домбыра тартып отырғанда, ыңырсып домбыраға қосылып отырады. Анда-санда көзін жұмып бала тербетіп отырған адамдай-ақ теңселіп, ырғалып қояды.

Ырысбай қарттың қоңыр күйін, біз бала шағымызда тыңдадық қой, сондықтан оның толық мәнісіне түсінбейді екенбіз. Тек қана өзді-өзіміз ойнағанда Ырысбай болайын ба деп, ақ ағашты қолымызға ұстап еу-еу деп ыңырсу үшін, терең ойлы кәрияның қызық мінезін келемеж ету үшін ғана оның қасына жиналады екенбіз. .....
Әңгімелер
Толық