Есей Жеңісұлы | Жесірлер

1. «Сағындың ба?»

Мамырдың мамыражай бір күні еді. Мал төлдеп бітіп, шаруа адамының қолы қалт босаған шақ. Сөйтсе де, ауылдың ұсақ-түйек шаруасы біте қойсын ба, істеймін десең екі қолға бір жұмыс табылады. Гүлсім де үйде жалғыз отырудан зерігіп, қора жаққа беттеді. Бадаға кеткен сиырлардың астын тазарту керек. Бұл өлкеге нағыз көктем мамырды орталап келетін әдеті. Сонда ғана Жер-Ана бусанып алып, бауырын тіле еккен көкке нәр беріп, еркін тыныстап жатқаны.

Ұлының күпәйкесін кие салып еді, сәлден кейін ыстықтай бастады. Басындағы орамалы көзіне қайта-қайта түсе беріп шаршатты. Гүлсім күпәйкені шешуге асықпады. Көктемгі желемік желмен ойнауға болмайды, ертең бүйірден ұстап қалса, бәле сонда басталар. Орамалының сулығы самалмен тербеліп, қытығын келтірген соң, Гүлсім оң жақ езуімен тістеп алды. Епсекті қолы күректі әрі-бері тез аударыстырып, ретті қимылдайды. Бір мұңды әуен тілінің ұшына келе берген. Сәлден соң Гүлсім өзінің жайлап сол әуенді ыңылдап жүргенін аңғарды.

Қыздарының бәрі тұрмысқа шыққан. Бұл күнде әрқайсысы бір-бір үй. Бірден-екіден жиен де сүйгізіп отыр. Бәрі алыста. Анда-санда ғана артынып-тартынып келіп, апталап жатып кетеді. Ондайда Гүлсімнен сергек, Гүлсімнен самдағай адам жоқ. Бұрынғысынша, Темірбегі тірі күніндегідей, жайнаң қағып жасарып кетеді. Жиендерінің бірін жетелеп, көршілерге кіріп-шығуы да жиілейді. Қалың ойдан еңсе жазып, қабағына сәуле ұялайтыны да осы кез. Амал не, қыздары кеткесін құлазып-ақ қалады. Кеудесінен ел көшкендей, боп-бос. Ал жалғыз ұлдың санасына ештеңе кіріп-шықпайтын сияқты. Ертелі-кеш бағатыны — қора маңы. Одан қалса кешкілік добын құшақтап, мектепте волейбол ойнауға тартып бара жатады. Анда-санда дастарқан басында отырғанда әкесі туралы сөз бастаса, ұлы ілесіп те жарытпайды. Үнсіз тыңдайды да, басын салбыратып отырып-отырып тұрып кетеді. Бірақ Гүлсім ұлының бұл қылығына ренжіген емес. Оның да соңғы кездері жиі ойланатынын байқап қалып жүр. Сырттай оқуға түскелі өзі кітап оқығыш болып алды. Сессия басталуына әлі жарты ай уақыт бар болса да, «киінемін», «әпкелерімнің үйінде жатып ағарамын» деп сылтау айтып, Алматыға алып-ұшып жөнелген. Анасының жалғыз қала беретініне әбден еті өліп кеткендей......
Әңгімелер
Толық