Дүние кезек

Ешкімі жоқ кемпір жалғыз сиырын сауып, сүтінен май жасап, оны көрші дүкенге өткізіп күнелтеді екен. Дүкенші кемпірдің адалдығына кәміл сенгендіктен одан алған сары майды таразыға тартпастан қабылдап ала беретін. Алайда бір күні ойына күмән ұялап кемпірдің өткізген майын таразыға тартуды ұйғарады. 1 кг. деп алып жүрген сары майдың 900 гр. болып шыққанында қатты ашуланады. Кемпірдің келесі келгенінде дүкенші: «Бұдан былай сізден сары май алмаймын» деп жазғыра сөйлеп, ашулы екенін білдіреді. Көңілі құлазыған кемпір «тыныштық па балам, кәрілікпен алысып жүріп байқамай бірдеңені бүлдірген шығармын, ағаттық жіберген болсам кешіре ғой» дейді. Дүкенші «маған өткізген майыңыз 1 келі емес 900 гр. болып шықты. Ұят емес пе мұныңыз?» дейді. Сонда кемпір: «Менде 1 келілік тас жоқ болғандықтан, сізден сатып алған 1 келі шекерді таразыға қолданып жүр едім» дейді. Әлгі жерде дүкеншінің қызарып, бозарғаны соншалық, кірерге тесік таппай тыпыршып қоя береді. Міне дүние кезек дегеніміз осы. Не ексең соны орасың. Адамдарға істегенің міндетті түрде алдыңнан шығады. Әрдайым жасаған игі ісіміз және көретін ізгілігіміз көп болғай! .....
Әңгімелер
Толық