Бейімбет Майлин | Бір суреттің тарихы

Аспан жүзін қаптаған күзгі сұр бұлт оқтын-оқтын қабағын түйгендей тұнжырап, себелеп бүркіп-бүркіп алады. Ысқырған ексімді жел арбиған қу қаңбақты домалатып, ескі апандарға, сай жырасына малша иіріп тыға түседі.

Дала иесіз. Көңілсіз.

Айдабол сайының жол етер кезеңінде бейнеусіз үйілген тезектей қиқайып, құммен көміліп бара жатқан тәрізденіп қараша үй отыр. Жел ішін тартып үйірілте соқса, қараша үйдің киізі қолп-қолп етеді. Үй ортасына жағылған от шалқи жанып, от басына төнгендердің көзінен сорасын ағызып, берекесін тым-ақ алып отырған секілді.

От басында екі әйел отыр. Қатпар бетті қара кемпір жаулығының шетімен көзінің сорасын сүртті де, бақшиып шаңыраққа қарады. Аспан жүзінің түнерген бұлты үрейді ала түсейін дегендей әлденеге түксие қалыпты. Кемпір ауыр күрсініп, аузы күбірлеп, жанында отырған жас әйелге қарады. Жас әйелдің бауырында бесік. Ажарында ауыр қайғының, кейістіктің ізі.

— Ұйықтады ма, сәулем? — деді кемпір.

— Ұйықтады.

Екеуі де үнсіз, отқа телмірумен отырды. Екі ортасында бесік. Іргеден соққан ызғырық жел отпен ойнағандай түтіннің ұйқы-тұйқысын шығарды. Тарамыс саусағы қалтылдап, кемпір бесіктің жабуын қымтай түсті. Бір кезде кемпірдің иегі кемсең қақты:

— Келінжан, не болар екен күніміз?

Жас әйел ақшыл беті сұрғылт тартқан секілденіп, мөлдір қара көзі жаспен көміліп, төменгі ерні әдеттегісінен сәл қымқырыла түскендей боп, үнсіз отырды да қойды...

Жел ызыңы бұрынғысынан да үдеп, жыртық киізді жұлмалап ойнағандай сілкіп-сілкіп қояды. .....
Әңгімелер
Толық