Бейімбет Майлин | Алғашқы сабақ


— Әй, қоясың ба, — деп Мінайдар басын көтеріп алды. — Жетті ғой... Кісіні орынсыз күйдіресің?!

— Мен бірдеме айтсам күйесің де қаласың-ау, — деп қатыны Маржанкүл, ашулы қарқыны басыла түсіп, күмілжіп сөйледі.

Маржанкүл бәсеңдеген сол Мінайдар да кенет келген ашуды ыдыратып, сұрланған бетіне аздап қан жүгіргендей болып, тікірейген көзін Маржанкүлден аударды. Кішкене үндемей отырды да, ашуының тарқай бастағанын білдіргісі келген адамдай:

— Кісі тіліне көп ересің, соныңа ашуым келеді. Болмаса ұрыс шығаратын осында не бар? Жалғыз мен бе, жұрттың бәрі де, барып жатыр, — деді.

Соңғы сөзді айтқанда Мінайдардың ашуы түгел тарап, қалыпты күйіне келіп еді. Маржанкүл осы қалпын сезгендей болып, о да бұрынғыдан жұмсара түсіп:

— Жұрттың бәрінің де барып жатқаны рас-ау, оның үшін ашуланбаймын ғой... Менің қытығыма тиетіні Сары шешейдің үйіне жиылатындарың, басқа үй құрып қалғандай соның үйіне жиналуын қарасайшы?.. Осы бар ғой, ойласам ішім от болып жанып кетеді. Сары шешей айтады дейді: «Қожалық өзімнің әмеңгерім. Қожалық тірі тұрғанда кетіктің басқасына мойын бұра алман» деп айтады, дейді. Сен үйіне барған соң екі кезін сенен айырмай қарайды да отырады ғой... Соның үшін күйемін, — деп Маржанкүл, жүнін түтіп отырып, Мінайдарға шын сырын айтты.

Мінайдар шынтақтап жатқан күйі, кеңкілдеп күлді. Кетік тісінен тілі жылмаңдап шығып тұрды.

—Ит-ау, кеше ұрысқанда сақалың сапсиып не бетіңмен барасың деген жоқ па едің? Енді бүгін екінші түрлі ғып үлгіртіпсің ғой...

—Оны айтқаным да рас еді. Кеше атам үйінен от алайыншы деп барсам, бірсыпыра кісілер жиналып, сөйлеп отыр екен ептеп құлағымды салсам, қауқылдақ үйіндегі қайнаға күліп: «Мінайдардың нағыз оқитын кезі ғой, тісі жаңа түсіп жүр» дейді. Соны есіткенде мүлде күйіп кетіп едім, деп, Маржанкүл бұ жолы күле сөйледі.

Манағыдай емес, екеуі де ашуларын тастап, жадырап сөйлесуге айналды. Шаруашылықтарын да сөз қып қойды жаздай жұмысқа жегілген жалғыз аттың ыңыршағы айналып, жегуден қалғанын, жалғыз бұзауға айырбастап алған қоңыр тоқтының салмалық етінің біткенін айтысты Маржанкүл ұнның біткенін, шайының соңын бүгін қағып салғанын айтты. Мінайдар ертеңіне қалаға бармақшы болды......
Әңгімелер
Толық