Асқар Алтай | Стақан

Қолына қалам алып, жинақтаған ойын қағазға түсіре бергені сол еді, тырс-тырс етіп терезе әйнегі шертілді. Жәнібек еріксіз жоғары қарады. Жертөле — “подвалда” тұратын Жәнібектің жанары кісі бойы биікке салынған жартыкеш терезені шолды. Үйдің тыстағы іргетасының бір бүйірінен жермен-жексен етіп тесе орнатқан терезесымақтан күн сәулесі тура түспесе де, құдайдың жарығы алақандай бөлмеге жарып өтетін. Ал кішкене бала еркін сыйып кетерлік жартыкеш терезе орыстардың әдетімен темір торлы әрі ашылма топсалы еді.

Жәнібек осы терезеге көзі түсіп кетсе, өзін абақтының аядай камерасында отырғандай, бір салқын күй билейтін... Қазір де сол бір сезім тұла бойын жайымен аралап өтті.

Терезе көзінен әлдебіреудің алақаны көрінді де, саусақтары шынысын тағы қақты. Жәнібек еріксіз орнынан тұрды. Қос қабат терезені ашты.

Тыстан көктемнің салқын, дымқыл ауасы лап қойды.

— Амансыз ба, жерлес? — деген орысша дауыс естілді.

Іле-шала жүзін жирен түк басқан бас та көрінді. Сауыс-сауыс сары шашты бас аузынан аңқыған арақ иісі Жәнібектің қолқасын атты. Жәнібек кері шегінді.

.....
Әңгімелер
Толық