Антон Чехов | Маска

Қоғамдық Х - шы клубта игі мақсатпен балмаскарад немесе жергілікті бикештер айтқандай, бал - парей беріліп жатқан еді.

Түнгі сағат он екі болатын. Би білмейтін зиялылар - бес кісі - бетпердесіз, оқу үйінде үлкен үстелді жағалай жайғасып, мұрындары мен сақалдарын газетке көме түсіп, оқып, қалғып-шұлғып әрі астана газеттерінің жергілікті тілшісі, аса бір еркін ойлы мырза айтпақшы, "ойланып" отырған еді.

Көпшілік залдан "Вьюшки" кадрилінің үні келіп тұр. Есік алдынан тарс-тұрс басып, қолындағы ыдысын сылдырата жүгіре лакейлер өте шығады. Оқу үйінің дәл өзі құлаққа ұрған танадай жым-жырт.

— Осы ара, сірә, қолайлырақ сияқты! Тартыңдар бері! Бермен қарай жігіттер! - деген құдды пеш ішінен шыққан сықылды болып, бір қылғынған жуан дауыс естіле қалды.

Есік ашылып, үстіне делбешінің костюмі мен басына тауыстың қауырсынын қадаған қалпақ киген бір маскалы, жауырыны жап-жалпақ, дембелше еркек оқу үйіне кіріп келді. Оған ілесе іле-шала маска киген екі әйел мен қолына поднос алған бір лакей де кірді. Подноста ликер құйылған жуан бутыль мен үш бөтелке қызыл және бірнеше стақан бар екен. .....
Әңгімелер
Толық