Ілияс Жансүгіров | Жаркент оязында


Жаркент оязындағы Албан қонысында Қарқара деген жәрмеңке бар еді. Бұл жәрмеңкеге күнбатыс Қытай мен Ресей саудасы тоқайласатын еді. Жәрмеңкенің саудаға салынған сомасы кей жылы миллионға жететін. (Көтеріліс туралы сол күнде баяндама жазған әскербасы Нэдзбецкий деген Жетісудағы көтерілістің Герман, Түрік агенттерінің Қытай арқылы азғыруымен болды дейтіні бар. Онда ол: Герман, Түрік агенттері Қашқар, Құлжа маңайында тұрып, Қарақолдан, Жаркенттен апиын кесуге келген қытай жұмысшылары және Қарқара жәрмеңкесіне қатынасқан қытай саудагері қырғыз-қазақ ішіне орысқа қарсы көтеріліс жасауға құтыртты дейді. Онысы шылғи жорамал.)

Жаркент оязы Қытайға шектес болған соң оған өкімет өте сақ болған. Казак-орыс, хохол қалаларын қаруландырған. «Маусым жарлығы» жарияланарда Кравченко дегенді бас қылып Қарқараға отряд жіберген.

Жаркенттегі алғашқы төңкеріс ұшқыны тамыздың 12-сінде ұшқындады. Бұған дем берген Алматы оязындағы Қызылбөріктердің көтерілісі. Шелек, Меркі және басқа болыстардың қазақтары жиналып, тамыздың 12-сі күні шет Меркідегі Нащепкин деген крестьянның диірменін талап (диірмен қазақ жеріне басып салынған), өзін өлтіріп, аялын байлап, диірменді өртеп жіберді. Онан Жалаңаш қаласына соқтықты. Қаладағы казак-орыстар мылтық атып, кіргізбеді. Егіннен ұстап алып екі казак-орысты өлтіріп, қаланың малын тиіп әкетті және сол күні Шелек басына салынған Ново-Афон қалашығына қазақ тиіп, қаланың бәрін өртеген. Қала адамдары старостаның қорасына жиналып, кешке дейін айтысқан. Жалаңаштан шыққан прапорщик Берг отряды қаланы арашалаған. Қазақтар тауды бауырлай Кегенге қарай жүріп, жолдағы орыс қыстауларының, зайымкелерінің барлығын өртеген. Бұл жолда Спецевский деген поселкені отқа жағып, қазақ қолы со бетімен Қарқарадағы Албанға қосылған.

Тамыздың 13-і күні Қарқараға шабуыл жасалды. Жәрмеңкені қамады. Бірақ күні бұрыннан дайындалып тұрған отряд қазақтың түтінін тұман қылды. Бергтің отряды қазақтың артынан Кеңсу өрлеп түсіп, Кравченконың отряды Қарқарадан, бір жағынан Қырғызстанның қазағы — үшеуі тоқайласып, қазаққа ойнақ салды. .....
Әңгімелер
Толық