Ілияс Есенберлин | Көшпенділер

ЖАНТАЛАС

Тарихи трилогия

ПРОЛОГ

Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан. Осы тұстан Азия мен Европаның түйіскен алқабына қарай, жаратылыстың өзі жаратқан долы сұрапылымен бірге, араларына жүздеген жылдар салып фангфур ұлы хандарының, Әтилланың, Шыңғыстың құмырсқадай құжынаған қосындары төгілген. Бұл қанды жорықтар ең алдымен осы арада әлмисақтан бері егіп егіп, мал бағып, қала салып, бейбіт жатқан елдерді талқандады. Одан өтіп қазақтың көшпенді байтақ даласын қызыл қанға бояп, лек-легімен күнбатысқа қарай лап қойды. Бұлар басып өткен жерде тек күңіренген ел, күйзелген дала, күйреген қала ғана қалды.

Бұл жолғы шайқас та — соның бірі еді.

Жоңғар қақпасының етегіндегі Сойқан сайда қытай мен қазақ әскерінің алысқанына міне бір жеті болған. Бойлауық жылқы секілді бой бермей, екі жақ бірдей арандағанда, талай қанды ауыз бөрілер пұшпағынан ілінді. Жүрегінің түгі бар талай батырлар қайқы қара алдаспандардан қаза тапты. Талай албырт жас өмір сабағынан үзілген гүлдей семді. Бірақ кісі қанын толарсақтан кешіп жүрсе де селт етпейтін қолбасшылар майданға жұртты төпеп айдай берді. Сегізінші күні жасыл жібек шатырын қырық құлға көтертіп, майдан шебіне қытай боғдыханы Канси келді. Әскер басшыларын шақырып алып: .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Көшпенділер

ҚАҺАР

БIРIНШI БӨЛІМ

I

Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың кеш көрінді.

Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.

Күн сәулесіне шомылған кештің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.

Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ......
Әңгімелер
Толық