Журналист Сая Молдайып өзінің облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 14 ақпан 2017 жылғы №17 санында жарық көрген «Жұртыңмен талай заман көрдің» атты мақаласын «Ойға өріс беріп көрейік» деп бастаған екен. Саяның осы сөзі сырласуға, бүкпесіз сыр ашуға шақырып тұрғандай көрінді. Тек... тақырыбы... Оқи келе мұның белгілі айтыс ақыны Қуаныш Шармановтың: «Жай күйін толғап жағадағы елдің, жұртыңмен талай замана көрдің», -деген өлең шумағының алғашқы екі тармағы екенін түсіндім.
Ал мақала авторы мен қатарлылардың кезінде балаң ойын тербетіп, әдебиет атты қияға көз тіктіріп, қанатымыздың қатаюына ықпал еткен «Тың өлкесі» газеті туралы сөз бастамастан бұрын біз жоғарыда келтірген жалғыз сөйлемде әншейін сөздің сыралғысы ретінде жаза салмаған екен. Оған «Сарыарқа самалының» маңызы қандай, қажеттілігі неде? Бұл – облыстың үлкен деректеме көзі. Павлодар уезінен Павлодар облысына айналғанға дейінгі мәселелердің көбі осы газетте жазылды...
Алпысыншы жылдардың басында жабылып, «Тың өлкесі» газетінің шыққаны индустрияландыру, орыстандыру саясаты қалай жүзеге асырылды? Тың жерлерді игергенде шет жерден қанша адам келді? Олар қалай өмір сүрді? Тілімізден, дін, ділімізден қалай айрыла бастадық? Жалпы, «Қызыл тудың» өткен тарихының ішінде тың игеру жылдарында жабылып, «Тың өлкесі» деген газеттің жарыққа шығуы жайлы көп айтылмайды, осыған қозғау салу керек. «Бұл халықтың тарихы ғой»,-деген еді Ғарифолла Есімов бір сұхбатында деген жолдарды оқығанда көз жеткіздік. .....
Себепсіз салдар жоқ, қоғамдағы сан қилы жағдаяттар газет сипатының өзгеруіне мүмкіндік жасады. Бұған дейін «Алға» - «Вперед» газеттерін қаржыландырып тұрған Екібастұз ауданының бюджеті нашарлай бастады. Міне, осы кезеңде Аманкелді Қаңтарбайұлы әлі ешкім ойға ала қоймаған тың қадам жасады. «Впередті» жауып тастап, «Алғаның» негізінде қала мен ауданға бірдей тарайтын қазақ газетін ашуды қолға алды. «Впередтің» жабылып қалуынан ештеңе жоғалмайтын еді, өйткені Екібастұз қаласында сол жылдары қалалық «Заветы Ильича», «Шахтастрой», «Ленинская Искра», «Угольный Экибастуз», «Огни Экибастуза» дейтін салалық орыс тілді газеттер бар. Редактордың бұл ұсынысын сол кездегі беделді, ұлтжанды азаматтар мен ақсақалдар - Адам Мұхамеджанұлы, Көбен Төлепбергенұлы, Серік Жақсыбаев, Нұржан Тишпаев, Іргебай Сатановтар құптап, қолдау жасағанмен бұл ниет басшылар тарапынан үлкен қарсылықтарға ұшырады.
Әйтсе де сол жылдардағы саяси оқиғалар, Одақта, оның ішінде Қазақстанда Компартияның таратылуы басшы қызметтерде отырғандардың бетпердесін өзгертуге душар етті. Иә, әділдік салтанат құрды, аудандық, қалалық кеңестің «қазақ газеті ашылсын» деген шешімі шықты. Өлкетанушы, белгілі қаламгер, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Имантайұлы Жақсыбаев жаңа ашылғалы отырған газетке «Отарқа» деген тарихи маңызы бар атты ұсыныпты. Оның мәнісі былай: бірде Бұқар жырау бабамыз Абылай ханға: «Ордаңды уақытша басқа жерге көшір»,- дейді. Сарыарқаны, әсіресе Көкшетауды қимаған хан бұл сөзге немкетті қарайды. Сол кезде Қытаймен арадағы жағдай қатты ушығып тұрса керек, Бұқар содан сақтанған ғой.
Сол сақтығын ханға:
...Бұрынғыдай бай ел деп,
Отарқада қалмаңыз,
Шүршіт келсе жарамас,
Ай-түйіңе қарамас,-деген екен.
Ұлы жыраудың Сарыарқаны Отарқа атауы тегін емес. Серік Имантайұлы: «Сарыарқа аймағы тас көмірдің үстінде тұр. Тас көмір – от, екі бірдей алып электр стансасы да - оттың үстінде тұр, сондықтан газетті «Отарқа» деп атау керек» деген уәжді сөзі құпталып, ақыры 1991 жылдың желтоқсан айының аяғында Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігіне тіркеліп, тәуелсіз елдің алғашқы қарлығаштарының біріндей болып, Екібастұздың тұңғыш «Отарқа» атты газеті дүниеге келді.
Газеттің алғашқы нөміріне Аманкелді Қаңтарбайұлы «Ағайынға арнау сөз» атты сүйіншілеген мақаласы мен газеттің екі құрылтайшысының, облыстық, аудандық газеттердің құттықтаулары, жерлес жазушы, белгілі қаламгер Қалмұқан Исабаевтың «Өткір бол, «Отарқа» атты құттықтау-батасы жарияланды. Иә, айтары жоқ, уақыт өте келе «Отарқаның» мән-мазмұны жақсара түсті. Бір атап өтерлігі, «Отарқа» облыстағы қазақ басылымдарының арасында алғашқылардың бірі болып, 1996 жылдан бастап компьютермен теріліп, беттеліп, офсеттік басылыммен шыға бастады. Мемлекеттік тілдің қанат жаюы, ата дәстүр, ата кәсіп, ұлттық руханият сынды тақырыптар бірінші кезекте қамтылды. Халқымыздың тарихына, тарихи тұлғаларға газетте көп орын беріліп, ұлттық мәселелердің жүзеге асуына айтарлықтай ықпал жасады. Мәселен, қала мен ауылдардағы кейбір орыс тіліндегі ауылдардың қазақша аталу қажеттігі туралы мәселе көтерілді.
Екібастұз қаласындағы Ермак көшесін Бұқар жырау атымен атауға, Қалинин көшесіне Естай Беркімбайұлы, К.Маркс көшесіне М.Әуезов, Киров көшесіне С.Торайғыров есімін беру туралы мәселе көтеріп, өз дегеніне жетті. Сондай-ақ, Екібастұз ауданындағы Степной ауылын Ә.Марғұлан деп атау туралы мәселе көтеріп, 2-3 жылдай газет бетінде жұртшылықтың хаттарын жариялап, ақыры сол атауларды елді-мекендерге бергізді. «Отарқада» тарихи тұлғалардың мерейтойларына байланысты арнайы беттер, арнайы нөмірлер ұйымдастыруды әдетке айналдырды. Мәселен, Абай мен Жамбылдың 150 жылдығына, Ә.Марғұланның 90 жылдығына, айқарма беттер, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 140 жылдығына, М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев, И.Байзақовтың 100 жылдығына арнайы нөмірлер арналды. .....
Иә, шын мәнінде солай болды. «Отарқа» жаңадан ашылған тұста қалада кәсіби журналисті ашық күнде шаммен іздесе де табылмайтын. Бірақ Аманкелді аға әдебиеттен аз кем хабары барларды газетке тарта білді. Жассерік Сәдуақас газетке біржола орналасты, редактордың орынбасары болды.
Оған әр басшының табалдырығын тоздыра жүріп, қоярда қоймай үш бөлмелі пәтер алып берді. Екібастұз ауданына қарасты Өлеңті орта мектебінде ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген менің әдебиетке деген қызығушылығымды, сөз саптасымды байқап (аудандық байқауға қатысып, баллада оқып, жүлделі орын алған едім) газетке – журналистикаға келуіме бірден бір себепкер болған, осы мамандықтың әліпбиінен бастап тәрбиелеген осы Аманкелді Қаңтарбаев болатын.
Ол жылдары шет тілінің маманы аз, Екібастұз аймағындағы көптеген мектептерде шет тілі оқытылмайды. Екібастұз аудандық білім бөлімінің басшысы Зейнолла Молдахметовтың қарсыласқанына қарамастан екі бөлмелі пәтерді тағы да редакцияның қарамағына алдыртып, мені отбасыммен Екібастұзға әкелді. Ес білгеннен Абайдан бастап, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабаков, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Мағауиндердің әдеби шығармаларын «Жұлдыз» бен «Жалын» журналдарынан оқып, отбасында ата-анамызбен бірге талдап, талқылап отырғандықтан болар, әдебиетке аса құмар болдым. .....
Андақұлдың шешесінің көрші ауылда тұратын сіңлісі қайтыс болып, соның намазына жүретін болды. Кетерінде ол:
- Құлыным, ана қасқа сиыры құрғырды мал өрістен қарсы алып, қораға қама. Далада қалмасын, ұры-қары бар дегендей,- деп қатты тапсырған.
- Апа, ұқтым!- деді бұл сөзін бөліп.
- Қой, көліктен қалып қоярмын, қозғалайын.
Шешесі кеткен соң, ол үйге бір кіріп, бір шығып қара кешті, малдың өрістен қайтар шағын асыға күтті. Ақыры, күн ұясына қонып, өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтерілген қара шаң ауылдың шетіне іліккен тұста, бұл да шешесінің сиыр қайырғанда қолына ұстайтын шыбығын алып, малдың алдынан шыққан.
Ұмытпасам 2008 жылы Семейдегі Шәкерім атындағы университеттегі Шәкерім орталығына біраз тарихи фотосуреттер мен қолжазбалар тапсырдым. Өмірінің соңында анам жазуға отырып, аталарының қолжазбаларын ақтарды. Сексенінші жылдардың ортасында үйге Мұхтар Мағауин, Қайым Мұхамедханов, тағы бір үлкен жазушылар келді. Анам сол кісілерге атамнан қалған қолжазба, фотосуреттерді берді.
Сол жылдарда Шәкерім атаның ақталғаны туралы хабар жетіп, анам марқұм екі күн жылағаны есімде. Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Олжас Сүлейменов анамды шақырып алып: «Қазақстанның қай қаласынан болса да пәтер бергізем, таңдаңыз» дегенде ол кісі Талдықорғанды айтыпты. Олжас аға сол қаладан бір бөлмелі пәтер алып берді. Жалғыз бізге емес, М.Жұмабаев, А.Байтұрсыновтың отбасына үш – төрт әулетке пәтер бұйырды. Сол үйде анамыз атасы Шәкерім туралы көп жазды...
Сонымен Шәкерім ата мен анам Кәмилә Ғафурқызының (Қапыр) туыстығы қандай еді? Кәмилә – Шәкерімнің екінші әйелі Айғаншадан туған Ғафурдың қызы, Шәкерім атаның туған немересі. Анам Кәмилә атам жайлы былай дейтін: .....
Шәкерімнің әкесі Құдайберді - Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күңкеден туған жалғыз баласы. Ақылды, дәулетті адам болған. Құдайбердінің Төлебике (қолы ашық болғандықтан жұрт Дәметкен деп атап кеткен) және Ботантай деген әйелі болған. Дәметкеннен Омар, Мұртаза, Шәке, Шәкерім туған. Шәкерімнің бәйбішесі Мәуеннен Суфиян, Тауфық, Мәйміне, Ғалия есімді екі ұл, екі қыз туған. Суфиянның жеңгелей алған әйелінен Шәмел, одан Бану туған. Осы Бану мақаланың басында біз сөз еткен әнші Құралайдың анасы болып шықты.
Шәкерімнің екінші әйелі Айғаншадан Ғафур, Қабыш, Ахат, Кәмпит (ол жас кезінде қайтқан, Жәкіш (Жәкібала), Гүлнәр мен Зият туған. Ғафурдың Ақлима, Мәкей атты әйелдері болған. Мәкейден Баязит, Ләбиба, Нағима, Кәмилә туған. Жоғарыда анасының естелігін айтқан Мақсат Жаппарханұлы Кәмиланың баласы. Шәкерім ұлы Қабыштың отбасы ашаршылықтың құрбаны болыпты. Шәкерім ұлы Ахаттың әйелдері – Сағила, Қадиша, Бәтима. Сағиладан туған екі бала 1931 жылы Райханның үйінде қайтыс болған екен.
Ахат Шәкерімұлы зерделі, сауатты, ақылды адам болған дейді. Ол Шәкерімнен тараған бірнеше ұрпаққа қамқорлық танытып, олардың білім алуларына жөн сілтеген. Шәкерімнің Айғаншадан туған кенже ұлы Зият нәубет жылдары Қытайға өтіп кеткен екен. Қытайда отасқан әйелінен туған баласы Мереке Алматыда тұрды. Шәкерімнің кенже қызы Гүлнәр 1970 жылы Алматыда қайтыс болған.
Шәкерім Құдайбердіұлы 1858 жылы дүниеге келген. Әкесі Құдайберді мен ақын Абай бір әкеден – Құнанбайдан туған. Құдайберді 36 жасында қайтыс болып, жетім қалған 7 жастағы Шәкерімді Абай тәрбиесіне алып, оқытқан. Шәкерім 5 жасында хат таныған, 9 жасынан бастап өздігінен жүйелі түрде оқып, білімін көтере берген. Әдебиетті, тарихты, географияны, жаратылыстану ғылымын, физиканы, сөз өнерін, музыка өнерін оқыған. Дене еңбегімен айналысқан, шеберлікті үйренген. Ұлттық киімдердің үлгісін жаңарту, ас пісіру, көшпелі ел жағдайында, қыста қар үстінде шырпысыз от жағу, үй-үйдің, іргелес қыстаулардың арасында сымды қатынас орнату сияқты тұрмыс мәдениеті жөнінен халыққа өзі тапқан тәсілдерін ұсынған. Ауырып, сырқаттанғандарға медициналық жәрдем көрсеткен. Лев Толстойды ұстазым деп соның өнегесін қолданып, егін салу, шөп шабу, мал бағу кәсіптерін меңгерген.
Шәкерім Құдайбердіұлы 16-17 жасынан бастап Абайдың ықпалымен өлең жаза бастайды. Ел аралап, тарихи деректер жинап, шежіре жазады. Батыс пен шығыс елдерінің әдебиетіне көз жібереді. Пушкин мен Толстойды, Некрасовты, ал шығыста Қожа Хафиз, Наваи, Физулиді жоғары бағалаған екен. Пушкиннің, Некрасовтың, Толстойдың қырдағы насихатшысы болып, олардың шығармаларын аударады. Толстойдың философиясына еліктеп, күшке қарсы бармау, қауымнан қашып жалғыздану, ұмытылған адам болу жолына түсіп, көп қайшылықтарға ұрынады. Осы жалғыздануы оның өмірінің соңындағы қайғылы жағдайға ұрындырды. .....