Балғабек Қыдырбекұлы | Бейтаныс статья
Егіз қыз Виктория мен Инесса Черкасовалардың әкесі Борис Черкасов Алматы облыстық тұтынушылар одағы базасының заң бөлімінің бастығы, ал шешесі Валентина Черкасова екі қыздың әкесінен тіпті де кем түспейді, — Алматы қаласындағы № 2 заң консультациясының адвокаты. Көріп отырсыздар, екеуі де заңды білетін адамдар және заңды білуден осы уақытқа дейін қорлық көрген'жоқ, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Сондықтан да ерлі-зайыпты екеуі биыл екі қызы орта мектепті бітірген кезде бір ауыздан екі қыз да өзіміздің ізімізбен кетсін, екеуі де заң факультетіне түссін десті. Несі бар, болмасын деген оңбасын!
Екі қыз сонымен университеттің заң факультетіне арызды беріп келіп қалсын. Виктория алғашқы емтиханнан-ақ тоңқалаң асып, шығармадан екі алып шыға берді. Жаны мұрнының ұшына келген әке-шеше енді Инессаның тілегін тілеп, соны салмақтады. Несі бар, болмасын деген оңбасын! Әке-шеше бар уақытта баласына жақсылық қана тілеуі керек. Оған кім қарсы болмақ! Бірақ арада біраз күн өткенде әке:шеше иек артқан Инесса да СССР тарихынан мақрұм екен, емтиханнан құлап, шоқпар бас Қисық цифрды арқалап үйіне келді.
Міне әке-шешенің сасқан жері осы болды. Әке-шешеге өмір бойы азық болған заң қызметі оларға ендігі ұрпағыңа қызмет етпеймін дегенде біржола қолдан шығып бара жатқандай елестеп кетті. Нақ осы жерде әке-шеше екеуі бірдей заңды қайта ақтарып, тексеріп бір жылт тапқандай болды. Енді екі қызды кешкі факультетке түсіруді ойлады. Несі бар, болмасын деген оңбасын! .....
Әңгімелер