Бердібек Соқпақбаев | Қайдасың Гауһар
1
Алматының Пастер көшесімен жүре қалсам, осынау астынғы қабаты белуардан жерге батқан ағаш үйді, осынау бір жағына қарай қыңырайып, қисая бастаған көне ағаш қақпаны көргенде, менің есіме Гауһар түседі. Сондағы бастан кешкен уақиғалар тізбектеліп көз алдыма келеді. Жүрегімде діріл пайда болады.
Біз Гауһармен дәл мына арада кездесіп, танысқан едік. Ол, әне, апа жерде қақпаға сүйеніп, бізге күлімсірей қарап тұрған. Жұп - жұмыр уыз мойнында күн нұрына шағылып, жалт -жұлт еткен ұсақ шынжыр баулы әсем медальон.
Бәрі: көше де, үй де, түбіне шірімес үшін тас орнатып, бағандарды сол тасқа бұрандалап бекіткен қаракөк ескі қақпа да сол сондағы қалпы. Тек Гауһар жоқ. Бәрі шын болғанда, Гауһар ғана елес...
Мен осы арадан әрлі-берлі өткен сайын Гауһардың қарасы жарқ ете қалатындай - ақ қақпадан ішке елегізіп, қарап. өтем. Жоқ, жарқ ете қалмайды.
О, Гауһар, қайдасың? Барсың ба жер бетінде? Бар болсаң, неге кездеспейсің? Жоқ әлде ұмыттың ба сен мені? Менің атымды жүрегіңмен мәңгілікке сызып тастадың ба? Жо, жоқ! Олай болуы мүмкін емес.
2
Соғыс кезі. 1943 жыл. Іске татыр естияр еркек кіндіктінің бәрі дерлік армияда. Ауылда қатын-қалаш, шал - шабыр, ауру сырқаулар қалған.
Мезгіл жетпей үзілген көк жемістей соғыс бізді, балаларды ерте есейтті. Әкелеріміз бен ағаларымыздың еңбектегі қаңырап, босап қалған орымдарына, шамаларымыз келсін, келмесін жарбиын, біз ие болуымызға тура келді. Қазекем бұндайда «ит жоқта шошқа үреді қораға» дейді.
Сондайлардың біреуі мына менмін. Содан бір ғана жыл бұрын тоғызыншыны атүсті бітіргеніме, педагогиканың иісі мынау тәмпіш мұрныма кіріп те шықпайтынына қарамастан, дырдай мұғалім атанып, өзіміздің ауылда, жеті жылдық мектепте aнa тілінен сабақ берем.
Жаз шықты. Оқу жылы аяқталайын деп қалды. Директорымыз күрк-күрк жөтелген көксау шал адам. Әлгі бір күні: .....
Әңгімелер