Қазақтың бөлінбеген еншісі

Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқанға дейін қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған дәстүрлеріміз белгілі бір себептерге байланысты көмескілене бастады. Солардың бірі қазақ халқының тіршілік етуінің негізі болған, бүкіл салт-дәстүріміздің бастамасына айналған, қазақ Сахарасының жазылмаған заңы - бөлінбеген енші дәстүрі.

Бөлінбеген енші, яғни қонақтың еншісі қазақтың дәстүрлі өмір салтына орай қалыптасқан, ру-тайпалық жүйеде елдің біртұтастығын сақтап қалу үшін туындаған айнымас қағида, бұлжытпас тәртіп. Мұндай тәртіп болмаса, табиғаты қуаң сайын далада желдей жүйткіп, судай сырғыған көшпелілердің ел болып тұтасуын, ұлт болып ұйысуын былай қойғанда, қарапайым тіршілік етуінің өзі қиын болар еді. Бөлінбеген енші дәстүрі бойынша кез келген қазақ жолаушылап келе жатып кез келген қазақтың үйіне қонуға, қонағасын ішіп-жеуге, мініс көлігін жемін беріп суғарып, тынығып аттануға хақылы болған. «Қазақтың қоғамдық құрылымы» шығармасының авторы Алфред Хюдсон мұны былай сипаттайды: «Қазақтардың дәстүрінде кез келген жолаушы қалаған үйінде белгісіз мерзімге қонақ болып қала алады. Үйдің иесі қонақтың жаны мен малының амандығына жауап береді». Осы айтылғандардан, қазақтардың көңілінің кеңдігі соңшалық жолаушылап келген қонаққа сый-сыбағасы дайын тұратындығын көруімізге болады.

Қонақты Құдайындай құрметтеп, оны төрге шығарып, бар тәтті-дәмдіні қонақтың аузына тосып, астындағы жалғыз атын сойып берген қазақ халқын қалай қонақжай дей алмайсың! Кез келген қазақтың менің сенде "Алаштан қалған бөлінбеген еншім бар" деп сол үйде тұрақтай алуы Тәуке ханның "Жеті жарғысында" заң ретінде жазылған. Егер қонақ түскен үй дәстүрге сай күтпесе немесе күте алмаса, заң бойынша биге шағымданып, ат-тон айыбын талап етуге құқылы болған, көп жағдайда қонақтың пайдасына шешілген. Егер отбасы қонақты дұрыс күте алмаса, ол жақындарының алдында ұятқа қалатыны бір бөлек, рудың беделіне үлкен таңба болған. Қазіргі сәтте туған ағымыздың үйіне бару үшін хабарласып, алдын ала ескертпеуге де болмайды, бөтен адамға да қонақжайлығымыз жоғары емес екендігі өтірік емес. Бұл бөлінбеген енші дәстүрінің көмескіленгендігінің бір көрінісі......
Эсселер
Толық