Әдебиет | А.Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының атасы

Ахмет Байтұрсыновтың ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды, жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдебиет танытқыш” (“Теория словестности”) деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.

“Әдебиет танытқыштағы” қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласың. Эпосты — әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп бір қайтарып алып, сала-салаға жіктеп әкетеді; шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме, саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, білімір шешен сөз, уағыз, көсемсөз (публицистика). Ауыз әдебиеті түрлері былай жіктеледі: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш – бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – бұлар екінші топ. Мысал, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел – бұлар үшінші топ. Тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата – бұлар төртінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыр – бұлар бесінші топ. Сан алуан фольклорлық шығармаларды топтап, саралауға мүмкіндік беретін сауықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер қазіргі ұғымымызға өзі сұранып тұр.

Қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлуде де толып жатқан жаңалық бар. Хисса, хикаят, насихат, мінажат, мақтау, даттау, шығармаларды діндар дәуір әдебиетіне жатқызса, сындар дәуір әдебиетіне ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), әңгіме кірмек. Лирика түрлерін саф толғау, марқайыс толғау, налыс (мұңайыс) толғау, намыс-таныс толғау, сұқтаныс толғау, (даттау, қаралау, наз) деп жіктеу, мазақ, мысқыл, қулық, сықақ, әзіл деп саралау, тартыс түрлерін әлектеніс, әуреленіс, азаптаныс деп таратып әкетуге де қайран қаласыз.

Қысқасы, “Әдебиет танытқыш” кітабындағы бірқыдыру термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді....
Рефераттар
Толық