Түркі дәуірі

Өз алдына тұтас халық болып қалыптасқанға дейiнгi этн. тарихы аса күрделi. Қазақ даласын қоныстанған әр түрлi тайпалар Қазақстан жерiн ерте тас дәуiрiнде-ақ мекендей бастаған. Оған айғақ болатын ежелгi адамдар тұрақтары Қаратау, Маңғыстау, Орт. және Шығ. Қазақстан, Бетпақдала, Мұғалжар таулары, Балқаш к. маңынан ұшырасады. Археол. жұмыстар нәтижесiнде палеолит дәуiрiне жататын 500-дей ескерткiш орындары анықталып, олардың саны жылма-жыл артып келедi. Мезолит дәуiрiнде садақ пен жебенiң пайда болуына орай кезбе аңшылар тобы бөлшектенiп кеткендiктен, бұл дәуiр тұрақтарының (жалпы саны 50 шақты) зерттелуi мардымсыз. Қазақстанның неолит (тұрақтар мен қоныстарының жалпы саны 800-дей), қола дәуiрiнен қалған ескерткiш мұралар аса бай, алғашқы аталық тайпалардың көбейiп, өркендей бастағанын және ол тайпалардың көршiлес Сiбiр, Орал, Едiл бойы, Орт. Азия халықтарымен тығыз байланыста болғанын көрсететiн археол., антропол., этнол. дәлелдер көп (қ. Дала өркениетi; Көшпелiлiк; Қазақстанның көне заман мен орта ғасырдағы тұрғындарының антропологиялық сипаттамалары). Б.з.б. 1-мыңжылдықта Қазақстан аумағында өмiр сүрген ежелгi тайпалар көшпелi тұрмысқа ауысып, олардың өзара бiрнеше тайпалық бiрлестiктерi құрыла бастады. Солардың ең iрiлерiнiң бiрi — сақтар. Олар Сыр бойы, Қаратау, Талас өлкесiнен бастап Тянь-Шань тауларына дейiнгi оңт.-шығыс беткейдi мекендедi. Арал т. мен Сырдарияның сағасын, Әмудария бойын мекендеген тайпалар массагеттер одағына бiрiктi. Сақ тайпалары Солт. Қара т. өңiрi мен Днепр бойын мекендеген скифтердiң және төм. Едiл бойы мен Оңт. Орал өңiрiндегi савроматтардың, Кир мен Дарий I және Александр Македонский дәуiрiндегi гректердiң тұсында өмiр сүрген. Сақ тайпалары тарихы мен олардың материалдық және рухани мәдениетiнiң аса маңызды деректерiнен (қорым, көмбе, т.б.) қазақ халқының мәдениетi бастау алады. Б.з.б. (3 — 1 ғ-ларда, б.з. басындағы 1 — 5 ғ-ларда) қазiргi Қазақстан жерiнiң оңт-нде, Сырдария, Талас, Шу өзендерiнiң бойында, Жетiсуда, Солт., Батыс, Шығыс және Орт. Қазақстанда ежелгi сақ тайпаларының негiзiнде өркендеп, жаңадан бiрлескен тайпалар одағы пайда бола бастады. Олардың iшiнде қуатты мемлекетке айналып, тарихта, мәдениетте, өнерде белгiлi iз қалдырғандары — ғұндар, үйсiндер, қаңлылар, сарматтар. Олар б.з. 5 ғ-на дейiн өмiр сүрiп, көп елмен қарым-қатынас жасады. Өркениеттi мемлекеттер олармен байланыс жасауға құштар болған. Бұл мемлекеттер, негiзiнен, көшпелi және жартылай көшпелi мал ш-мен, кен қазумен шұғылданып, Жетiсу төңiрегi мен Шу, Талас, Сырдария, т.б. өлкелерде отырықшылық жағдайда суармалы егiншiлiкпен, балық аулау кәсiбiмен айналысты. Қ-дың шығу тегiне ежелгi жергiлiктi сақтардан кейiн ерекше негiз болған, әсiресе ғұндар, үйсiндер, қаңлылар. Ұзақ заманғы бұл этн. процесс б.з.б. жүз жылдың 1-жартысынан басталып, б.з. 5 — 6 ғ-нда толық қалыптасып үлгердi. Қазақ халқының негiзiн құраған көп тайпалар 552 ж. Түрiк қағандығының құрамына кiрiп, чұмығұн, дай, ирки, чуре, чубан (Шуманақ), дулу деген әр түрлi атпен белгiлi болды. 603 ж. құрылған Батыс Түрiк қағандығының этн. саяси негiзi “он тайпа” (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейiнгi аралықта жатқан ежелгi үйсiн жерiн жайлады. Шу өз-нiң шығыс жағында дулудың бес тайпасы, ал батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендедi. Оның орнына Түргеш қағандығы (704 — 756), одан кейiн Қарлұқ қағандығы (756 — 940) орнап, жоғарыда аталған тайпаларға үстемдiк еттi. Бұл мемлекеттер дәуiрiнде отырықшылық бел алып, егiн ш. дамыды, қалалар өркендеп, сауда-саттық жанданды. Бұл кезде Жетiсу мен Талас бойында қарлұқтар, шiгiлдер, яғмалар, адғұлар мекен етсе, Орт. Қазақстан мен Сырдария бойында оғыздар мен қыпшақтар үстемдiк еттi. 9 ғ-дың аяғы мен 11 ғ-дың басында оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Едiлдiң төм. бойына дейiнгi кең-байтақ аумақты мекендедi. Оғыздардың қоныс-өрiстерi Ырғыз, Орал, Ембi, Ойыл өзендерiнiң бойларында, Сырдария бойындағы Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегiне дейiн шашырап жатқан. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал — Каспий далаларының үндi-еуропа және финн-угор тектес ежелгi (негiзiнен, түркiлендiрiлген) этн. топтары және сонымен бiрге Жетiсу мен Сiбiрдiң халаджы, жагар, чарук, қарлұқ, имур, байандұр, қай секiлдi көшпелi және жартылай көшпелi тайпалар да кiрдi. Оғыздардың батысында Едiл мен Жайық арасында печенегтер (бесенелер) мекендедi. Кейiн оғыздар — түрiкмен халқының, бесенелер — қарақалпақ халқының негiзiн құрса да, олардың кейбiр топтары қазақ халқының да шығу тегiне әсерiн тигiздi. ....
Рефераттар
Толық