Тоқаш Бердияров | Тойда


Күмбірлеген жана үйдің ішінде Қонысбайдың үйлену тойы басталып та кетті. Ерлі-зайыптылардың денсаулығы үшін және олардың бақытты өмірі үшін дүркін-дүркін тостар көтеріліп, жас семьяға инабатты құттықтау сөздер айтылып жатты.

Жаңа әлгінде ғана пешке салынған көмір қып-қызыл шоқ боп, салқын үйді қыздырып барады. Сол сияқты қызғылт түсті ішімдіктер де тым-тырыс отырған жұртты қыздыра бастады. «Т » әрпіне ұқсас ұзын столды жағалай отырған қонақтар дабырласып, өзара ду-ду әңгімеге кірісті. Мұндай көңілді шақта әркім ағынан жарылып өз мансабын, тұрмыс-күйін немесе күнделікті тіршілігін сөз етеді емес пе?!

Босағада отырған екі қатынның ауыздары сүйреңдей жөнелді:

— Бетім-ау, Шайзада айрылысып кетіпті!

— Жиырма бес жыл отасқан күйеуімен бе?

— Ия.

— Тәуба!.. Алиментін алып тұра ма екен?

— Алғанда қандай, үш баласына елу процент!..

—Мен өзім сауатты әйелдерді жек көремін.

— Е, неге?

— Байының үстінен арызды бұрқыратады да жатады... Қыздарды тек қана шағым жазу үшін оқытпайды ғой, құдағи-ау!..

Бір бұрышта отырған екі дүкенші де өзара жайлап сырласа бастады.

— Ойбай, Үмеке-ау, саудадан пайда түсіру қиындап кетті. Бір кезде таңсық болған тігін машинесі мен түбіт орамал дегендеріңе қазір жұрт пысқырып та қарамайды.

— Несін айтасың,— деп ауыр күрсінді екіншісі,— бес-алты кәмпитті таразыға сылқ еткізіп салып жіберіп, бес-он тиынды жылп еткізіп қалтаға жымқыратын заман әлдеқашан өтті ғой... Екінің бірі — тексеруші. Қымқырғаныңды сезе қойса, әкеңді танытады. Басы ауырған қызыл мұрындарға «ақ телпекті» құйып сатып, там-тұмдап пайда түсіруші едік, оны да құдай көп көрді. Біздің сорымызға ішермендер де азайып барады... .....
Әңгімелер
Толық