Джек Лондон | А Чо

Маржан өседі, пальма өнеді, адам өледі.

Таити елінің мақалы.

А Чо французша білмеуші еді. Адам толы сот залында әкімдердің алма-кезек баспалата сөйлеген сөзіне, судырлаған «р»-ға мүкі түсініксіз француз тіліне құлағын салып, зерігіп, басы қатып, мең-зең болып отыр. Ачоның ұғымында осының бәрі мағынасыз мылжың сөз. Чун Ганы өлтірген кісіні табамыз деп қаншама әбігерленіп, ұшығына шыға алмай-ақ қойған осынау есалаң француздардың ісіне ол қайран қалды. Оны А Сань өлтіргені плантацияда істеп жүрген бес жүз кулидің бәріне мәлім, ал бұлар болса А Саньді қамаған да жоқ. Бір-біріміздің үстімізден әкімдерге астыртын сөз жеткізбейік деп кулилердің өзара уәделескені рас, бірақ француздар іске шындап кірісер болса өлтірушінің А Сань екенін оп-оңай біле алар еді ғой. Япыр-ай, мынау француздарың не деген топас халық еді!

А Чо оғаш ештеңе істеген де жоқ, қорқатын да дәнеңесі жоқ. Кісі өлтіруге араласпағаны айдан анық. Рас, дүрмектің ішінде бұл да болды, Шеммер бастық баракқа кіріп келгенде ондағы өзге төрт-бес қытаймен бірге мұны да көрген. Көрсе ше? Чун Ганың денесінде екі жерде ғана жаpa бар. Бес-алты адам жабылса екі-ақ жара салмайтыны анық қой. Тіпті өлтірушінің әр қайсысы бір-бірден пышақ сілтегенде де өлтірушілер екі кісіден артық болмауға тиіс......
Әңгімелер
Толық