Бердібек Соқпақбаев | Қой өңгерген
Біз ол кезде аудан орталығында тұратынбыз. Әлжуаз науқасшаң шешем екеуміз ғанамыз. Әкем енбек армиясында да, Хасен ағайым майданда.
Күз кезі. Аз күнде оқу басталады. Аман болсам, биыл жетінші оқимын.
Бітпейтін ұзақ соғыс халықтың титығына мықтап жеткен. Ел жесе асқа, кисе киімге жарымай, шықпа жаным шықпа деп, әрең жан бағып отырған қиын кез.
Бір күні біздің үйге осы аудандағы Октябрь колхозының шофері, шешеммен ағайындас Әкімжан дейтін адам келіп қонды. Қасында екі-үш жолдасы, бір жарым тонналық газиктің кузовына басып алған он бес шақты қойлары бар.
Әкімжан Алматыға барады екен. Колхозға оны-мұны бұл арада табылмайтын заттар әкелмек. Қой колхоздың және жеке меншіктің базарға сатуға алып бара жатқан қойлары.
Қазір ел ішінде машина аз. Алматыға әдейілеп барып қайту кімге де болса оңайға түспейді.
Шай үстінде шешем Әкімжанға:
— Сен мына Шәкіржанды ала кетсең қалай болады? Барып, қала көріп келсін. Қойшыларға қосып қойған бірді-екілі қой бар еді. Соның бірін ала барып сатып, үстіне киім алып келсін. Аз күнде оқуы басталады, не сырт киім, не аяқ киімі жөнді емес, — деді.
— Барсын. Тек машинаға ақша төлесе болғаны, — деп Әкімжан күлді. .....
Әңгімелер