Антон Чехов | Өлік


Тамыз айының тынық түні. Жер бетінен баяу ғана көтерілген тұман көз көрер жердегінің бәріне буалдыр пердесін жапқан. Көлкіген тұман ай жарығында, біресе тыныш жатқан шалқар теңіз сияқтанып, біресе зәулім ақ дуал сияқтанып көрінеді. Ауа дымқыл, салқын. Таң әлі алыс. Орман жиегіндегі ауыл арасы жолынан бір қадамдай шетте өлімсіреген от жылтылдайды. Сол жерде, жас емен ағашының түбінде, басынан аяғына дейін жаңа ақ кенеп жабылған өлік жатыр. Төсіне үлкен ағаш икон қойылыпты. Өліктің жанында, жолдың тап жиегіне таяу, шаруалардың мойнына артыла беретін міндеттердің ішіндегі ең бір ауырын атқарып, екі "нәубетші" мұжық отыр. Олардың біреуі - үстіне жыртық шолақ тон, аяғына шабата киген, тебіндеген мұрты бар ұзын бойлы, қою қара қасты жасөспірім жігіт, дымқыл шөптің үстінде екі аяғын көсілтіп салып, уақытты жұмыспен қысқартуға кірісіпті. Мойыны сорая солпиып, мұрыны шуылдап, дардай бір буылтық ағаштан қасық жонып отыр. Екіншісі - бет-аузы мыжырайған, селдіреген мұрты, шошайған теке сақалы бар, арық, бұжыр кішкене ғана мұжық, қолын екі тізесіне қойып, селт етпестен, алдындағы отқа мөлие қарап қалған. Өшуге айналған оттан екеуінің де бетіне қызғылт сәуле түсіп тұр. Төңірек тып-тыныш. Тек пышақ жонған ағаштың сықыры мен су отынның жанып пышылдағаны ғана естіледі.

— Сен, Сема, қалғымасайшы, — дейді жасы.

— Мен... қалғып отырғаным жоқ... — дейді оған теке сақал. :

— Сөйт... Жалғыз қорқамын, тіпті құтым қашады. Тым болмаса әңгіме айтсаңшы, Сема!

— Жоқ... білмеймін... .....
Әңгімелер
Толық