Александр Пушкин | Дубровский

Мұнан бірнеше жылдар бұрын өзінің ата-қоныс мекендерінің бірінде Кирила Петрович Троекуров дейтін орыстың ежелгі шонжары тұрып жатты. Байлығы, білікті ата-тегі және күшті байланыстары оны губерниядағы құдіреті зор адам етті. Көрші-қолаңдары қабағын шыттырмай, бабын тапқанына мәз болса, губерния чиновниктері атын естігенде-ақ қалтырап тұрды. Кирила Петровичтің өзі болса, бұл бас июшілікті жұрттың парызды міндеті есебінде қабыл алды. Үйі әменде қонақтарға лық толы болатын, бұлар оның көңілін аулап, у-шуы мол кейде тіпті шектен шыққан дарқан думандарын да бірге атқарысып жүрді. Оның шақырғанынан бас тартар, болмаса мерзімді күндерде Покровское селосына тағзыммен келіп, бас имейтін ешкім болмады. Ал үй тұрмысында Кирила Петрович білімсіз адамда болатын ожарлықтың бәрін де көрсете жүретін. Қоршаған қауымы өзін жаман үйретіп, еш нәрседен қағажу көрмей өскен бұл жампоз ұшқалақ мінезі мен шолақ ақылына не келсе, соны істей берді. Ересен күшті адам бола тұрса да, ол жұмасына екі рет күпті болып мешкейліктің сазайын тартатын, бірақ сонда да күн сайын ішіп көңілді жүретін. Үйінің флигельдерінің бірінде әйел жынысына тән ою ойып, кесте тігіп отыратын он алты даяшы қызы бар-ды. Қыздар тұрған флигельдің терезелерін ағаш тормен қоршап, есіктеріне құлып салып қояды, ал құлыптың кілттері Кирила Петровичтің өзінде болады. Қапастағы жас қыздарды мерзімді сағатында баққа шығарып, бой жаздырып екі кемпір бақылап жүреді. Кирила Петрович ара-тұра қыздардың кейбіреуін күйеуге береді, олардың орнына жаңадан басқа қыздар әкеп қояды. Шаруалар мен үй қызметшілерін ол, ақырып-жекіріп өте қатал ұстайтын. Солай болса да олар баринге жан-тәнімен берілген жандар еді; мырзаларының байлығы мен атағына мардамсып, күштілігіне арқа сүйеп, олар да былайғы көршілеріне озбырлық жасай жүретін......
Әңгімелер
Толық