Ілияс Есенберлин | Махаббат мейрамы


БІРІНШІ ТАРАУ

Махаббатқа деген ешбір әлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық ғашықтық болуы мүмкін емес.

— Сіз солай ойлайсыз ба?

(Театр фойесінде естіген сөз)

Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дәл қазір тікенек боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады. Әлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сәл тұрады да, қайтадан жүріп кетеді. Және осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалғалы тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дәл осы сәтте кеудесінен біреу итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында ойын добы тәрізді ұзақ жүрді. Өзі де әбден шаршады. Сонда да жүріп келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тәрізді. Аялдар емес. Сонда осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет және жай қасірет емес, жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартқан, ақылынан мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті еді. .....
Әңгімелер
Толық