Ілияс Есенберлин | Аққу құстар қуанышы

I

Көгілдір аспан аясында жасыл орманға бөленген көгілдір қала жатыр. Қала қай жағынан қарасаң да бірдей көрінген, сан қырлы гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Керемет көрікті. Шығыс-күнгейі мен құбыласына дейін тұтаса созылған, аспанмен тілдескен ақ сәлделі таулары қандай айбарлы, сәнді десеңдерші! Кант бастары күн сәулесімен ойнап, көздің жауын алады. Бұл көшелері, көшені қуалай жүгірген арықтары әлі асфальт пен бетонға құндақталмаған соғыстан кейінгі Алматы. Бұнда әлі алты қабат, жеті қабат үйлер жоқ. Жиырма бес қабатты «Қазақстан» мейманханасы тұрғындардың қиялына да кірмеген. Сонда да қала сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Сонау аспанмен тілдескен алып таулардың қойнауларынан, шатқал, арналарынан қуалай, қаланың шығысы мен батысын ала үш өзен ағады. Шығысындағыны - Кіші Алматы өзені, батысындағыларын - Көктем мен Жаман өзен деп атайды. Шығысындағы Кіші Алматы өзені сонау тау қойнауынан сарқырай шаттана күліп, тынбай ағып, қалаға жетеді де, кіре бере екіге бөлінеді. Бір қолы тасты, құмды Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай құлайды да, судың екінші жартысы Бас арықты беттей жүйткиді. Бас арықтан әр көшенің екі жағын ала, тарам-тарам боп, қала бойын қуалай жөнеледі. Көгал көмкерген, әлі бетон кимеген бұл арықтар, нағыз бір тау етегіндегі тас бұлақтар тәрізді көбік атып секіре, сылқ-сылқ күледі. Сулары көз жасындай мөп-мөлдір, ұрттап қалсаң, тісіңді жарардай сұп-суық. Күндіз-түні сыңғырлап жатқан ағысының жылдамдығы ұшқан құсқа пара-пар бір кереметтер.

.....
Әңгімелер
Толық