Сүлеймен Баязитов | Жастық шақтағы сырласым, қартайғанда мұңдасым

Бастау көзін күні кешегі «Лениншіл жастан» алатын қаймана қазақтың жасындай жарқылдаған «Жас Алашы» – 95-те... Көңілді қуанышқа бөлеген осы бір сәтте өткеніңді ой көзімен шолып, осы мен қаламгер ретінде «Жас Алашқа» қатысым бар ма, бар болса қаншалық?» деген сауалға жауап іздейсің. Аллаға шүкір, сонау 1984-89 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде «Әдептен озбайық», «Тойдан соң», «Сахнада», «Ақ көгершін», «Қалақ қолға кеш алынды», «Жол мұраты жету ғана ма?» «Барымызды бағалай білеміз бе?» атты мақалаларым жарық көрді. Мен жарияланған дүниелерімің ішіндегі ең бастыларын ғана айтып отырмын. Ал өзімнің «Невада –Семей» қозғалысын қызу қуаттағанымды, сол тақырыпта бірталай материалдар жинағанымды, соның бірі «Жауырды жаба тоқымайық» атты мақаламның «Лениншіл жас» газетінің бірінші бетінде басылғанын, азды-көпті өмірімде тындырған маңызды шаруаларымның бірі деп білемін.

Бір атап айтар жайт, газеттің сол жылдардағы редакторлары С.Бердіқұлов, У. Қалижановтар, Шерағаң салған сара жолды сәтімен жалғастырды. Оны редакция ұжымының авторлары мен жұмыс істеу тәсілінен айқын аңғаруға болатын. Бірде менің «Баян көркін, Жасыбайды ойласақ» атты мақалам «Көзқарас» айдарымен жарық көрді. Айдар: «Мән берсек, ел дәулетін еселеуге, мәдениетін көтеруге септігі болар, бірақ сіздің, оның, барлығымыздың тасамызда қалып елеусіз көрінген проблемалар аз ба? Келіңіз, жаңа рубрикаға атсалысып, ой бөлісейік, мәселе көтерейік» – деген редакциялық сілтемемен берілуі – авторға көрсетілген қолдау екені күмәнсіз. .....
Әңгімелер
Толық