Бауыржан Момышұлы | Олар менің есімде


Мен Ленинград финанс академиясының жанындағы мамандық жетілдіру курсын аяқтағаннан кейін, СССР өнеркәсіп банкінің Алматыдағы қазақ конторында экономист-консультант болып қызмет атқардым.

1935 жылдың ноябрінде Орта Азия Соғыс Округінің Ташкенттегі машықтандыру орталығына запастағы командирлер шақырылды. Соған келгендердің ішінде мен де болдым. Біздің топтың командирі орта бойлы, арықша келген, ойлы қоңыр көзді, сопақ бет полковник Павел Вахалов болды. Екі "Қызыл Ту" орденді, азамат соғысында эскадронның алғыр командирі болған кісі еді ол. Павел Вахалов сияқты қос орденді командирлер ол кездерде бүкіл Орта Азия мен Қазақстанда үшеу-ақ еді. Қалған екеуі полковник И.В.Панфилов пен қазақ азаматы Жармұхамедов қана болатын.

Біздің жиынның екінші тобына сабырлы, қарапайым, сұңғақ бойлы сары кісі — майор Степан Чистяков басшылық етті. Ол бұрын атқыштар батальонының командирі болған екен.

Азамат соғысынан алған ауыр жарақаттың салдарынан Павел Вахалов сылти басып жүретін. Ол — қызу қанды, жылдам кісі. Әдетте аяғының кемістігін ұмытып кетіп, бізге сап түзеудің жолдарын, қару ұстаудың тәсілдерін, гимнастикалық жабдықтарда жаттығудың әдістерін, кедергіні алу амалдарын өзі қызбалықпен құмарлана көрсетуші еді. Мүгедектің аты — мүгедек қой. Атты әскердің әдеттегі дәстүр сабаздығын сақтап, ол жаттығуларды қаншама ынтасымен көрсетсе де, кемістіктің аты — кемшілік екенін көрсетіп тұратын. .....
Әңгімелер
Толық