Антон Чехов | Қояншық


I

Бір күні ымырт үйіріле заңгер-студент Васильевтің үйіне көптен дос-жар болып жүрген медик - студент Майер мен Москва сурет - мүсін және сәулет өнері училищесінің шәкірті Рыбников келе қалды да, өздерімен бірге С - в тұйық көшесіне барып, серуендеп қайтуға шақырды. Васильев әуелі көпке дейін көнбей, қасарысып бақса да, ақыры киініп, құрбыларына ілескен.

Сұйық жүрісті зинақор әйелдер жайында ұзынқұлақтан естігені немесе кітаптан ғана оқығаны болмаса, олар тұратын үйлерге ғұмыры бас сұғып көрмеген еді. Тұрмыс тауқыметі, тәлімі, жоқшылық салдарынан тағдыр тәлкегіне ұшырап, арын ақшаға сатуға мәжбүр болған сондай бір әдепсіз әйелдер барын ол білетін. Олар мөлдір махаббат болатынын естіп-білмеген, бала сүюден мақрұм қалған заңнан тыс пенделер; аналары мен апа - сіңлілері оларды шіріген жұмыртқа санап, аза тұтып, жоқтайтын еді де, заң бұларды кесірлі пәлеге балап қуғындаса, еркектер бірден - ақ "сен" деп сөйлесе беретін. Бірақ соның бәріне қарамастан, олар да адамдық келбетін жоғалтпаған құдайдың пенделері болатын. Қай-қайсысы да өз күнәларын іштей сезініп, бір жолы болар деген үміттен күдер үзбейтін. Құтылып шығу жолындағы қам-қарекеттің қандайын болса да пайдаланып қалудан бас тартпайтын еді. Рас, қоғамның кейде адамдардың өткенін өткел ете беретіні бар, бірақ құдай алдында Мысыр әулиесі Мария да басқа әулиелердің ешқайсысынан кем саналмайтын.

Киім киісінен, жүріс-тұрысынан дараланып тұратын сондай әйелдерге көшеде ұшыраса қалса немесе әзіл - сықақ журналынан олардың түрін көрсе - ақ болды, Васильевтің есіне әлдебір кезде әлдеқалай оқыған бір оқиғаның орала беретіні бар. Әлдебір ақжүрек те адал бозбала зинақор әйелге іңкәр болып қалады да, үйленгісі келетінін айтады, әйел болса мұндай бақытқа өзін лайық емеспін деп санап, уланып өліпті. .....
Әңгімелер
Толық