Ілияс Жансүгіров | Әубәкір Сұлтанбекұлының естелігі
Жаңылмасам, шілденің 10-ы күні Албанның мен деген адамын ақжелке пристав Подборков Қарқарада алдына шақырды. Барлығымыз 20-дай кісіміз. Шақырғанда айтқаны: «Мына Қарқара жәрмеңкесінен сарт-ноғайдан, саудагерден 50-дей қара жоғалды. Осының бәрін ұрлап жатқан - қазақ. Болыс-болысқа бөліп алып төлейсіңдер», — деді. «Қарқара қазақ жері болғанмен қазынаға қарайды, бәрімізге ортақ. Төлемейміз», — дедік. Аяғында сөз ерегіске кетіп, пристав тақтай тепкілесе де біз қасарысып отырып алыстық. Пристав бастығын Жәмеңке, Ұзақ қылып 21 кісіні абақтыға қамады. «Түбі осы малды төлемесеңдер сендерді өлтіретін ыңғайы бар», — деп приставты маңайлаған адамдар айтып жүрді. Біз қорыққанымыздан «төлейік» деп уәде қып босанып, 30000 теңгені Албаннан алып бердік.
Ақшаны алып болған соң, ақжелке жігіт сұрады. Біз оны «көп біледіге» сүйеп жүріп кетістік.
Онда Албан екі учаскеге қарайтын. Тараншылармен қосып тоғыз болыс елді Қалжат приставы сұрайды. 5 болыс елді Нарынқол приставы сұрайды. Нарынқол приставы бізді Қырғызсай қаласына жігіт алуға жауапқа шақырды.Пристав: «Кісі бересіңдер ме, жоқ па?» — деп сұрақ қылды. Біз «жеке мұндай ауыр жұмысты ашып айта алмаймыз. Біраз күн мәулет бер, біз көппен ақылдасып, жауап берелік», — дестік. Пристав бізге біраз күн мәулет беріп, Алматыдағы жандаралға білдірмек болды және сол жерде пристав соғыс пайдасына жәрдем сұраған соң жанымыздан 1000 сом ақша жинап бердік. .....
Әңгімелер