Әдебиет | АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКОВ

Ежелден береке дарып, бақ қонған Жиделібайсын жерінің ең бір әлуетті руы Қоңырат болғанда, сол Қоңырат руының жұрттан асқан жуан сіңір байы - Байбөрі еді. Байбөрінің байлығында есеп болмайтын. Төрт түлік малы Жиделібайсынның байтақ даласында аңдай өріп, көрген жанға қара жерді қайыстырып жатқандай әсер беретін. Мұрындық, ноқта тимеген, түйешілер мінбеген маясының өзі сексен мың еді. Мыңғырып өрген қойын айтпағанда, ең даланың шоқ-шоқ боп біткен тоғайы сайын табын-табын жылқы шұрқырап жататын. Ол да ештеңе емес, дәулеті тасыған Байбөрі жаңағы тоғай сайын мыңнан біткен жылқыларын түсіне қарай иіріп, торысына бір бөлек, қарасына бір бөлек, бозы менен аласына бір бөлек қос шығарған. Мұның өзі сырт көзге өзгеше сән-салтанат сияқты әсер беруші еді.
Байбөрі қанша бай болып, дәулеті шалқып жатса да, жүрек түкпірінде орны толмай, орындалмай жүрген бір арманы болатын. Ол - тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. Жас кезінде дүниенің бітпес қызығына елігіп жүріп аңдай бермепті. Бойдан қуат, білектен күш қайтып, тіршіліктің әсіре қызыл өткіншілігіне ой зерделеткен шағында көкірегіне шемен болып қатқан қасіреттің ең зоры - баласыз, алды-артының тұлдырлығы екенін аңғарған жайы бар. Оның үстіне, «Жығылғанға - жұдырық» дегендей, Байбөрінің ет жақын ағайын-туғаны да селдір. «Жыласаң - жұбатып, сүрінсең - демейтін қандасың болса, оған да шүкірлік етер едің ғой деп», - Байбөрі мұны да бір арман қылатын. Жоққа жүйрік жеткен бе, тәйірі, мұндайда немере-шөбере болып келетін аталас туысы Құлтайды іш тартып, өзінше қара тұтатын.
Күндер зулап өтіп жатты. Байбөрінің қасірет-қайғысы өршімесе, кемитін болмады. Дүние дидарының пендешіліктен кенде болған кезі бар ма, біреулер Байбөрінің зарына құлақ түріп мүсіркеп жатса, енді бірі іштей қыбы қанып, мұқатып, жасытып кететін. Тіптен, кейбір бақталас бәсекелестері баласының көптігін мақтан етіп, өктем сөйлеп, мағұрланған да сыңай танытушы еді.
Бір күн Байбөрінің жамағайыны Құлтай келіп кеңес береді.
— Уа, Байбөрі,— дейді Құлтай,— сенің басыңдағы қуанышты ғана емес, қайғыны да тең бөлісер ет жақының болған соң, бір орайы келген істің жайын айтайын деп едім.
— Айта бер, Құлтай, жабыққан көңілді жұбатар жақсылық болғай да! — дейді Байбөрі еңсесін көтеріп. Соңғы кезде әр нәрсеге өзінше жору жасап, көрген түсіне дейін бір перзенттің уайымымен ұштастыруды дағды еткен Байбөрі қазір де іштей толқып, Құлтайдың лебізінен қасіретіне дауа күткендей күйде еді....
Курстық жұмыстар
Толық