Атқаума. Бір топ бала алаңға немесе дене шынықтыру залына жиналады да, ортаға екі бала шығады. Бірінші бала өзінің сол қолымен оң қолының білегінен мықтап ұстайды, екінші бала да осылай істейді. Бұдан соң екі бала бос тұрған оң қолдарымен бірінің білегінен бірі ұстап, айқасқан 4 қолдың басынан «орындық» жасайды да, соған үшінші баланы аяғын салбыратып отырғызады.
Атқаума, атқаума, Арқар атқан қай тауда?
— деп оны көтеріп алып жүреді де, бір жұмсақтау жер кездескенде:
Атқаума, атқаума, Арқар атқан ақ тау ма? Көк тау ма? Көк тау болса, Көп тау ма?.....
Ойын алаңда, спорт залында өткізіле береді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді де, әрбір топ ішінара және екі топқа бөлінеді. (Сонда барлығы төрт бөліктен тұрады.) Қай топтың «аттар», ал қай топтың «Салт аттылар» болатынын жеребе арқылы шешеді.
Алаңнан немесе залдан ара қашықтығы 20 метр қатар екі сызық сызылады. «Салт аттылар» «аттарына» мініп сол сызықтың бойымен қатар түзеп тұрады. Ойын басқарушының берген белгісі бойынша «Салт аттылар» екінші сызыққа жетіп орын ауыстырады да, қайта жүгіріп бірінші сызықтан өтеді. «Салт атты» бұл кезде үнемі өз «атының» арқасынан қағып қойып отырады, ал «ат» үнемі алға ұмтылады. Ойын қызып, жалғаса түседі. Қай жақ жылдам екінші сызыққа жетіп, қайтып бірінші сызыққа бұрын жетіп келсе, солар жеңіске жеткен болып есептеледі. Ойын жастарды жинақылыққа, ұйымшылдық, коллективтік әрекет жасай білуге үйретеді, жолдастық қарым-қатынасты қалыптастырады, дене күшін сомдап, төзімділікке үйретеді......
"«Ат үстіндегі тартыс»" ойынын жүргізу үшін 20-30 шаршы метр алаң әзірленеді. Осы әзірленген алаң ортасына ойынға қатынасушы 3-5 жаяу мен бір атты шығады. Жаяу ойыншылардың мақсаты — аттыны жаяулату. Атты жаяулардан қашады. Ойынның шарты бойынша, жаяулардан қашқан аттының белгіленген алаңның сыртына шығып кетуіне болмайды. Ойын жүргізуші жаяуларға аттының атына тиіспей, өзін аударып тастау үшін 10-15 минут уақыт белгілейді. Осы уақыт ішінде аттыны құлата алмаса, жаяулардың келесі тобы шығады .....
«Арынды арқан» ойынына қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойын кең жазық алаңда, көгалды жерде ойнала береді. Ойын жүргізу үшін 2—3 не 4 метрдей арқан керек. Ойнаушылар кең жазық алаңға келіп жиналған соң араларынан бір ойыншыны ойын жүргізуші етіп сайлап алады. Сонан соң ойын жүргізуші қолына арқанды алып, жиылған топтың ортасына келіп тұрады да, «Ойынды бастадым,» — деп дауыстайды. Содан соң ол арқанның түйілген басынан ұстап, шеңбер бойымен ортада тұрған ойыншыларды орай айналдырады, ал ойнаушылар болса, секіріп тұрып арқанды аяқтарының астынан жібере береді. Кімде-кім еекіріп арқанды жібере алмай қалса, не басып кетсе, онда жаза тартады, көпшіліктің ұйғаруымен ортаға шығып өнер көрсетеді және ойын жүргізушімен орын ауыстырады. Ойын жалғаса береді.
Ойынның екінші түрінде секіре алмай, арқанды ұстап қалған ойнаушылар ойыннан шығып отырады, сөйтіп бір ойыншы қалғанша арқанды айналдыра береді. Осылайша қалған бір ойыншы жеңімпаз атанады.
Келесі үшінші түрін де топқа бөлініп ойнауға болады. Онда да арқанды ұстап қалған ойыншылар ойыннан шығып отырады да, қай топтың ойыншылары бұрын шықса, сол топ ұтылған болып есептеледі. Бұл ойын жастарды жылдам қимылдауға: тез шешім қабылдауға үйретеді .....
Алтыатар ойыны – көнге әр адам асық тігеді. Сол қатарға тағы бір сақа тігіледі (үйіргенде баланың шік түскен сақасы). Асықтардың арасында саңылау болмай тіркестіріле қойылады. Көннің екі жағына 1м. Сызық, ал 4-5-6 м. жерден ататын қарақшы белгілейді. Кімде-кім түптегі сақаны атып ұшырса (1м асыра) бүкіл асықтарды сол алады. Ал сақаға тимей асықты ұшырса, оның сызықтан шыққаны ғана соныкі болады. Ату саны – 6рет. Алғаш сақасы шыққан бала бірінші болады да, қалғандары одан кейінгі кезекте атады. Алты рет атыстан қалған асықтардың бәрі түпте қалған баланікі болып есептеледі (сақасы тігілген бала). .....
Айтжүргін - ойынында жиналған жастар дөңгеленіп отырып, тізелерін бүгіп, аяқтарын жартылай алға созады. Осы кезде ортаға көпшіліктің қалауы бойынша біреуі шығып, беліндегі белдігін алып отырғандардың біреуінің бүгулі тізесінің қуысына тыққан кезде отырған адам қолма-қол белдікті ұстай алып арлы-берлі "айтжүргін" "айтжүргін"деп басқалардың аяғының арасына жылдамдатып жүгірте береді. Осы кезде ортадағы адам белдікті жылдам суырып алып, іздеушінің арқасынан белдікті жылдам суырып алып, іздеушінің арқасынан гүрсілдетіп ұрып-соғып есінен тандырады. Бір кезде өлдім-талдым дегенде белдікті біреуінің аяғының арасынан ұстай алғанда, өзінің шабан қимылдауының, орашолақтығының кесірінен ұстатып алған адам ортаға шығып айыбын ән айту, домбыра тарту немесе би билеу арқылы өтейді де, әрі қарай ойынды сол жүрізетін болады. (Мұндай айып кезінде орындаушының өз қалауы бойынша кез келген ән-күй, би орындалады). .....
Ойнаушылар екі топқа бөлінеді. Олардың сандары да, жас шамалары да бірдей болулары керек. Екі топтың екеуінің де бастаушысы болады. Аралары 10—15 метрдей жерде қол ұстасып қатарласа тұрған осы екі топ біріне-бірі сөз тастап, күш көрсетіп, өнер жарыстыра бастайды. Екі жақтың ойын бастаушылары орталарынан бір қыз бен бір жігітті шығарып, олардың қолына бір ақ тас, бір қара тас береді. Олар екі тасты ешкімге көрсетпей, уысына қысып тұрады да, екі ойын басынан:— Сен қай қолдағы тасты қалайсың?— деп сұрайды. Бастаушылардың біреуі мен: «Оң қолдағы тасты қалаймын»,— дейді, екіншісі сол жақ қолдағы тасты алады. Қайсысында ақ тас болса, сол ойын бастайды.
Айгөлек-ау, айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек. Күші мығым, қуатты, Екпіні желдей өршіген Шепті бұзар ер керек......
Ойын-сауық, әдет-ғұрып ойындарының бір түрі — «Тоғыз аяқ, тоғыз табақ». Бұл әсіресе қазақтың баласын үйлендірерде қыздың әкесіне барып, құда түскенде, екі жақтың келісімі жарасқан шат-шадыман көңіл күйін, туыстық жарастық көңіл күйді білдірген. Осы құда түсу кезінде қонақ сыйларын халық «тоғыз аяқ, тоғыз табақ» деп атаған. Халықтың әдетінде жайшылықтағы қонақ асы бөлек те, құданың асы бөлек берілген. Құдалардың арасындағы сөз әбден келісіліп болғаннан кейін, енді құданың қайтардағы қонақ асысы тағы бөлек — «Құйрық-бауыр» болыпты. Мұнда құйрық май мен бауыр туралып, оған қосымша айран араластырып, қайтар жолда жесең де жейсің, жемесең де жейсің деген ойын-кәде жасаған. Жемесең тойғаныңның белгісі деп, құдаларға асатқан кезде айранды бетаузына дейін түгелдей жағып шыққан. Құда енді бұл асатудан тек кәдесін жасап барып әрең құтылған. «Құйрық-бауыр» асататын көбінесе жас келіншектер болып келеді де, олар асататын адамдарына арнайы ән айтумен болады. Қатынасушылар көбінесе тапқырлық, шапшаңдық көрсетіп жазадан құтылып кетуге, асатушылардың саусақтарын тістеп алуға тырысады.....
Халықтың қой бағуға байланысты еңбегін бейнелейтін мерекеге ұласатын ойын-сауық ойындарының бірі — «Күзем алу» болып өткізіледі де, үлкен тойға ұласады. «Күзем алып» жатқан ауылдың сыртынан байқастаған адам, ығы-жығы адамдарды көрер еді, біреуі ән салып, бірі күй шертіп, енді біреулерінің айтысып жатқанын естисің, жүнді шаңырақтан шығара көтере сабаған жастар, киізді шиге орап қарпығанда, жон асырып бір ауыл мен екінші ауылдың арасында домалатып теуіп жүргенде де, әзіл мен айтыс өлеңдерді, киізді басуға арналған ән-жырларды айтады. «Қой басты, қой басты»,— деп үлкен үйлердің алдына әкеліп — ырымын алады. Қазіргі «Өрмек биі» осындай халық ойындарынан алынған......
Қазақ халқының ойын-сауық, әдет-ғұрып ойындарының көпшілігі осы ойынмен басталады. Наурыз мейрамында бұл ойындар екі жақтың тартысы арқылы ойналып, қыстың қысылшаң қаттылығын бейнелейтін болған.
Наурыз кезінде жақын екі ауылдың келісуі бойынша, мерекеге жиналғандар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың аты — «Ақ боран» да, екінші топтың аты — «Қалтырауық қамыр кемпір». Әр топ ойын басталмас бұрын өздерінің ішінен өнердің барлың саласына қатынасатын (ақын, палуан, мерген, найзагер, құсбегі, шабандоз тағы сол сияқты) ойыншыларын дайындап, сайлап алады да, жиналған қауым екі ауылдың ең үлкен ақсақалдарының батасын алады.
Ойын ең алдымен екі жақтың ақындар айтысымен басталады. Бірінші күні-ақ айтысқан екі жақтың тартыс-бәсекесінен біріне-бірі оңайлықпен беріле қоймағандығы байқалады. Мереке өнердің барлық саласынан-ақ осындай қызу тартыспен өтеді.
Ақындар айтысы бітісімен, палуандардың күресі басталады.
Палуандар күресі біткеннен кейін «жаяу жарыс» басталады. Бұл ойынға қатысушылардың санына шек қойылмайды. Екі топтың өзара келісімі бойынша белгіленген екі көмбенің арасын жүгіріп өтулері керек. Жаяу жарысқа қатысушылар нақтылы қандай қашықтыққа жүгіретінін ешқайсысы білмеген, өйткені бұл екі көмбенің арақашықтығы еш уақытта өлшенбеген. Тек бертін келе ғана мөлшермен өлшене бастады. Шамамен бірден үш шақырымға дейінгі қашықтық алынған жаяу жарысқа қатысушылардың әрқайсысы өзінше жүгіріп, бірінші келгені жеңімпаз атанған.
Бұдан кейін халқымыздың ат үстінде ойнайтын ойындары басталып жалғаса беретін болған.
Ат үстіндегі ойындардың бір түрі «Жамбы ату». «Жамбы ату» ойыны қазақтың ата тегінен бері келе жатқан, болмаса аңшылық кәсібінен қалған, келе-келе көз ұшындай жерге жамбы тігіп, соны ататын, көңіл көтеретін, бүкіл жұрт болып қызықтайтын ұлттық ойынына айналған. Бұл ойын халықтың ұлт ерекшелігін көрсетеді. Себебі қазақтар жамбыны ат үстінде тұрып, болмаса шауып келе жатып қана атқан.
Мұның өзіндік ерекшелігі мынада: қазақтар жамбыны атқанда бүгінгідей анандай жердегі тақтадағы нысананы көздемеген. Олар ұзын сырықтың басына мергенге арналған сыйлықты, болмаса жамбыны шүберекке орап, не ашық түрде жіпке байлап іліп қояды.
Мергендер жамбыны атқанда, оны байлаулы тұрған жібінен көздеп жерге түсіреді. Жамбыны атқанда әркім өз атының үстінде жүріп, не шауып келе жатып садақпен атады. «Жамбы атудың» қызықтылығы сондай, оны тамашалауға жиналған жұрт басқа ойындарды ұмытып бар назарларын соған салатындықтан, оны барлық ойындар өткеннен кейін, ең соңынан қызықтайтын болған. «Жамбы ату» ойыны тігілген жүлдені мергендер атып алғанға дейін жалғаса береді. Кей жағдайларда ойын қызығына қанбаған жұрт жамбыны үш ретке дейін тігеді.....