Мұқан Иманжанов | Адам туралы аңыз

«Адам — ардақты ат».

Максим Горький

1

— Шіркін, мен ақын болсам! Адам жанын, адам жүрегін, адамның ұлылығын терең сезімді тербете жырлар едім, достым! Адам бойындағы ерлік пен ізгілікті мадақтауға не жетеді!

— Біз сені үй салуды ғана үйренген қарапайым инженер ме десек, өзің үлкен романтик екенсің ғой, Бәкен,— деді құрылыс бастығы Петров, өткір қара көзімен алысты шолып, тотыққан қара торы бетінде қанатты ойдың елесі ойнаған жас инженерді арқаға қағып.

— Қалжың өз алдына, Николай Иванович. Көз салыңызшы төңірекке. Зәулім үй, сәулетті қала алақаныңыздың аясында тұрған жоқ па! Осыдан екі жыл бұрын сіз бен біз қайда кездесіп едік. Есіңізде ме, бірінші рет қол алысып төңірекке көз салғанда, қаусаған қаланы, бұзылған үйлерді, жалын жалап кеткен құр қабырғаларды көрмеп пе едік. Менің бір жолдасым: «Біздің еліміз ерлердің елі, әр күніміз — ұлы жорық» деуші еді. Өмірдегі қарапайым адамдардың ерлік ісін көргенде, осы сөз есіме түседі. Біздің өмірдің әр минутты бір дастан сияқты. Мынау үйдің әр кірпішінде дауыстап айтылмаған терең сыр жатқандай көрінеді маған... .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Сөніп жану

... Қоңыр күздің мезгілі, сентябрьдің бас кезі еді. Ел орынға отырған уақытта жарық айлы тыныштығы мол түнде қалың таудың ішімен үш салт атты келе жатты. Жүргіншілер келе жатқан қабат-қабат биіктің арасында жатқан жіңішке өзек кейде тарауланып көп салаға бөлініп, кейде иін тірескен биік тік жартастардың арасынан жалғыз аяқ жолдай болып жіңішкеріп, жыланша иіріледі. Қонарлық жерге кешігіп қалып, жетуге асыққан жолаушылар осы өзекті өрлеп желіп келе жатыр. Жарық айлы тынық түнде таудың ішіндегі ұлы тыныштықты бұзып тұрған дыбыс — тастақ жолмен жүріп келе жатқан аттылардың тықыры ғана. Бұдан бөтен ешбір дыбыс жоқ. Табиғат тастай қатқан жым-жырт. Жолаушылардың үшеуі де жас жігіттер. Жақсы киініп, семіз ат мінген бозбалалар еді. Бұлардың екеуі Ырғайлы болысының оқыған жігіттері — Сыздық пен Сүлеймен. Үшіншісі — ел ішінің жігіті, бұлардың жолдасы — Есімжан. .....
Әңгімелер
Толық

Бауыржан Момышұлы | Хат

Батыста көп шабуылдың бірі.

Аспанды қапылыста қара бұлт қаптап, солтүстіктің сайтаны ұстап, ызғарлы жел долдана соққанда, өңімнен өтіп барады.

Жел кейде айдаһардай ысқырып, ұйтқыта итеріп өте шығады. Кейде аңдай ұлып ышқынып, ішін тартып, үрейлендіре перідей соғып, астымыздағы жануарды тәлтіректетіп, иығынан екпіндей жұлып, бізді ер үстінен ауытқыта жаздайды. Кейде саябырсып, баяулап, сыбырлай жаяу аяңдап, жер бауырлап, орман жапырақтарын сылдырлата желіп, бізді мазақтағандай сылқ-сылқ күліп майда желіске салып, мәймөңкелей жөнеледі.

— Уа, табиғат. Сен де бүгін сағат сайын құбыла құтырып қажыттың - ау, — деді қасымдағы жолдасым қатарласа беріп, — жолдас гвардия полковнигі, алдағы сарайды паналап, біраз тыныс алып, темекі тартсақ қайтеді, — деді.

— Жарайды, — болды менің жауабым. .....
Әңгімелер
Толық

Әлімақын Жанболат | ОАЗИС фильмі немесе киелі жазбаның сыры

Шведтың ұлы режиссеры Ингмар Бергман әйгілі «Үнсіздік» деп аталатын фильмінде адам ары мен нәпсісі ортасындағы күресті қарама-қарсы типтегі екі кейіпкер арқылы көрсеткен болатын. Ең қызығы осы фильмді көрген кез-келген есті көреремен экраннан екіге жарылған өз кейіпін көре алатыны хақ. Өйткені пенденің ішкі қайшылықтарымен күресі ол бітпейтін және ең үлкен күрес. Алайда біздің айтпағымыз «Бергманның кейіпкерлері» спетті бүгінгі ұлттық болмысымыздың қарама-қарсылығын дәл көрсете алған кинотуынды туралы еді. Дәлірек айтсақ, Бегарыс Елубаевтың «Оазис» фильмі жәйлі болмақ.

2 ақпан күні Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қазақтың белгілі жазушысы Сымағұл Елубаевтың сценариі бойынша түсірілген «Оазис» көркем фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Кинокартина осыдан бір күн бұрын ғана қазақстанның барлық кинотеатрларынан прокатқа шыға бастаған болатын. Көрсетілімдік кешке Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова және Асаналі Әшімов, Есмұхан Обаев, Сымағұл Елубаев сынды өнер ұжымының ақсақалдары арнайы келіп қатысты. Режиссер Б.Елубаев бастаған Фильмнің түсірілімдік тобының өкілдері де көрсетілімде болып, көрермен сұрақтарына жауап берді. .....
Әңгімелер
Толық

Дүкенбай Досжан | Сөз киесі

Тағдыр әу баста пешенеге жазылады.

Асылмұрат бала жастан пешене дегенді – кісі маңдайы деп түсініп жүріпті. Жас адамның маңдайында әжім болмайды. Тері мен сүйек арасында болар-болмас әлде бір із сырт көзге сезілмейді. Келе-келе... кісі егделене... маңдайға көлденең сызылып әжім түседі. Әлгі шимай кейіпкеріміздің көзіне жазу болып елестейді. Жұмыс басты пенденің өмір жолы... кім болмағы... нендей қатерлі асудан өтері... қандай кепті басынан кешетіні... алдын-ала айнаға түскендей жазылып қояды дегенге кәдімгідей иланатын. Кейіпкеріміз сөзге жоқ, сырын ішке жиып, біртоға мінезбен өсті. Құрбылары таласа сөйлеп, кимелеп көзге түсіп, қай ортамен мидай араласып, тастай батып, судай сіңіп жатқанда – бұл пақырың аузынан сөзі, иінінен бөзі түсіп, дастарқанды шетжағалап отырғанды қалады. Құйма құлақ атанды. Үндеместің сыры ішінде, сол сыр... қоңыр мұң... адамшылық арыз... жүрек шері сыртқа шықпай, қордаланып жинала-жинала Асылмұратты бір отырып жазып тастайтын жазушы етті. Жылдар өте тірі сөз теру кәсібіне айналды.

.....
Әңгімелер
Толық

Бауыржан Момышұлы | Жауынгердің тұлғасы


Ерлерді ел танысын деген мақсатпен «жауынгердің тұлғасы» деген теманы қолдан келгенше жазып, тілдің жеткенінше айтып, (қалам ұстаған жазушыларға) көзбен көріп, қолдан өсірген (әрине, әскери мағынада) ел азаматтары — жігіттер — жауынгерлердің, олардың әскери мамандықтары — кәсіптерінің әр түрінен (майдан — соғыс оқиғасына байланыстырып) болған ақиқат мысалдар келтіріп, аттарын қағаз жүзіне қалдырып, істерімен елді қысқаша таныстыру ниетімен күнделікті дәптерге найзадан қол босаған кезде, шала - шарпылау етіп асығыста жазып жүргендерімнің бірнешелері осы одағай, көркемсіз түрінде сізге тарту болсын. Аманшылық болып, қол тисе, теманың қалған әңгімелері кейіннен жазыла да, айтыла да жатар. Барлығы 20 әңгіме былай доғартылмақ.

Мәскеу өлкесіндегі қырғын соғыстың кезі.

Ноябрьдің 26 жаңасы. Жерге шідеріден жоғары қар түскен. Солтүстіктен соққан қара жел қарып жеп, кісінің өңменінен өтіп барады. Немістің басым күшінің алдына көлденең түсіп, Мәскеуге қарай жібермей бөгет болып, күніне үш-төрт шабуылын тойтарып С. қыстағының маңайында жанталасып соғысып жатқанымызға төртінші күн болғанда, мені күтпеген жерде дивизияның штабына шақырды. .....
Әңгімелер
Толық

Бауыржан Момышұлы | Троллейбуста


— Тұрсаңшы.

— Иә, қазір, — деп ұйқылы көзімді ашып киіндім.

— Балаларды базарға жіберейін деп едім.

— Оларға мен базарға барма дегенім жоқ қой. Жібере бермейсің бе?

— Қолдағы ақшаны кеше келін алып кетіп еді. Балалар жуынғанша, сберкассадан ақша алып келсеңші, — деп мені жұбайым Ғайникамал оразамды аштырмастан жұмсады.

Аш қарынға бір сигаретті тартып мен көшеге шықтым.

Троллейбустың ортасындағы орнында отырмын. Түрегеп тұрғандар да аз емес. Менің желкемде екі қазақ студент тұр.

— Ей, сені не қара басып, әлгі Есенжанмен төбелесіп жүрсің? Екеуіңді егіз қозыдай тату жолдас деп жүруші едік, — деді біреуі.

— Ол ақымақтың өзі кінәлі. Қой десем, қоймастан аузына келгенін оттап, ақырында мені оскарбить етті. Шыдай алмастан, мен оны Бауыржан Момышұлымен періп келіп жібердім. Ол да қарап тұрсын ба — мені шапалақпен тартып жіберді. Мен оны да оңдырғаным жоқ. Төбелес солай басталды...

— Остановка Фурманова! — деп жариялады. Мен орнымнан тұрып, троллейбустан түсіп кеттім.

Үйге келген соң естігенімді жұбайыма айттым.

— Сенің қазақша бір жинағың «Бауыржан Момышұлы» емес пе еді, — деп Ғайникамал ішегі қатып күлді.. Сол кітапты оқып жүрген бала ғой. Ол жолдасын сол кітаппен періп жіберген болар, — деп тағы да күлді.

.....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Жансүгіров | Қара бауыр

Бұратарада

Ардақты оқушы!

Алатау... Алатаудың асқар-асқар асуынан арғы бетке асырсам, алдарыңнан аңғары ұлы өзен кезігеді. Аңғардың екі жағы қап-қара үңгір, меңіреу құз көресің. Құздың аспанға өрлеген басы ақшонақ шоқы, мәңгілік мұз көресің. Өзен арнасы тамылжыған тоғай. Балақ-балағы, түбек-түбегі жыныс, жақпар-жақпар жартасқа көзің сүрінеді. Сол жақпарға үңіле қараңыз, ол көрінгеннің барлығы да тұтас тас емес. Оның бірсыпырасы жанды тастар. Арбақай мүйіз арқарлар, тоң, ерек мойын құлжалар, тағылығы шектен асар асау тауешкі, таутекелер, тарлан тасты тарғыл шұбарлап безеген сулар.

Осы көрікті табиғаттың ортасына у-шу қылып асау атынды судан құлағыңыз тосаңсиды. Бұл — Алатаудың атақты өзені Бұратара. Қалмақ жері. Мұндағы Жоңғар қалмағы.

Сол құлдыр шұнақ шоқының зындан құзынан бір жіптей жіңішке жалғыз аяқ жол жатады. Із шыққан Айдар кезенінің астынан су ағып, осы жол алатаңдақтанады. Сіздің түсетін жәһаннамыңыз осы болады. Ақырында апарымдайсыз. Тасқа таянасыз. Жарға сүйенесіз. Бұтаға жармасасыз. Құлай-құлай табанға түсесіз. Түскен жеріңіздегі жыраңқайдан іш су ете түседі. Алдыңызда аң ба, адам ба — аң-таң боласыз! Ғажайып сұмдық көресіз: Керегесі жоқ уық көресіз. Туырлығы жоқ түндік көресіз. Боз шұбар, бөрте қойтастай бұғынып-бұғынып жерді құшақтап жарты үйлер жатады. Үзігі қылан боз үй де, құнары жоқ қара лашық та жермен-жексен. Батпаққа түскен сиырдай белуарынан үйлер қара жерге батқан болады. Тамсанасыз. Бәрі де бөкене, уық үй осы болады. Жаугершілік заманындағы «жолым үй», «абылайша», «қос» деп осыларды айтады. Жүздері солыңқы, қабақтары салыңқы, еңсе жоқ, жігері құм, құр сүлделі үрейі ұшқан адамдар болады. Адамның ауылы емес, Алатаудың аң өмірі алдыңа келеді. Таң қаласың. .....
Әңгімелер
Толық

Бауыржан Момышұлы | Біз ұрыстарда ер жеттік

28-гвардияшы Панфиловшылар өздерінің қанымен өшпес даңққа ие болды. Халқымыз олар туралы өлең-жыр шығарды, аңыз етеді. Олардың есімдері халқымыздың гитлершіл басқыншыларға қарсы Ұлы Отан соғысының тарихында мәңгі сақталады. Дивизиямызды құрушы Иван Васильевич Панфиловтың есімі мәңгі өшпейтін жауынгерлік даңққа бөленген. Сондықтан да панфиловшы ерлерді көргенде:

— Сіз расымен Панфилов дивизиясынансыз ба? — деп таңданған адамдарды талай кездестіргенім бар.

— Ия, — дейді панфиловшы. Сол таңдандырған панфиловшы кәдімгі жай адам болып шығады.

Ол керемет батыр емес, асқан алып емес, ол, тіпті, соғыстан бұрын армияда болмаған, тек бір колхозда адал еңбек еткен, фабрикада немесе заводта жұмыс істеген, я болмаса бір мекемеде бухгалтер болып қызмет еткен өзіміздей бір адам болып шығады. Әриие, бұл бейбіт совет азаматы солдат шинелін киіп, қолына винтовка алғаннан кейін де бірден жауынгер бола қойған жоқ.

Осындай әр алуан қарапайым адамдардан Генерал Панфилов 2,5-3 айдың ішінде жауынгерлік құрама жасақтады. Взвод емес немесе рота, полк емес, тұтас бір дивизия құрды. Бұл — Панфиловтың зор еңбегі. Ол 8-гвардия дивизиясының қолын жеңістерге жеткізді.

Панфилов соғыс өнерінің кемеңгері еді. Ол соғыстың өнері мен әдісіне мейлінше жетік, ұрыста батыл, соғыс ғылымында жаңалық тапқыш ақыл-ой иесі еді. Ол ұрыстарда дұшпанның генералдарынан басым түсіп отырды, оларға өз дегенін істей білді, жаудың әскер сапының осал жерлеріне қатты тиіп, оған істің түйіні шешілетін учаскелерде, үзілді-кесілді кезеңдерде қирата соққы бере білді. .....
Әңгімелер
Толық

Қош бол! Сен кереметсің!

Сұп-суық желі азынаған, күллі айналаны күңгүрт түске бояған күрең күздің соңғы күндері өтуде... Сап - сары болған жапырақтардай сағынышқа оранған менің жаным, санамнан еш кетпейтұғын сол жанды тағатсыз сағынады...
Өлеңдер
Толық