Нәсіреддин Сералиев | Қарақыз

1

Шынарды біздің ауылдың үлкен-кішісі түгелдей Қарақыз дейтін. Тек мен ғана Қарақыз демей, «апа», не Шынар деп атын атайтынмын.

Көрші едік. Менен он жастай үлкен еді. Мені ол туған бауырындай көретін. Мен де оған үйір едім. Шешем «ізіне ерген не інісі, не сіңлісі жоқ, сосын сені қара тұтады ғой, қайтсын» деп отыратын. Әкесі соғыста хабарсыз кеткен, бір үйде шешесі екеуі ғана. Соғыс кезінде мектепті тастап, майдандағы ер-азаматтар орнын басып, колхоз жұмысына араласып кеткен. Оқи алмай қалғанына өкініп, «жетіншіден әрі оқи алмадым ауылдан ұзап... ой, жағдай киын болды ғой, елдің қарны тойғаны осы ғана» деп, менің кітаптарымды бірге оқысып, «жақсы оқы, жақсы оқысаң адам боласың» деп ақылын да айтып қоятын. Дастан, қисса дегендерге құмар-ақ. Ауылдағы Ахмет деген жыраудан жазып алған бес-алты дәптердей қиссаларым бар. Көбіне маған соны оқытып, «даусың әдемі, нашына келтіріп оқисың» деп мақтап, ұзақ тыңдайды.

Шынар бүйрек бет, бітік көздеу қарақыз еді. Осы түсінің қаралығына қарап жұрт қарақыз атап кеткен-ау деймін. Он үштердегі кезім, көп нәрсені біле бермейім. Жиырма төрттегі Шынарды ауылдың әйел-еркегі. «Отырып қалды. Көк етікті табылмайды, көн етіктіге бармайды. Енді сүйтіп жүріп «кәріқыз» атанады» деп өсектейтін. Шынарды аяйтын менің шешем ғана. «Қайтсін енді, құрбыларының көбі соғыстан оралмай қалды. Шал-шауқанға қалай барсын. Майданнан бірен-сараң аман келген жігіт кімге жетсін» деп аяйды.

Мен де аяймын. Шынарды «кәрі қыз» деп мазақтағандармен төбелесуге бармын. Бірде әлде кім оның есігіне:.....
Әңгімелер
Толық

Төлен Әбдіков | Өліара

БІРІНШІ БӨЛІМ

I

Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Жаз айында суы кеміп, кей тұстары жиегіне қамыс, құрақ, арагідік шоқ–шоқ шілік өскен бірде тұщы, бірде ащы үзік–үзік қара суға айналады. Жағасы биік әрі құлама болғандықтан, суаттан басқа жері тіршілікке қолайсыз. Елдің көбі жайылым қуып, шашырай қонып, ауыз суды құдықтан ішіп, малды да құдықтан суарып әдет қылған. Қыста қар — суымен күн көреді. Әсіресе егіні жоқ, бірыңғай мал бағып, құм жайлаған шаруалардың өзен суына күні түсіп көрген емес. Әйтсе де солардың өзі «биыл Жыландының суы аз екен» десе, айдалада отырып уайым қылып, «көп екен» десе, «е, бәрекелді» деп қуанып, шүкіршілік етіп отырады.

Сол Жыландының «арғы бет» деп аталатын түстік аймағында елді мекеннен тым жырақ қоныстанған жалпақ ауыл сырттан келген адамдарға өздерін: «Қосымнан тараған бір атаның балаларымыз ғой», — деп таныстыратын. Бірақ қосым қайда, біреу қайда, бұл күнде біраз ата бір–бірімен қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы — жиенді күйге ауысқан; жиын кеңесте бірін–бірі қажамаса отыра алмайды. Еріккен шалдар таяғымен жерді шұқып қойып, әлдебіреулерге: «Шірік неме, сені бүлдірген анау шөккен түйеге міне алмайтын жаман әкең ғой, сірә», – деп; егер пысықтау біреу болса: «Өзің бізге тартып адам болып жүрген шығарсың, егер аталарыңа қараған күн болса, біржола жынды болып кетер ме ең», – деп кеңк–кеңк күліп, қажаған адамының шақшасын сұрап, насыбай атысып отырар еді. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Ағаштар неге ашуланды

Жадырап көктем туды. Қар қауырт еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді.

Мектепте көшелерді көгертіп, ағаш отырғызу апталығы басталды.

Оқушыларды түгел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады. Орман болса тан іргеде тиіп тұр. Көшеге ағаш отырғызып, әуреленудің керегі қанша деп ойлады ол. Бірақ жұрт бір кісідей жұмылып кіріскен істен Алмабек шетте қала алмады. Өз кластарымен бірге тоғайға ол да барды. Бірнеше жас тал, терек, қайың әкеліп, басқалардың үлгісімен терезе тұсына тізіп отырғызды.

Алмабек осымен істі тындыға санады. Өзгелер отырғызған ағаштарын суарып, түбін қопсытып, мәпелеп күтумен болса, бұл оның бірін де істемеді.

Жаз шықты. Көктемде отырғызған ағаштар жапырақтары желкілдеп, бойлап есе бастады. Солардың арасында: Алмабек отырғызған ағаштар ешбір күтім көрмеген соң тамырланып кете алмай, шөжіп шалажансар жұтап тұрды.

Орманнан өздерімен бірге әкеліп отырғызған басқа ағаштардың айнала жамырап, жайнап өсіп келе жатқанын көргенде, қуқыл тартқан ағаштар қапаланып, қайғыға батты. Ертелі-кеш самал желмен тербелген ормандағы кешегі еркін өмірлерін аңсап, бір біріне мұңын шағып жылады. «Бұл халде тұра берсек, біраз күнде тамырымыз суалып, құритын шығармыз», — деп уайым шекті.

Бұл қайғылы халді самал жел өзен бойындағы орманға жеткізді. «Осындай да осындай. Алмабек дейтін бала алып барып отырғызған сіздердің туысқан шыбықтарыңыздың халі мүшкіл екен»,— деп, ол сыбдырлап бұталарға айтып еді. Ауыздарына сөз тұрмайтын бұталар оны сыбдыр қағыл талдарға, талдар қайыңдарға, қайыңдар дереу теректерге жеткізді. Сөйтіп, кен алқапты жалпағынан алып жатқан ну орман Алмабектің қылығын түгел естіді......
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Жалғыз қолды биллиардшы


Төркіні жақын қыз дамыл таппайды. Өзің тұратын қаланың тап іргесіндегі демалыс үйіне тынығу соған ұқсайды екен. Қаншама алаңсыз боламын дегенімен бола алмайсың, екі күннің бірінде сары портфельді салақтатын, қала қайдасың деп, тартып бара жатқаның.

Сенбінің кешінде үйге кетіп, мұнда бүгін оралсам, биллиардшы достарым ұясын аю талқандан кеткен арадай гу-гу етеді.

— Ойбай, осында тынығуға жалғыз қолды біреу келіпті, биллиардты ғажап ойнайды! Ұтпаған адамы қалған жоқ...

Жай ғана мықты биллиардшы келіпті десе, мен әрине, таңырқамас едім. Ал мынау өзі жалғыз қолды, өзі мықты биллиардшы. Жалғыз аяқты керемет жүйрік біреу келіпті деген секілді құлаққа сөкеттілеу естіледі. Кім екен деп, көріп - білгенше ынтық болдым.

Сөйтсем, жұрттың өрепкіп, әңгіме етіп жүргендері өзім жақсы танитын, ағарту мекемесінің бірінде үп - үлкен қызмет атқаратын биязы әсем жігіт Халел болып шықты. Meн, бірақ, оның биллиардшы екенін білмейтін ем.

Амандасып болысымен:

— Ау Халел, сені жұрт керемет биллиардшы дейді ғой? Сондай да өнерің бар ма? Мұндағы ойыншыларды жайпап салған көрінесің? — дедім.

Өзінен шашы бұрын қартайған буырыл бас Халел сыпайы ғана күлімсіреп:

— Е, біздікі деген жай ермек қой, — дейді.

— Ермегің мынадай болғанда, ермек емесің қандай? Мүмкін екеуміз ойнап та жіберерміз?

— Еркің білсін.

Міне, біз биллиард ойнайтын бөлмедеміз. Осында тәуір екі ойыншы болса, біріміз деп жүргеннің өзімін. Халелмен күш сынасып көруге ынталы - ақпын. Бірақ жалғыз қолды адам биллиардты соншалық ғажап ойнайды дегенге іштей сене де қоймайтын тәріздімін.

Халелдің оң қолы иық түптен жоқ, бары тек сол қол. Екінші дүние жүзілік соғыспен ол есепті солай айырысқан. Соғысқа бір қолын садақа етіп берген де, шыбын жанын аман алып қалған.

.....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Қайдасың Гауһар


1

Алматының Пастер көшесімен жүре қалсам, осынау астынғы қабаты белуардан жерге батқан ағаш үйді, осынау бір жағына қарай қыңырайып, қисая бастаған көне ағаш қақпаны көргенде, менің есіме Гауһар түседі. Сондағы бастан кешкен уақиғалар тізбектеліп көз алдыма келеді. Жүрегімде діріл пайда болады.

Біз Гауһармен дәл мына арада кездесіп, танысқан едік. Ол, әне, апа жерде қақпаға сүйеніп, бізге күлімсірей қарап тұрған. Жұп - жұмыр уыз мойнында күн нұрына шағылып, жалт -жұлт еткен ұсақ шынжыр баулы әсем медальон.

Бәрі: көше де, үй де, түбіне шірімес үшін тас орнатып, бағандарды сол тасқа бұрандалап бекіткен қаракөк ескі қақпа да сол сондағы қалпы. Тек Гауһар жоқ. Бәрі шын болғанда, Гауһар ғана елес...

Мен осы арадан әрлі-берлі өткен сайын Гауһардың қарасы жарқ ете қалатындай - ақ қақпадан ішке елегізіп, қарап. өтем. Жоқ, жарқ ете қалмайды.

О, Гауһар, қайдасың? Барсың ба жер бетінде? Бар болсаң, неге кездеспейсің? Жоқ әлде ұмыттың ба сен мені? Менің атымды жүрегіңмен мәңгілікке сызып тастадың ба? Жо, жоқ! Олай болуы мүмкін емес.

2

Соғыс кезі. 1943 жыл. Іске татыр естияр еркек кіндіктінің бәрі дерлік армияда. Ауылда қатын-қалаш, шал - шабыр, ауру сырқаулар қалған.

Мезгіл жетпей үзілген көк жемістей соғыс бізді, балаларды ерте есейтті. Әкелеріміз бен ағаларымыздың еңбектегі қаңырап, босап қалған орымдарына, шамаларымыз келсін, келмесін жарбиын, біз ие болуымызға тура келді. Қазекем бұндайда «ит жоқта шошқа үреді қораға» дейді.

Сондайлардың біреуі мына менмін. Содан бір ғана жыл бұрын тоғызыншыны атүсті бітіргеніме, педагогиканың иісі мынау тәмпіш мұрныма кіріп те шықпайтынына қарамастан, дырдай мұғалім атанып, өзіміздің ауылда, жеті жылдық мектепте aнa тілінен сабақ берем.

Жаз шықты. Оқу жылы аяқталайын деп қалды. Директорымыз күрк-күрк жөтелген көксау шал адам. Әлгі бір күні: .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Редакцияға хат


Құрметті жолдас редакция! Сау-сәлемет боларсыз.

Менің сізге төменде қол қойып, арыз жазу себебім мынау!

Мен өзім, шынымды айтайын, әдебиетті онша көп оқымаймын. Өйткені, біріншіден, оған қол тимейді. Ал екіншіден, мен болсам қазір лесхозда жұмыс істеймін. Яғни әдебиетпен ешқандай байланысым жоқ.

Бүгін бағана түскі тамақтан келе жатсам, біздің әлгі секретарь әйел: «Әбдіғали, сені журналға жазып қойыпты. Мә, мына әңгімені оқышы» дейді. Жүрегім су ете қалды. Ойпырмай, неге жазады, не қылмысым бар деп, оқи бастадым. Өзі сала құлаш ұзақ мақала әңгіме екен. Сонда да болса бас алмай отырып, оқып шықтым. Сөйтсем, Әбдіғали дейтін маскүнем біреу жайында екен. Тек атының ұқсастығы болмаса, бас - қасының бәрі де менің басымнан кешкен уақиғалар емес. Бұл қайтып мен туралы болады деп, біраз ойланып отырдым да, біле қойдым. Біріншіден, бұл мақала очерктің авторы Б. Сәрсенов жолдас «Н. ауданының орталығына барып түсе қалдым, мезгіл көз байланып қалаған кешкі уақыт еді» деп жазады. Мұндағы оның Н. деп, жасырып отырғаны ол, сөз жоқ, біздің Нарын ауданы. Өйткені біздің облыста Н. әрпімен басталатын басқа аудан атымен жоқ. Оны мен райсоветке барып, анықтап білдім.

Н. ауданы біздің Нарын ауданы болған соң ондағы маскүнем Әбдіғали ол, әрине, менмін. Менен басқа Әбдіғали дейтін мұнда ешкім де жоқ.

Содан соң, автобус біздің ауданға Алматыдан ылғи да күнде көз байлана келеді. Олай болса, сіздердің жазып отырған Әбдіғалиларыңыз менен басқа ешкім де емес.

Қымбатты жолдас редакция, әдебиетті мектепте біз де оқығанбыз. Оның қулық -сұмдығының біразын жақсы білеміз. Сіз бізді ештеңе білмейді, сезбейді екен деп ойламаңыз. Олай ойласаңыз қателесесіз. Жазушылардың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, ойдан қосып, болмағанды болғандай етіп жазатын әдеті бар. Miнe, сіздер де сөйтіпсіздер. Менің маскүнем екенімді образ қылып алыпсыздар да, оған неше түрлі өтірікті қисындырып қосып жазыпсыздар. Міне, бұл үшін мен сіздерге наразымын. Сіздер ойлайтын шығарсыздар; бізге қалай қисындырып жазсақ та бола береді. Ауылдағы оқымаған қара жұмысшы халық оған көне береді деп. Жоқ, жолдас редакция, олай ойласаңыздар сіздер қателесесіздер. Мақалада менің атымды өзгертпей тура атағаннан кейін бүйтіп өтірік қосып жазуға сіздерге кім права берді? Алдымен міне осыған жауап беріңіздерші?

Содан соң екінші айтарым, маған кездесетін Көкен деген адам ол кім? Meн бұндай адамды білмеймін ғой. Жоқ әлде сіздер Көдекті Көкен деп бұрмалап отырсыздар ма? Егер ол Көкен болмай, Көдек болатын болса, мен онымен бірігіп арақ ішпек, түгіл, міне, екі жылдай болып қалды бетіне тура қарап сөйлемеймін де. Бұрнағы жылы жайлауда Жұмағұлдың үйіндегі тойда төбелесіп қалғалы бері ол екеуміз ит пен мысықтай аразбыз. Бұны, жолдас редакция, жұрттың барлығы біледі.

Содан соң үшінші айтарым, сіздер әлгі мақала пілитондарыңызда менің әйелімнің образын да дұрыс көрсетпепсіздер. Оның аты Жәмила болса сіздер Күлбала деп бұрмалап жазыпсыздар. Қиысса, қиыспай қалсын - ау! Содан соң, әйелімнің түр-түсін, киімін де бұрмалап жазыпсыздар. Қашаннан бері ол сыриған сары келіншек бола қалды? Қатпа қараның нағыз өзі емес пе? Оның арық екеніне дейін жазыпсыздар. Сіздердің не мақсатпен бұлай деп жазып отырғандарыңызды мен білмеймін. Ал бар ғой, редакция жолдас, тап осыларыңыз ұят - ақ. Біреудің әйелі арық біреудікі семіз. Онда сіздердің не шаруаларыңыз бар? Немене, сонда мен әйелімді тамақ бермей аштан қатырып жүр демексіздер ме? .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Аяқталмаған мәжіліс


Сөйлем мүшелерінің алғашқы мәжілісі «Абай жолы» романының... бетінде шақырылды.

Мұнда шешуші дауыспен қатынасып отырғандар: Бастауыш, Баяндауыш, Толықтауыш, Анықтауыш және Пысықтауыш. Бұлар мәжілістің толық праволы мүшелері.

«Қатынасамыз дегендерге есік ашық» деп хабарландырылғаннан кейін бүгінгі мәжіліске грамматика майданының өзге саласында еңбектеніп жүрген талаптылардың да өкілдері келіпті. Сөз таптары атынан Сан есім, сөйлеммен грамматикалық байланыстары болмаса да Қыстырма, Қаратпа, Одағай сөздер қатысып отыр.

Бірінші болып, Бастауыш сөйледі.

— Мен Бастауышпын. Сөйлемде менің мойныма ұшан - теңіз жауапкершілік жүктеледі. Meн сөйлемдегі ойдың иесімін. Менсіз сөйлем басы жоқ теке тәрізді. «Кім? Не?» деп сұрай келген жан болса, атау тұлғада тұрған мені қиналмай бірден тауып алады. Рас, кейде көзге түспей жасырынып та қаламын. Бірақ ол менің кінәм емес.

Бастауыш осы сарында қыза желпініп, ұзақ сөйледі. Даусынан бұрқырап шаң көтерілгендей болды.

Екінші болып Баяндауыш сөз алды:

— Бәкен, тамаша сөйледі, — деп, сөзін ол Бастауышқа жағынудан бастады.— Бір ауыз артық сөзі болған жоқ. Ал енді мен өзім жайында айтайын. Мен Баяндауышпын. Қызметім — сөйлемде айтылған ой иесінің яғни Бәкеңнің іс-қимылын, күй - жағдайын білдіру. Бәкен жайын білгілері келген жұрт «Не істеді? Не істеп жатыр? Не болды? Хал -тұрмысы қалай?» — деп сұрайды. Осынын бәріне тиісті жауабын беріп, мен тиянақтаймын. Бәкен екеумізсіз сөйлем басы мен аяғы жоқ дене тәрізді. Міне, сондықтан да бізді ғалымдар тұрлаулы мүшелер деп атайды.

— Лепіріп, шалқып, дандайсып бүл не өзі! — деп, кенеттен Баяндауыштың сөзін Пысықтауыш бөліп жіберді.— «Мен! «Мен!» деп, кеуде қаға сөйлеуді осы қашан қоясыңдар! Тұрлаулы мүшелеріміз деп, бөлектенуді қашан доғарасыңдар? Бастауыш пен Баяндауыш бізсіз, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінсіз, сендер күрделі ойды бере аласыңдар ма? Бере алмайсыңдар. Ал мен болсам, Баяндауыш, сенін мағынаңды айқындап, суреттей түсем. Олай болса, сенің мені неге танығың келмейді, а!

Пысықтауыштың шанқ - шанқ етіп, ашынған үні парақтың арғы бетіндегілерге естіліп жатты.

Бұдан кейін Толықтауыш сөз алды. Ол Пысықтауышқа тиісті:

— Біреулерді сынай тұрып, өзің неге лепіресің? Баяндауыштың мағынасын айқындайтын сен ғана ма екенсің?! Етістіктен болған Баяндауыштарды қолдап - жебеп, көркейту, ол менің ісім емес пе? Менің бұл еңбегімді сөйлем мүшелерінің қайсысы жоққа шығара алады?!

Осылайша гүж - гүж етіп, жуан денелі Толықтауыш ол да бірқауым сөйледі.

Манадан бері бір қуарып, бір қызарып құбыла тыңдап отырған Анықтауыш сөз алды:

— Кімнің қандай кызмет атқарып жүргенін, жолдастар, өмір көрсетеді. Өмірге, шындыққа жүгініп сөйлеген жөн. Біз, Анықтауыштар, өздеріңізге мәлім, есім сездерді анықтаймыз. Одан басқа да сөз таптарымен байланысып, белгісін, сыр - сыпатын білдіретін кездеріміз болады.

Алдындағы сия сауыттан сияны қылқ еткізіп жұтып қойып, лепіріп сөйлей берді Анықтауыш:

— Біз, Анықтаушытар, есім сөздердің ғана емес, бүкіл сөйлемнің көркіміз, бояуымыз. Нелер ділмәр шешендер бізді, Анықтауыштарды, тіліне тиек етпей сөз сөйлемейді. Өмірдегі әдемілік пен сұлулықтың, асқақтықтың бір де біреуі біздерсіз сипатталмайды. Жамандық пен жауыздықтың нелер лас бояуын да біз келтіреміз... Біз... Біз...

Анықтауыш қақалып-шашалып, түр-түсі құп-қу болып барып сезіп бітірді.

— Шіркінің бөседі - ақ екен! — деп, босаға жақтан Шылаудың бірі кепке естірте күбір етті.

Парақ бетіндегі сөздер тыңдаудан жалығып, қақырынып, жөтеліп, қозғалақтап кетіп еді.

— Жолдастар, үзіліс жасасақ қайтеді? — деп Қаратпа сөз ұсыныс енгізді.

Екі үтірге шынтақтап, шаршап отырған Қыстырма сөз:

— Үзіліс жасаған, әрине, дұрыс болады, — деп қостады.

— Тым болмаса бес минут, — деді Сан есім.

Мәжілісті басқарып отырған Бастауыш үзіліс жариялады.

— Уһ! — деді Одағай Леп белгісіне сүйеніп, орнынан тұрып жатып.

.....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Балалық шаққа саяхат


ҮЗІК-ҮЗІК СУРЕТТЕР

Жаз. Жайлау. Шұбала қонған киіз үйлер. Қанаттас бір ауылға апам мені жетелеп, қыдырыстап келген. Үш-төрт әйел үйде шай ішіп әңгімелесіп отыр да, мен сыртта асық ойнаған балалардың қасында қызықтап қарап тұрмын.

Ересектеу баланың бірі кенет иығымнан жұлқып қалды:

— Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр!

Ауылдың ортасын қақ жарып, тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолмен түйеге мінгескен екі әйел соқтырып кетіп барады. Екеуі де кимешек киген. Артындағысы аумаған менің шешем. Мені бөтен ауылда қалдырып, жөнеп барады.

Мен шешемнен өлмей қалармын.

— Ала! Ала! — деп артынан қуып бердім. Құлындағы дауысым Құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді.

— Aпa! Апа!

Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды. Жол шетіндегі үйлердің адамдары бәрі маған қарап қалған. Тек шешем ғана қарамайды. Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді.

Бір әйел көлденеңнен дауыстап:

— Әй, қатын, балаң жылап келеді! — деді.

Шешем енді ғана маған жалт бұрылып қарады.

Сөйтсем, шешем деп жылап келе жатқан адамым мүлдем бөтен... Алдындағысы да мен танымайтын басқа әйел.

Өз шешем сол әлгі шай ішкен үйде отыр.

Уақыттың көбін су бойында өткіземіз. Су бойында ойнаймыз. Міне, енді қалжырап үйге қайтып келем, қарнымда түк қалмаған, ашпын.

Шешем құр талқан берді. Дәмсіз қара талқан. Жейін десем, тамағымнан жүрмейді...

Біздің ауылдан жоғары бір шақырымдай жерде Киікбай ауылы. Сонда күйеуге тиген немере әпкем тұрады. Қалай келгенімді білмеймін, сол үйде қазанға қарып жапқан күйелештеу нан жеп отырмын.

Бір кезде есіктен шешем кіріп келді. Мені көріп, жылап бас салды. Неге жылайтынына түсінбеймін.

Сөйтсем, шешем мені аяқ астынан жоғалтып алған. Бүкіл ауылдан іздеп таппаған. Суға ағып кеткен деп ойлап, есі қалмаған.

Бұдан аз бұрын шешем мені осында ертіп келіп, нан жегізген екен......
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Он алты жасар чемпион


АУРУШАҢ БАЛА

Ұлжан шешеміз сегіз жасар баласы Мұратпен екеуі шай ішіп отыр. Аласа дөңгелек стол, тізерлей отырған Мұраттың көкірегінен келеді. Ол шайынан ұрттап жатып, қарсы алдында отырған шешесіне көзінің астымен қарап қояды.

— Іш, іш, — дейді шешесі, — тойып ал, шырағым.

Мұрат екі кесе шай ішті де:

— Тойдым, — деп орнынан тұрды.

Ұлжан шайын ұзақ ішті. Ол кісінің шайды ұзақ ішуі Мұратты жалықтырып жіберді.

Шешесі әрі қарап, әлі шай ішіп отыр. Есік ол кісіге бір қырын болатын. Мұрат жүрген дыбысын білдірмей, ептеп басып, есікке барды. Шешесі оны байқаған жоқ.

Мұраттың есікті білдірмей ашқысы келді. Екі көзі шешесінде болып, иығымен итеріп көріп еді, есік ашыла қоймады. Одан гөрі қаттырақ итеріп қалғанда, есік шыйқ етті де ашылып кетті.

Ұлжан шешеміз жалт қарағанда, зымырап жөнел ен Мұраттың өкшесін ғана көріп қалды. Есік тарс етіп қайта жабылды.

Мұрат жүгірген бойы Садықтың үйіне келді де оны тысқа ертіп шықты.

Олар футбол ойнап жүрген балаларды іздеуге шықса да, Мұрат оларға барғысы келмей, басқа жаққа сүйреледі.

— Солдаттар ойнап жатыр, солардың қасына барып, ойындарын көрейік, — деді ол Садыққа.

— Жүр! — деді Садық та оны қуана қостап.

Ауылдан жоғары, сайдың ішінде шекаралық застава бар болатын. Мұрат пен Садық ат ойнатып жатқан әскерлерді көреміз деп, заставаға келді.

Ол екеуі заставаның қасындағы, алыстан қарағанда төңкерген қазандай көрінетін, төбешіктің үстіне шыққанда, футбол ойнап жүрген балалардың да осылай қарай келе жатқанын көрді. Дабырлап сөйлесіп, олар жүгіре басып келеді.

Шекарашылардың шыбық шапқаны, ат қарғытқаны, шауып бара жатып ат үстінде әр түрлі қыймылдар жасауы балаларға қызық көрінетін. Олар мына төбешіктің үстінде тұрып, будан бұрын да талай рет тамашалап қараған. Сол әдетінше төбешіктің басына бір топ бала жыйналып қалды.

Ақбоз аты ойнақшып, қолындағы жалаң қылышы мен фуражкасының күнқағары жарқылдап, заставаның начальнигі тебініп қап, шаба жөнелгенде:

.....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Әжесінің баласы

(Болған оқиға)

Біздің Әли әжесінің баласы екенін баяғыда танытқан...

Үй Іші болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны белгілі. Бір күні аяқ астынан жұбайымыз екеуміз әлде неден керісіңкіреп қалдық. Қызу қанды, қызбалығымыз басылмаған кезіміз. Біріміздің басымыздан біріміз сөз асырмақ емеспіз.

Қолымда енем бар. Біздің естіп болмашыдан шырт ете қалғанымызды кергенде, ол кісінің мырс етіп, жеңіл мысқыл күлкімен күліп алатын әдеті. Сосын қызы мен менің бетіме пәндей қарайды да, өзінің аналық қалыстық сөзін айтады. Сенікі дұрыс, сенікі теріс дейді. Балаларым жаман болса екен дейтін ана бар ма? Ол бізді, әрине, татулыққа шақырады.

Мен әдеттегіше:

— Кәрия, араласпаңыз. Бұл сіз араласатын шаруа емес, — дедім.

Бұрын бұлай десем, енем дереу басылатын да, бұрылып жөніне кететін. Өйткені, біздің керісуіміз қалай тез болса, ауыз жаласуымыз одан да тез екенін ол жақсы біледі.

Үлкен кісі бұл жолы өйтпеді. Бұрылып кете бармады. Семья басы сен болғандықтан бәріне сен жауаптысың дегендей менің бетіме тіке қарап тұрып:

— Анау балаларың болса сөз түсінуге жарап қалды. Солардан ұят емес пе? Осыны көрген олар не үлгі алмақ? — деді.

Балаларың деп отырғаны екі жарым жасар Әли мен бір жарым жасар Мұхтар.

Кәрия, мен айттым ғой сізге, араласпаңыз!

Кейде енемнің де мінезі тіке. .....
Әңгімелер
Толық