Мұхтар Әуезов | Кінәмшіл бойжеткен


Май айының іші. Гүбірнелік қаланың бақшасы мейрам күніне күндізден әзірленген. Күн батуға тақағаннан бері қарай, қаланың қызықты көксеген жастары әлденеше көңілді топ болып, күлісіп-әзілдесіп келіп, бақшаға кіріп жатқан. Бүгін күн ыстық болған. Сондықтан мынау бақшаның көлеңкесінен шыққан салқын леп майысып қана тербете соққанда, денені тез көтеріп, сергіткендей болушы еді.

Мейрам күннің түс мезгілінен бері қарай, бақшаға барамыз деп әзірленген бозбала мен әйелдер күн батардан-ақ бөлек-бөлек жайраңдаған топ болып, үзілместен келіп жатыр. Қала халқына көптен белгілі болған бақша оркестрі күндізден құтырып ойнап, дәмелі жастың көңіліне қозғау салып шақырып тұрған.

Құмы мен шаңы көп ыстық қалада майдың қоңыр салқын кеші кішкене сұлу бақшаның ішіне жанар оты сөнбеген жастарды еркін демалысқа, түстей сұлу сезімге шақырып, күтіп тұрғандай. Бақшаның сәнді шұбар тобы көрініске шыққан сахна сұлуларындай болып, неше алуан тілімен былдырлап, желікті күлкі, сезімді қалжыңмен оркестр күйінің ішінде толқынып, бұралып өтіп жатты. Күн батып, қас қараюға айналған кезде бақша мезгіл сайын жанданып, ыстық лепті тіршілік қызуымен ажарланып келе жатқан. Бақша, тіршілік күнінше, жылытатын ұяша талай меңіреу ойды да оятып сергіткендей.

Кейбір шеткі аллей ұзақ қоңыр, қараңғы болып келіп, қараңғы түн сырымен қосылып, ыстық демалыс, үзілген жүрек күйін ескерткендей болатын. Екі жақтағы қараңғы қалың тоғай ішінде тұңғиық қара көзді түн сыры оркестрдің сезімді күйіне тіл қосқандай. Қалқып тұрып иек қағып, жұмсақ жел сілкінткен жапырақтарын тілші қылып, сол күймен сыбырласып сырласқандай болушы еді.

.....
Әңгімелер
Толық

Эдгар По Шөлмектен шыққан қолжазба

Қасқағым ғұмыры қалғандардың енді бұл жалғаннан жоғалтары жоқ.

Филлип Кино. Атис

Отаным мен туған-туыстарым туралы айтарым аз. Әділетсіздіктің әлегінен жат жерге қуылдым, ұзақ жылдар бойы шет жерде жүргендіктен — жат туыспын. Еншіме тиген мол мұра сол кездегімен салыстырғанда әжептәуір білім алуыма мүмкіндік берді, ал бойыма туа біткен алғыр зеректік жас шағымда талмай тырбанып жиған мағлұматымды жүйелеуге жағдай жасады. Мен бәрінен де немістің философ-моралистерінің шығармаларын оқуды жақсы көруші едім, әрине, онда мені қисынсыз қызыл сөз емес, логикалық ойлауға дағдыланған адамға олардың құрылысындағы жасандылықты оп-оңай шығаруға болатындығы шектен тыс ынтық ететін еді. Мені әдетте тақуалықтан таймайды деп айыптап, қиялымның қарымы үшін қылмыскердей кінәлайтын, мені жұрт қашан да Перронның ізбасары санайтын. Тұрпайы философияға тым әуестігім шынында мені де біздің ғасырымыздағы мейлінше кең таралған қателіктің құрбаны етті ме деп қорқамын — мен бұл жерде барлық құбылыстарды, тіпті оған қатысы шамалы құбылыстардың өзін сол ғылым принципімен түсіндіруді айтып отырмын. Жалпы айтқанда, мен сияқты адамдарды ырымшылдықтың алдамшы сәулесі еліктіріп, шындықтың шегінен шығады дегенге сенудің өзі қиын. Мен өз әңгімемді осындай шағын алғысөзден бастауды орынды көрдім, өйткені мен баяндағалы отырған бұл әдеттен тыс оқиғалар қисынсыз қиялдың нәтижесі емес, қайта қиялды құр жаңғырық пен жансыз әріптердің құбылысы деп біліп, оны мүлдем жоққа шығаратын адамның ақыл-ойының шынайы тәжірибесі болып табылады. .....
Әңгімелер
Толық

Артур Конан Дойл | Жирен шаштылар қауымдастығы

Былтыр күзде орайы келіп байырғы досым мистер Шерлок Холмсқа кіре шыққам. Үйінде мосқал тартқан, шамадан тыс толық, жалындай түтеген жирен шашты бір джентльмен отыр екен. Ішке кіргім келгенімен екеуара әңгіменің қызып жатқанын көріп іркіліп, қайтып кетпек болдым. Алайда Холмс мені бөлмеге сүйрегендей боп кіргізіп, соңымнан есікті жауып алды.

— Іздегенге сұраған дегендей, нағыз керек кезде келдіңіз, қадірменді Ватсон, - деді ол жайдарылана езу тартып.

— Сізге бөгет жасағым келмеген. Шұғыл шаруамен айналысып жатқандай көрініп едіңіз маған.

— Шұғыл екені рас. Тіпті айтары жоқ.

— Басқа бөлмеге барып тоса тұрсам қайтеді?

— Жо-жоқ... Мистер Уилсон, - деді ол жуанға қарай бұрылып, - мына джентльмен сәтті аяқталды - ау деген ізденістерімнің бәрінде де маған талай рет достық көмек көрсеткен. Мына біздің ісімізге де пайдасы тиеріне еш күмәнім жоқ.

Орындығынан көтеріле түскен жуантық маған қарап басын изеді, май басып жылтырап қалған көзі тұла бойымды тіміскілей шолып шықты.

— Мына жерге, диванға жайғасыңыз, - деді Холмс.

Өзі креслоға отыра кетті де, ойға шомған кездегі әдетімен

екі қолының саусақ ұштарын бір-біріне түйістірді......
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Іздеп


Тікшелеу жасыл беткейдің орта тұсына келе бере Несіпбай аттан түсті. Айналаға көз салған жоқ. Әлдеқандай ой басқан күңгірт жүзі бүгін бірде-бір рет көтеріліп, мынау кең дүниеге қараған емес. Көзін ылғи төмен салып, жүзі де салбырап тұқыра береді.

Сол еңсесін көтермеген бетінде атының ауыздығын алды. Құйрығын тірсегінен келтіре шорт кескен күдіс торы ауыздығы алына салысымен басты жерге салып, атқұлақ араласқан көк өлеңді борт-борт үзе бастады. Несіпбай мұны шаужайлай түсіп, тапжылтпай отырып шылбырмен тұсау салды. Аздан соң тұрып сауырынан сол жақ алақанымен ақырын ұрып қалғанда, торы ат өрге қарай секіре басып өрлей берді. Тұсаумен секірген сайын ұзындау кекілі көтеріле түсіп, желп етіп, дөң басындағы әлдекімге торы аттың "здравствуйын" айта бара жатқан сияқтанады.

Ауыздық пен үзеңгі, тұрман шылдырлап барады. Несіпбай қырын тұрған бетінде сол жақ иығына, мойнын бұрып: "Ер-тоқымын бүлдірер ме екен", — деп ойлай түсіп, ұзап бара жатқан аттың соңына қарады. Баяу басатын сылбыр ой енді жиылып кеп бір байлау жасағанша ат ұзай берді. Несіпбай дағдылы шабандықпен біраз дағдарып тұрып қалса да ойын жеңген ол емес. Еш нәрсені абайламастан бетін қайта бұрып, енді ойға қарай аяндады. .....
Әңгімелер
Толық

Сүлеймен Баязитов | Неше жыл өтсе де тарих білмек


Ақын С. Торайғыровтың 1993 жылы Баянауыл ауданының

Мойылды алқабында өткен 100жылдық мерейтойынан Естелік



Қазақ әдебиетін, бейнелеп айтқанда, алып шыңға теңер болсақ, оның басынан мәңгілік ақша қар арылмайтын, қатар орналасқан ұлылы-кішілі екі шырқау биігі қазақ әдебиетінің классигі – ұлы Абай мен жас кетсе де кемеңгер, данышпандығын алты алашқа әйгілеп кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыров дер едік. Бұл шыңдық ақынның жүз жылдық тойында араларын жарты ғасырға жуық уақыт бөлетін қазақ әдебиетінің бір құстың қос қанатындай екі алыбына көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым әдебиет әлеміндегі тарихи орындарын анықтап, әділ бағаларын берді.

Біз сондықтан да бұл мәселеге көп аялдап жатпадық. Ат басын қара Ертістің Кереку өңірінде басталған ұлы ақынның 100 жылдық тойына келген қонақтармен бірге Арқаның ару өңірі Баян баурайына қарай бұрамыз.

Облыс орталығына ақын тойына арнайы келген қонақтар мінген автотранспорт легі жаздың жайма-шуақ күнінде көк мұнарға бөленіп қалғып тұрғандай әсер қалдыратын Ақбет тау асқар шыңы көрінген тұста, дәлірек айтсақ ,кеншілер ордасы –Майқайың поселкесінің тұсында тойға қатысуға келе жатқан қонақтарды аудан басшылары мен еңбекшілер өкілдері құшақ жая қарсы алды. .....
Әңгімелер
Толық

Бауыржан Момышұлы | Өз обалым өзіме


Қазақта бір ұлы мақал бар. «Бір күнгі қонақ — құт, екі күнгі қонақ — жұт». Осы мақалды өзгертіп айтқанымызда: «Өлерман ауру кісінің айналасында «саған не болды?» деп зырылдап жүгіріп жүреді екен» (это настолько правда, настолько лицемерия 700 другой вопрос). Үшінші күннен кейін естіртіп айтпағанымен, қарт ауру кісіден барлығы зерігеді екен. Естіртіп айтпағанымен, «Қашан өлесің» деп іштерінен ойлайды екен. Бір жеті өткеннен кейін, туған-туысқан былай тұрсын, қойныңда жатқан «адал жарың» аузыңа су тамызбастан, халіңді ойламастан, 14-15 сағат біреудің үйінде қонақта болып, сылқылдап өсек айтып, ұялмастан үйіне қайтып келеді екен. «Қатты ауру» орнынан тұрып барып су ішерге шамасы жоқ, аштан-аш жалғыз жатқан кезінде ойына әртүрлі нәрсе кіреді екен. Өлемін десе, ажал келмейді. Сүйенейін десе, тірегі жоқ. Таңдайы кеуіп жатқан кезінде басында бір тамшы суы жоқ, жақыным деген адал деген жары басқа үйде өсек айтып, қарқылдап отырады екен. Жетім бала — кінәмшіл, ауру кісі — тырысқақ деген қазақта сөз бар. Кінәмшілдік пен тырысқақтықтың екеуі басыңа бірдей түссе, оның үстіне жақын деп жүрген кісілерден көңілің қалса, ауру кісі түгіл сау кісіге өте ауыр. Соларды өз басымнан өткізіп бара жатырмын. .....
Әңгімелер
Толық

Эдгар По | Ұрланған хат

Даналыққа қулықтан асқан құбыжық жоқ.

СЕНЕКА

18... жылдың желкемді бір күзгі кешінде Парижде ымырт үйірілген шақта пенкадан жасалған трубканы қолға алып, досым С. Опост Дюпеннің аядай кітапханасында, яғни Сен-Жермен елді мекенінің Дюно көшесіндегі № 33 үйдің төртінші қабатындағы бөлмесінде айырықша рахатқа батып отырған болатынмын. Бір-бірімізге тіс жарып, тіл қатпай бір сағаттан артық отырдық, сырт қараған адамға мен де, досым да бұрқырап, бөлмені кернеген темекі түтінінен көз алмай, мелшиіп қалған тәрізді болып көрінуіміз де ғажап емес. Алайда мен кешқұрымғы әңгімеміздің арқауы болған оқиғаны ойша сараптап отырғанмын.— Мен бұл арада Морг көшесінде болған оқиға мен Мари Роженнің өліміне байланысты құпия жөнінде айтып отырмын. Міне сондықтан Париж полициясының бастығы, біздің байырғы танысымыз мосье Г... есікті ашып, кітапханаға кіріп келгенде, мұның өзі маған күтпеген әдемі үйлесім болып көрінді.

Біз онымен шұрқыраса амандастық, өйткені оның жағымсыз мінезі мен жақсы қасиеттері тең түсіп жағатын да, әрі біздің көріспегенімізге талай жылдар болып кеткен-ді. Ол келер алдында ақшамда жарықсыз отырғанбыз, енді Дюпен шам жағуға ұмтыла беріп еді, бірақ Г. бізбен — турасын айтқанда, менің досыммен өзін әбден әбігерге түсірген бір мемлекеттік маңызы бар іс жөнінде ақылдасуға келгенін айтқанда ол өз креслосына қайта сылқ ете кетті. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Қыр әңгімелері

1. СЫБАННЫҢ МОЛАСЫНДА

Ел Көксеңгірдің күнгейінде. Жайлауда жиын отырған көп ауылдың кешкі жылқылары суға келіп шығып, алды өріске кетіп бара жатқан мезгіл еді. Жаңа жамыраған қойлар дүниені у-шу қылып мазаны кетірген соң, біз ауыл иесі Жортар ақсақалмен әңгімелесіп, құдықтың желке жағындағы тастақ төбенің басына таман аяңдап келе жаттық.

Оңтүстік жақ жазықта жапырлап отырған көп ауыл айналасында шұбыртып қыбырлап жүрген малдарымен бірқалыпты жасыл даланың түсін түрлендіріп, көз қуантып тұр.

Көкжиектен асып бара жатқан күн ақырғы алтынды шұғыласымен далаға көрікті нұрын төгіп, ауылдың кешкі қызулы өмірін қызықтандырып тұрғандай. Төбенің басына таман көтерілген сайын, біздің көз алдымыздағы көрініс суреттің ауданы кеңейіп, қыр өмірі өзінің ең дырдулы шағын көзге көрсеткендей болды.

Даладағы мөлдір таза ауадан, сүйкімді суреттен көңілге белгісіз бір үміт кіргендей болады, қиял кезеді. Қөңілдің осы шағына не үйлесер еді деп ойлап келе жатқанда, көңіліме бұрыннан есте жүрген бір нәрсе түсті. Ол — қасымда келе жатқан Жортар ақсақалдың ерте замандағы басынан кешірген бір әңгімесін тыңдау еді. Жортар жас шағында осы ортаның айдынды қолбасы, батыры болған. Ол кезде маңайдағы ел атағынан шошитын. Тыным-тыныштықты білмеген, барымта, соғыс десе — алағызып қолды-аяққа тұрмайтын қызулы жас болыпты. Жортар мықтылық, батырлығының үстіне, ауызға ілінген найзагер болды десетін. Бұл сипаттың бәрін мен бұрыннан естігенімнің үстіне, сол батырдың шал болып қартайған түсін көргенде, ұзақтап алысқа кеткен ескі күннің көмескі түсі елестегендей еді. Сүйекті зор денесі апсағайланып, үлкен басы, келбетті түсі салқын сабырмен маңғазданып, туыстағы ірілігін бір көрген кісіге де білдіргендей. Көп бейнет, көп жылдардың ізіндей болып, бетіне түскен қатпарлы терең әжімдері ескі тентек күндердің таңбасы сияқтанады. .....
Әңгімелер
Толық

Құмарбек Қалиев | Оралхан туралы ой


...60-жылдардың басында «Жұлдыздан» батыстық бір дуалы ауыздың айтқанын оқып , қайран қалғаным бар. Онда былай делінген: «Мұхтар Әуезов-қазақ үшін- екінші Абай, біз үшін-Шығыстың Шолоховы»



Мен осыны әлі ұғына алмай келемін. Абайды қозғамайық, Шолохов, сөз жоқ,-әлемдік деңгейдегі ірі талант. Сонда, Әуезов-кім? Ол-әлем әдебиетінен өз орнын ойып алған үлкен тұлға екені өтірік пе?!. Сөйте тұра, ол неге «Шығыстың Шолоховы» ғана??? Мұндағы «біз» кім? Міне, осындай сұрақтарға жауап таба алмай шарасыз күй кешесің. Ал, біз- елтігіш халықпыз. Басқаның аузынан шыққан бір лебізді қағып ап, дәріптей жөнелуге асықпыз. Осыдан кейін-ақ «екінші тұлғалар» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. «Ана ауылдың анасы», «мына ауылдың мынасы» бірді бірге телу үрдіске айналаып жүре берді. Бұдан біздің өңір де шет қалған жоқ. «Алтайдың Біржаны», «Ақ Ертістің Ақаны», «Шығыстың Майрасы» т.с.с. жапсырма атақтар біздің ауданда, облыста талантымен енді жұрт аузына іліге бастаған жастарға ерекше жомарттықпен таратылды. Меніңше бұл-екі жаққа бірдей зиянды бағыт еді:

- Біріншісі: Ұлы тұлғаның атын ұсақтау; Бір мысал: Біржан сал-тарихта қайталанбас бірегей дарын, сол дарынды «Алтайдың, Алатаудың, Қаратаудың, Арқаның,.. Біржаны » -деп бөлшектеу- Ұлыға жасалған қиянат болар?!.

.....
Әңгімелер
Толық

Джон Голсуорси | Итмұрын

Пейзаждары мен натюрморттары талай жылдар бойы шулы табысқа жетіп жүргендіктен әлі "скудаморлық мәнерде" салына қоймаған суреттері көрмелерде көзден жырақ, төбеге таяу тұстарға ілінетін күндерін біржола ұмыта бастаған әйгілі суретші Скудамор қаққан қазықтай міз бағар емес. Немере қарындасы табан астында өзін тастап кеткен орнында сіресіп тұр. Сұлу мұрты мен әдемі шоқша сақалдың арасындағы еріндері өкпелі мысқылмен қисайыңқырап, өзіне көрсетуге алып келген бұтақшадан жұмыр тас төселген аулаға жұлынып түскен итмұрын жидектеріне көз алмай әрі таңдана қарайды. Бұл оны салып қалғандай басын кегжең еткізіп жұлып алғаны несі? Жаңбыр тамшыларын шашырата төрт қан қызыл жидек бұтақшадан дірілдеп үзіліп түсердей жұлқына теріс айналғаны қалай? Бұл бар болғаны:

— Ғажап! Бұларды іске жұмсаса жөн екен! — деді ғой.

Ал ол болса "Құдайым-ай!" деп ышқына дауыстап жіберді де, жүгіріп ала жөнелді. Жоқ, Алисия расында есінен ауысқан, бір кездері ол соншалық сүйкімді болды дегенге сене де қою қиын. Еңкейіп, төрт жидекті жерден көтерді — осынау қою қызыл түс қандай керемет!

"Скудаморлық мәнер" мен табыстың сенімді құрыш сауыты тасасынан алай-түлей сезім мен нәзік түрде көре білу сыртқа атқақтатады. Суретін салу! Онда қандай мән бар? Мына сұлулықты қалай жеткізбексің? Қысқы күннің бозғылт сәулелері астында күмістеніп жатқан Эрон өзенінің ерте тасқындарынан қорғап тұрған тамаша етіп қайта жөнделген көне үйінің ауласымен аласалау тас дуалға таяп келді. Иә, нақ солай! Табиғатты, қалай саласың, оның мөлдір ала көлеңкелерін, түстердің жұмбақ үйлесімін қалай жазу керек, сәт сайын құбылып тұрған кейпін қалай кескіндемек? Қамыстың қоңыр үпелегін — әні, анау ақ сұр бозалаң жарықта иілген және әуеде қалқыған тынымсыз аппақ шағалаларды қалай ұстап қаларсың? Әйгілі "мәнері" туралы ойлағаны сол-ақ, табан асты жек көріп кетті — Алисия "Құдайым-ай!" деп дауыстап қалғанда да үнінде осындай жек көру бар-ды. Сұлулық? Одан не пайда! Оны қалай жеткізерсің? Ол да дәл осылай ойлаған жоқ па екен өзі.

Бұл дуалдың сұрғылт тасында қызарып жатқан төрт жидекке қарап тұр; біртіндеп естеліктер .....
Әңгімелер
Толық