Тоқаш Бердияров | Экспертиза


Заң институтының студенті Әкімбаев Ешназар қалалық асханалардың бірінде тамақтанып отыр. Жұмыс басты боп жүріп, ашығыңқырап қалған ол, майлы, ыстық борщтың екі-үш қасығын үстін-үстін қылғытып салды. Жылт-жылт еткен шұжық, сана жапырағы, қуырылған пияз тарелке бетінде жүзіп жүр. Жылп-жылп еткен қасық та бұлжытпай өз қызметін атқаруда. Егер, қарныңыз аш болып, бұл көрініске сырттай қарап тұрсаңыз, еріксіз тамсанар едіңіз. Тамақтанушының асқа деген ынтасы ғажап! Борщ дәмді-ақ!

Сол-сол-ақ екен, кенет Ешназардың астыңғы ерні дүрдиіп, мұрны тыржиып, бадырақ көзі біртін-біртін жұмыла бастады.

Жұтқыншағы бүлкілдеп, лоқсып-лоқсып жіберді пақыр. Ол даяшы қыздан асхана меңгерушісін шақыруды өтінді.

Мықындары бұлтылдап, иығынан дем алған зор денелі сары әйел жапа шеккен студент жігіттің қасына жетіп келді. Ешназарды жақтырмағандай оған кекшие қарады ол.

— Асхана меңгерушісі мен. Шаруаңызды айтыңыз!

— Сіздерде қара қасты, ұзын кірпікті, қараторы келіншек жұмыс істей ме?

—Иә, істейді. Аты — Катя... Оны қайдан білдіңіз?— деп, әлгі меңгеруші әйел жуан, торсиған саусақтарын сүбесіне апарды. Саусақтары былқылдақ бөксеге жартылай батып кетті.

— Оны мынадан білдім,— деп студент жігіт қасық ернеуіндегі қыл-қыбырды көрсетті.

— Жігітім, біз асқа қой етін саламыз. Қой болған соң, әрине, онда жүн де болады. Қанша тазалап жусаң да, бірен-саран жүн-жұрқасы кетеді емес пе? .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Күдік


Әйелімнің төркіндеп кеткеніне бір аптадан асып барады. Амандық болса, ертең-бүрсүгүні келіп те қалар. Оның келуіне қарсы мен көп жұмыс істеп тастадым; үйдің іші-сыртын әктеп, есік-терезені көгілдір, жалтырақ бояумен сырладым. Көрпе-жастықты, кілемді қағып-сілкіп самалдаттым. Керуеттің босап кеткен сымының құлағын бұрап, домбыраның шегіндей қылып бабына келтірдім. Саусақтың ұшы тисе болды, «дың» етіп шаттық күйін шерткелі тұр.

Үш жұмсақ арқалығы бар, ала бажалақ диван сатып алдым. Бұл жаңалықты жұбайым көрсе қатты қуанып та қалар-ау деймін. Үйге кіріп келген ол әрине алдымен мамық диванды көреді. Сосын, «шалымнан айналдым» деп менің бетімді өппесіне кім кепіл?! Әлде «еркек деген осындай болар!» — деп, арқамнан қағып қана қояр ма екен?..

Әйелім сүйсінетін бұдан басқа да толып жатқан шаруалар істеп тастадым. Оның ескі туфлиін ремонтқа беріп, су жаңа қалпына келтірдім. Туфлидің біз өкшесін жарқыраған күміс сауытпен күптеткіздім. Қалай кисе де оңайлықпен тоза қоймас-ау! Бұл жақсылығымды сезіне білген парасатты келіншегім шексіз қуанышқа бөленіп, менің мұртымнан сүйіп жүрмесе игі еді!.. .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Фарида

О кезде мен жас едім. Аудан орталығында, болмашы бір кішігірім қызмет істеп жүрдім. Туып өскен ауылым шалғай жерде болғандықтан пәтер жалдап, уақытша сонда тұрмыс құра бердім.

Үй иесі Назира апай — отыз жастан едәуір асып кеткен, күйеуінен ерте айырылған жесір әйел. Орта бойлы, бидай өңді осы апай жұмыс үстінде ән салып, күле қарап, әрдайым көңілді жүреді.. Кейде күрсініп, кейде жымиып, өзінің жастық дәуренін жиі-жиі әңгіме етеді.

Назира апайдың ауызға үріп салғандай Фарида атты бір қызы болды.Ажары салқын. Сөзге сараң.Үнемі жабыңқи. Әйтсе де жүзінде бір құпия жұмбақ мұңның ізі бар. Бет әлпеті келісті реңбасы таза, қарақат көзді осы бір қарапайым қызда не сыр бар екен? Әлде біреуге ғашық па? Қайдағы ғашықтық, он жетіге биыл ғана толды емес пе? Дегенмен осы бір бет – бейне, осы бір көз қарас, осы бір салқындық өзінше дербес,бір ыстық сұлу тұлға.

Фарида шай құйғанда, немесе сүлгі ұсынғанда жүзіме телміре ұзақ қарайтын-ды. Оның мөлдір қара көзі шексіз шексіз бір тұңғиық зындан сыпаттас еді. Ақыл-ой көзімен үңіліп бақсам да, ешнәрсе ұғына алмай, бойлай беретінмін, бойлай беретінмін тұңғиыққа. Осындай шақтарда қорыққандықтан ба, әлде қуанғандықтан ба, кім білсін, қыз көзінен жанарым еріксіз тайқып кететін-ді. Дәл сондағы бишаралық тұрысым,— алма ұрлап бағбан қолына түскен қара сирақ мүсәпір баланың кейпін бейнелейтін. .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Үрей


Жәркембайдың ұнамсыз бір кемшілігі бар: біреумен сөйлескенде немесе жазу жазғанда, ұдайы танауын шұқып отырады. Осы бір сүйкімсіз әдеттен өзінше ләззат алғандай сыңай білдіреді. Мына түріне қарағанда, ол өзінің бұл кемістігін мүлде сезінбесе керек. Тіпті, мән де бермейді ғой деп ойлаймын. Өйткені ол менің ескертпе сөздерімнен ешқандай қортынды шығарған жоқ. Бөлім бастығы болғандықтан, телефон үнемі соның алдында тұрады. Аппарат шылдыр етсе, әйтеуір, сол кісі жауап беріп жатады. Міне, телефон тағы да шылдырлады. Асып-сасқан Жәркембай:

— Кәзір, кідіре тұрыңыз!—деді де, ала құйын боп, бөлмеден зытып шығып кетті. Бес-он минуттан кейін арсалаңдап қайта оралып, стол үстінде жатқан тұтқаны қолына алып, кінәратты адамдай мүләйімсіп жауап бере бастады.

— Алло!.. Ол кісіні таба алмадым. Ия, төртінші этажға да шықтым. Биллиардханада дейсіз бе?.. Онда жоқ. Мүмкін, асханада болар. Барып білейін бе?.. Керегі жоқ дейсіз бе?.. Жарайды, сау болыңыз...

Терлеп-тепшіген Жәркембай беторамалымен маңдайын сүртіп, креслоға отыра кетті. Кейпінде назаланғандық нышан бар.

Мен бастығымды аяғандай болдым.

— Түу, қатты әбігерге түстіңіз ғой... О кім екен өзі? .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Қайран мұрын ай

Қасақана автобустың да кешеуілдеуін-ай! Қызметтің басталуына бес-ақ минут қалды. Қайта-қайта сағатыма қарап, берекем әбден қашты. Қысылтаяң осы бір шақта, бастығымның «жылдық есеп, столымның үстінде болсын» деген кешегі тапсырмасы есіме түсіп, одан бетер қатты үрейлендім. Оның әжімсіз, торсиған толық саусақтары тұмсығыма кеп оқыс тірелгендей болды.

Әйтеуір, автобус та жетті-ау! Есігі ысырылып ашыла бергенде, бір жамбастап әзер-мәзер ішіне ендім. Иін тірескен адам... Шымшыма шайпау сөздер құлаққа түрпі дей тиеді. Қап ішінде торсылдаған торайлар, қыт-қыттаған әтештер, бәрі де көк базарға бара жатқан дүние!.. Біреудің добалдай етігі балтырымды сүйкеп өтті. Автобус әр жерде бір аялдаған сайын, тұздалған балықтай біз сіресе бердік, сіресе бердік... Бастығымның қолағаштай жұдырығы көзіме қайта-қайта елестейді. Әлдене болмақ? Ой, тәубе, сақтай гөр! Алған билетімнің номеріне қарап едім,— бақытты билет! Бүгін жолым болады екен. Он бойымды шарпыған қорқыныш шегініс жасап, көңілім жай тапты. Әлдекімнің етсіз, епшіл саусақтары сырт қалтамды еркі .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Чахохбили

Мылтықбай екеуміз «Баһор» ресторанында отырмыз. Лыпыл қаққан даяшы қыз бұйырған тағамымызды лезде жеткізді. Күміс тостақтағы чахохбилидің жұғымды исі танауымызды делдитіп барады. Әсте, грузин халқының тамағы болса керек. Қалай дайындайтынын кім білсін, әйтеуір, буы бұрқырап мұрнымыздың астында тұр. Шанышқы, пышақты қолға алып, үстіне төне түстік. Қызылкүрең гарнирінің қоюлығы — быламықтай. Түйір-түйір дүниелердің не зат екенін ажырату өте қиын. Және оның бетін майға қуырылған жұқа капустамен қалқалап қойыпты.

— Мылтеке, мынау тауықтың мойны емес пе?— дедім мен, сұрақ белгісі сықылды затты бос ыдысқа салып жатып.

— Ойбай, Шілтеке, мынау, тауықтың қанаты ғой,— деп ол маған үтір белгісіне ұқсас нәрсені көрсетті.

Біздің ыдысымыздан тауықтық біресе сирағы, біресе басы, бөтеге-бүйрегі шығып жатты.

— Мылтеке, әтештің сирағынан жоғары таманын не дейтін еді, осы? .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Қаламақының қасиеті мен қасіреті


Әдебиет пәнінің мұғалімі Матанов Мақаштың ептеп жазатын да өнері бар-ды. Жалақысын түгелдей әкеп беріп, ал қаламақысын жымқырып «Сыра сайранға» салып жүрді. Үйге жиі-жиі масайып, кешеуілдеп келуді әдетке айналдырды. Ауруды «сатып алып», сабағына да бара алмай, күні бойы дөңбекшіп уһілеп жатқан күндері де болды. Шөлмектес доссымақтары көбейіп, қисық жолға түсті. Айрандай ұйып тұрған семья шырқы бұзыла бастады. Былапыт сөз, тарсыл-гүрсілден жас әйелі де қаншама зәбір шекті.

Бір күні Мақаңның зайыбы Сырбике өзінің көршілес құрбысына мұңын шақты.

— Майраш-ау, менің күйеуім әбден бұзылды, көп ішеді. Үйге көп жанжал шығарады. Енді қайттім сорлы басым?.. Құрбыжан-ау, ақылың болса айтсайшы!..

Майраш аяған сыңай білдіріп, досына былай деді:

— Мектепке барып күйеуіңнің жалақысын өзің алатын бол!

— Обалы не керек, жалақысын қолыма түгел тапсырады.

— Енді арақты кімнің есебінен ішіп жүр?

— Білмеймін.

— Кісі тонай ма, немене?

— Айтпашы қайдағыны... Құдай сақтасын!..

— Ә-ә-ә... ұқтым, ұқтым!—деді Майраш жымиып,— гонорарын саған әкеп бере ме?

— Генералы несі?

— Ойбай, байғұс-ау, сенің байың дырдай ақын боп, атағы әлемге жайылып кетті ғой!.. Мәссаған, осы күнге дейін хабардар емессің бе?.. Масқара-ай!.. .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Шеміршек

Қайранмын, қайдан оқыдым екен? Әлде Ахмад Сайдттен бе, әлде жай әншейін бір жиын топта айтыла салған анекдот па? Әйтеуір, мына бір әңгіме есімде: Бір кісі базардан самса сатып алып жеп отырса, ішінен майға қуырылған баданадай қара шегіртке шығады. Әлгі кісі сатушыға: «Мұныңыз не?»— деп ожырайған екен, сатушы аспай-саспай: «Е, бұл біздің жақтың мейізі ғой»,— депті де, кәдімгі шегірткені жиіркенбестен аузына сүңгітеді де, қылқ еткізіп жұта салады.

Бұл болған мәселе ме немесе бір қаламгердің еңбегі ме, әлде қызықшылық үшін айтыла салған қысыр әңгіме ме, о жағы беймәлім. Тіпті, онда менің шатағым да жоқ. Ал дәл осындай оқиғаға тап болғаным ақиқат.

Бір күні тамақтанайыншы деп, өзіміздің үлкен мейманхананың астыңғы қабатындағы кафеге кірдім. Ет араластырылған макарон мен айран алдым. Ашығыңқырап қалсам керек, екі-үш қасық асты өңешке үстін-үстін сүңгіттім. Несін айтасыз, бәленің бәрі төртінші қасықтан шықты. Төртінші қасықты асап салған замат-ақ шәймеңдеп кеп тұрып қалдым. Оған себеп, қатқылдау бір зат тісіммен қақтығыса берді. «Сүйек болар» деген оймен о затты стол үстіне қойып, алдымдағы дәмді асқа қайта оңтайлана беруім мұң екен, қасымда тамақ жеп тұрған екі әйелдің көздері ажырайып, бет-әлпеттері тыржиып, лоқси бастады. Әлгі келіншектің бір жасаураған көзін сүртіп жатып: .....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Жастық кешуі

Жастық жылдардың аумалы-төкпелі, бейжай күндері — елеусіз бір дүние. Менің көзіме жастық шақтың тек қана жылы шуақты, тамаша кезеңдері елестейді. Бейкүнә балалық, шақтың ебедейсіз, сәтсіз һәм беймаза күндерінің өзін мен дайын тұрған бақытқа ешқашанда айырбастамаған болар едім...

Мың тоғыз жүз қырық екінші жылдың ауыр айлары ілбіп өтіп жатты. Соғыс жылдарының қытымыр, көңілсіз күндері өкпеге түскен құрттай тіршіліктің ажарын алған. Әншейінде будақтап тұратын ауыл оттары бұл күндері жалқау көлеңдейді, сөніп бара жатқанға ұқсайды. Арбалардың доңғалағы қиралаңдап жолдың ыстық шаңын аспанға көтереді. Оған жегілген арық аттар аяқтарын сылбыр басып, жүре ұйықтайды. Майданға кеткен ересектердің ауыр кетпені жас өспірімдердің иығына батты. Бірі тары суырып, бірі мақта баптап, әркім өз ісімен әбігер. Есік-терезесі аңғал-саңғал иесіз мектепті көлеңкелеп сиырлар тұр.

Көше бойлап жүре қалсаңыз, көңілсіз жәйттерге тап боласыз: қыр-қыр еткен қол диірменнің мылқау үні, келі-келсаптың тақ-тұқ еткен қатқыл даусы қазан басының, жомарт дастарқанның сәнін кетіріп, қалың ауыл-аймақты құлазытып жіберген. Жұрттың қорегі шай мен жүгері талқан, қара тентек, қала берді быламық...

.....
Әңгімелер
Толық

Тоқаш Бердияров | Жаңалық

Гүлайна апай отарға ерте оралды. Қызымды сағындым деп күні кеше Алматыға аттанған-ды. Тұңғышы — Зіреш қалада пединститутта оқитын еді. Зіреш қысқы, жазғы демалысын көбіне совхоз орталығындағы нағашыларының үйінде өткізіп жүрді. Айлар бойы өз қызын көрмеген ана сағынбағанда қайтсін? Перзент десе, ана жүрегі алып ұшады емес пе!

Киіз үйдің ішінде қымыз ішіп отырған Нұртай ақсақал, аттан түсіп жатқан бәйбішесін көріп ойға қалды. «Тәуба, қызыма барам деп менімен күні-түні керілдесіп, мазамды алушы еді, мұнысы несі?! Ерте оралғанына қарағанда бір гәп бар сияқты. Әйтеуір, жамандық болмағай!..»

Ол тысқа шықты. Болдырып келген аттың ертұрманын ағытып, тыныштық па дегендей бәйбішесінің жүзіне телміре қарады. Гүлайна аса көңілді, ауыл жаңалықтарын айтып, сарнай жөнелді:

— Талқанбайдың ала сиыры екі бұзау туыпты. Екеуі де инеліктей әншейін, қарындары қабысып тұр. Әлгі қу тоқал енесінің сүтін қақтап сауып алады екен. Уызға жарымаған бұзаулар қайтып мал болсын? Обалдағы-ай, обалдағы-ай!..

Нұрекең ер-тұрманға жамбастай кетті де, қарсы алдында шөкиіп отырған бәйбішесінің, әңгімесін ұнатпаған шыраймен:

— Қызыңа бардың ба, соны айтшы,— деді.

.....
Әңгімелер
Толық