Тарих | ХVІ-XVII ғ.ғ. Қазақ хандығының саяси-қоғамдық құрылысы және шаруашылығы мен мәдениеті

ХV-XVII ғасырларда қазақтар шаруашылығының жетекші саласы – көшпелі мал шаруашылығы. Әр рудың 800-1000 шақырымға дейін жететін көш жолдары жазда жайлауға шығып, қыс түсе қыстақтарға оралуға мүмкіндік беретін. Олардың қыстақтары малға суықта пана болатын өзен, көл бойларында, орналасатын. Ертеден қалыптасқан тіршіліктің жүйесі алыстағы шалғай жерлерге (Жетісудан басқа жерлерде) көшіп-қону, табиғи жағрафиялық жағдайларымен тарихи дәстүрлерге, ал көшіп барып қонатын жерлерді таңдап алу, көбінесе халықтар арасындағы қақтығыс, соғыс, шайқастардың бар-жоғына, саяси жағдайларға байланысты болды. Малдың негізгі түлектері қой, жылқы және түйе еді. Бұлар халықтың тұрмыс-тіршілігіне бірден-бір қолайлы түлектер. Мұндай мал халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, ет, сүт, қымыз, шұбат пен киімге керек материалдармен қамтамасыз етіп отырды. Әрине, мал бағу ауыр еңбекті, төзімділікті және өмірге икемділікті талап етті. Сонымен бірге ол кезде мал шаруашылығының табиғаттың дүлей құбылыстарына түгелдей тәуелді болғанын да айту керек. Жем-шөп дайындау жүргізілмейді, қыста мал тебіндеп жайылды. Міне, осыған байланысты қыс сұрапыл қатты болған жылдары малдың жаппай қырылуы (жұт) жиі кездесетін. Мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп қалатын.
Қазақ халқының өмірі ілгері басқан сайын мал шаруашылығын жүргізудің формасы мен оның өнімділігі жақсара түсті. Қолайлы жылдары мал басы үдемелі қарқынмен өсіп отырды. Мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдіріп отырған.
Көшпелі мал шаруашылығы қазақ отбасының өмірін көп жағынан қамтамасыз етіп тұрды. Бұл сала қазақтарға ішіп-жейтін тамақ өнімдерін, киім-кешек пен аяқ-киім, үй жабдықтары мен жасауларын, көшіп-қонуға қажетті тасымал құралдарын берді. Әскери жорықтар мен шайқастарда жылқының орнын ешнәрсемен алмастыруға болмайтын. Көшпелі малшылар өздерінде артылып қалған малдан түскен өнімдерді Түркістанның Сығанақ, Сауран, Ясы және басқа қалаларының базарларына апаратын, соның ішінде арбалар, төсектер мен ыдыстар жеткізетін болған.
Малшылар бұл өнімдерімен айырбасқа қалалардан әр түрлі тауарлар: мақта маталары мен жібек маталар, темірден соғылған бұйымдар, дайын киім-кешектер, шапандар, орамалдар, бас киімдер, аяқ киімдер, сондай-ақ әр түрлі үйге қажетті заттар т.б. алатын. Көшпелілердің астық өнімдерінен – бидайға, тарыға, арпаға, жеміс-жидекке – сұранысы өте қатты болды.
Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен қатар халықта тұрақты егіншілік маңызды рөл атқарды. Қазақстанның Оңтүстік аудандары мен Жетісуда суармалы егіншілік дамыды. Археологиялық зерттеулер ХV-XVII ғасырларда Отырар, Түркістан, Сауран маңындағы егістік жерлерінде құбырлар арқылы су жіберіліп отырғанын дәлелдейді. Басқа жерлерде егіншілік мәдениетінің дәстүрлі ошақтарын өзен алқаптары мен көл жағалауларында, шөл және шөлейт далалардың көгалды жерлерінде дамыды. ....
Рефераттар
Толық