Үлкен ұлым Асылбек: «Келініңіз Сәндігүлді жұмыс орнынан Астанаға, ЭКСПО - 2017- ге, жіберіп жатыр. Анасымен бірге Нұрфарабиді де көрмеге жібермекпін. Билетін сатып алып қойдым»,- дегенде ел көріп, жер көргелі отырған құрттай құлыным, тұңғыш немерем, үшін жүрегімде қуаныш сезімі билеген.
Сол сәт 2012 жылы 22 қаңтарда аталған көрмені Астана қаласында өткізу жөнінде шешім қабылданғанда Нұрфарабидің бар болғаны үш жаста екені есіме түсті.
Енді міне... Баязит әулетінің атынан көрмеге барғалы отыр. 10 маусым күні көрменің салтанатты ашылуын ел қатарлы теледидардан көріп, шаттығымыз еселей түсті.
-Әлемнің әр қиырынан ағылған халықтың, ығы-жығы кісілердің арасында құрттай бала Нұрфарабиді айтам, - деп маған аңтарыла қараған әжесі Ырымкеш Мадиқызы , -адасып кетпесе жарар еді......
Жұдырықтай жүрегіңді мың сан арман аялаған қайран жастық шақ... Мені де айналып өтпегенің анық еді. Бірде түкті кілемнің түгін түсірген Қажымұқан тектес палуан болсам, бірде Бауыржан тектес қаһарлы қаһарман әскербасы болсам деп армандаумен күндер өтіп жатты. Бірақ балалармен белдесе жүріп өзімнің тіптен әлжуаз екеніме, біреу қатты ақырып қалса қалтырап, дірілдеп жүрегімді тоқтата алмай қалатын қорқақ екенімді аңғардым.
Сондай күндердің бірінде журналист жазушы болсам деген сәулелі ой санамды шарпып өткендей еді. Соған табан тіредім. Ол үшін оқу керек екендігі талас тудырмайтын. Аздап өлең жаза бастадым. Сол сәттен бастап тек әдеби көркем шығармаларға зер салумен шектелмей, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналдарын қызыға, құмарта оқыдым......
Бір тойға барып едік, кісі көп жиналды. Дастархан басында өзара танысу басталып кетті. Біз аты-жөнімізді атаумен шектелдік.
Бұған көңілдері толмады ма, әйтеуір, жаңа таныстарымыз аты- жөндеріне қоса мәдениет қайраткері орден иегері, депутат дегенді қоса айтып, біздің кімдермен дастархандас болу бақытына ие болып отырғанымызды құлағымызға құйып жатты.
Бір таңғаларлығы, солардың арасында қайраткер көп еді. Сол сәт:
Оңымда да қайраткер,
Солымда да қайраткер.
Алдымда да қайраткер,
Артымда да қайраткер.
Шыли қайраткер ішінде,
Еңсемді Алла түсірме.
Арыстандай айбат бер,
Қажымастай қайрат бер.
Аллаһуакбар!- деген өлең шумағы туа қалғаны. Сөз реті келгенде отырғандарға оқып бердім. «Мынауыңыз бата ғой» десті отырғандардың кейбірі.
Бірер айдан соң қайраткер атауы өз ісінің шебері деген сөзбен алмастырылды.
Тек көңілді жиырма бестердегі сол қайраткерлердің күні ертең тірі жүріп, жастары жетпіске жете қалса, сол атақты кезінде не үшін алғандарын естеріне түсіре алар ма екен, жоқ әлде...
Тойда шамадан тыс қызып отырған ел ағаларының бірі арнау өлеңін оқып, онысын мерейтой иесіне табыстап отырған орнына қарай маң басып бара жатқан ақынды тоқтатып: «Сен қазірден бастап осы облыстың бас ақынысың!
Мен солай ұйғардым!»- деп салды.
Сол сәт ду қол шапалақтау құттықтауға ұласып, арагідік бірер өлеңі жергілікті газетке қырналып,тырналып, күзеліп, түзеліп басылып тұратын пақырыңыз бір-ақ сәтте аймақтың бас ақыны болып шыға келді.
Сол күннен бастап «аймақтың бас ақыны» деген алып- қашпа атақ әлгіге қара күйеше жабысты.
Газеттің бөлім меңгерушісі, әдебиет бетін әзірлей қалса, редакторы: «Әлгі бас ақынның өлеңдері бар ма?»- деп сұрар еді.
-Бар,- десе...
-Дұрыс!- деп бетке батасын беретін.
- Жоқ,- дей қалса...
- Сен өзі... не тантып тұрсың?
Пәленшенің тойында облыстағы екінің бірі оны бас ақын дегенін естіген жоқ па ең? - деп түлкі көрген бүркіттей түйілер еді. .....
Қаттыбаланың көзі осы қыстауға қарай көсілтіп келе жатқан салт аттыны қиядан шалған. Атқа бір жамбастап қисая отырысынан, ат желігенде қопаң-қопаң етіп, бір орыннан екінші орынға ұшып-қонған сауысқандай шоқаң-шоқаң етісінен, мұның қой фермасының меңгерушісі Сәруар екенін бірден танып, қозы көш жерден алдынан шығып қарсы алған.
Амандықтан соң: «Біздің үйдегі ағаң төсек тартып жатқанына жарты айдың жүзі болды.
Колхоз бастығына өзім арнайы барып жолықтым. «Көлік жіберемін. Аудан орталығына апарып дәрігерге көрсетіңіз»,- деп еді. Оған да бірнеше күн өтті. Сізге ештеңе деген жоқ па?»- деп сұраған .Ол мұның сәлемін салғырт алып, манадан үнсіз келе жатқан ферма меңгерушісінің сол сәт талағы тарс айрылды.
-Әй, алжыған қақбас, сенің зәредей болсын партияның саясатынан хабарың бар ма, жоқ па? Жоқ, әлде партияға қарсысың ба? (бұл сөз оның бісмілләсі еді). Сол сәт ол Қаттыбалаға қаһарын тігіп, кәрлене қарады.
-О, несі ей?!- деді сөзін одан әрі сабақтап,- партия үшін сенің шалың ыз-ыз етіп ұшып, қоқыстан-қоқысқа қонып жүрген қара маса! Ұқтың ба? Қаттыбала басын изеді. -Ол бүгін өле ме, ертең өле ме партияға бәрібір.
Осы сәт өзіне-өзі риза болған кейіпте партия үшін сенің шалыңдай шалдардың оны өлсе түк емес, ал бір тоқты өле қалса... Коммунист Сәруар Шалдуарұлы, қайда қарадыңыз?- деп сұраудың астына алады. .....
Сәмен өзіне әлдекім сыйға тартқан кітапты қолына алып, самарқау көз салып отыр. Кенет көзі «Хрущевті тақырға отырғызған» деген тақырыпқа түсе кеткені.
Сол кезде мұның: «Хрущеві кім? Аты әлемге әйгілі «жүгеріші» Хрущев пе, жоқ әлде екі ауылдың бірінде арақтан басы артылмай жүрген ішкіштердің бірі ме?»- деген ой иектеген. «КСРО президенті...» деген жолдарды оқығанда, мұның ауылдағы арақ кешке зәредейде қатысы жоқ екенін әңгіме «жүгерші» Хрущев туралы екеніне шүбәсі қалмады.
Рас, арагідік әлдекімдердің естелігінде аты аталып қалғаны болмаса, қазақ әдебиетінде әзірше Хрущев туралы қалам тартушы жоқтың қасы.
Әңгіме авторы сол кемшіліктің орнын толтырмақ болды ма екен?
Тек КСРО–да Хрущев ел басқарған жылдарда президент деген атымен болмағанын ел тарихын білмейтін бұл не қылған журналист?
Әлде ертегі ме?..
Олай деуге біздің өңірдегі бірден-бір таулы аймақтың сол жерде шығатын үнпарақтың, тіпті басылым бастығының аты-жөні мен мұңдалап тұр. Ол аз десеңіз, Хрущевті алдап соғып, тақырға отырғызушы да сол басылым бастығы. .....