Сәрсебек жатақханаға қунаң қағып, күлімсіреген жүзбен кіріп келді. Шырайында бұрын-соңды болмаған көңілділік бар. Магазиннен жап-жаңа аппақ ақ жейде сатып әкелген екен. Онысының орауын жазды да «қане көріңдерші, қалай екен» деген адамша кереуетінің үстіне жарқыратып жайып тастады.
Және бір сұр шұбар галстук сатып әкеліпті.|Ақ көйлектің үстіне оны да шұбалта тастап қойды.
Жолдастары Сәрсебекке назар тіге қарасып:
— Сәкенді қара, ақ жейде сатып әкепті.
— Галстук сатып әкепті.
— Ой, сен ақ жейде әкелмеймін деуші едің ғой?
— Мынау бір жаңалық екен! — деген тәрізді сөздер aйтылып жатты.
Иә, Сәрсебекте әлгіндей оғаш мінездердің бір екені рас. «Өмірге жарасымы жоқ, кіршең» деп, ол ақ көйлек атаулыны ұнатпайтын. Галстукты түкке қажетсіз артық әурешілік деп қарайтын. Басқалардан бір бөлек томаға-тұйық жүріп тұратын. Жаңа жыл түгіл он мереке қабатынан келсе де бүйірі қызбайтын, сәнденіп бой түзеуді еш елемейтін. Қандай той -томалақ, кештерге де күнделік үйреншікті киімімен бара беретін.
Институтта бірге оқыған үш жылдың ішінде жолдастары Сәрсебектің бір қызбен көңіл қосуға талаптанбақ түгіл қиырдан көз салып, қырындамақ болған ниетін де байқаған емес-ті..
Қашанда қоңыр жүріп, қоңыр тұратын, оқудан өзге ештемені білмейтін осы Сәрсебек енді міне, аяқ астынан құбылып шыға келіпті. Бұрынғы көзқарастарынан айнып, ақ жейде, галстук сатып әкеліп отыр. Енді жігіттерден үтік сұрап тұр. Жыл бойы үтік тиіп көрмеген қоңыр костюмге істемегені қалмады. Әуелі есік алдына ауаға алып шығып, жарты сағат бойына щеткалап тазалады. Одан соң сабынды суға ақ шүберекті малғыштап отырып, әуелі шалбарын, одан соң педжагын мипаздап өтектеуге кірісті. .....
Әркім өзінің, қалай үйленгенін айтып жатты. Кезек бурыл бас журналист Бекәділге келді.
— Соғыстан келген бетім, бойдақпын, - деп бастады Бекәділ, — жастар газетінде тілші болып істеймін. Мезгіл август айының аяқ кезі. Алматы — Москва жүрдек поезымен оңтүстіктің Ш. дейтін станциясына келіп, түсе қалдым.
Ш. ауданы мал өсіруден Қазақстан бойынша аты шығып дүрілдеп тұр. Озат малшылардың өмірінен очерк жазбақшымын. Бұрын мұнда болған емеспін, бірінші рет келуім.
Мезгіл кешкі уақыт. Күні бойы сіркіреп ақ жауын жауған. Қазір де басылмай, бүркіңкіреп тұр. Ауа сыз, бұлыңғыр. Былайғы жердің миы шығып жатса керек, ал станция басы асьфалтталған, саз емес. Бірақ жаңбыр суы көлкіп шылқып жатыр. Галошым да жоқ еді, судың молдау жерлерінен амалдап аяғымды өкшелей басам.
Сол арадағы жұрттан сұрастырсам, аудан станциясы басында емес, бұдан жеті километр жерде екен. «Оған қалай баруға болады?» — деп едім. Білегіне қызыл байлаған теміржолшы:
— Ана кетіп бара жатқан жұртты көрдіңіз ба? Солардың соңынан ілессеңіз, сонау мұржасы көрінген үй асхана, соған барасыз. Сол жерде автобус тоқтайтын аялдама бар, — деп жөн сілтеді.
Әлгіге рақмет айттым да, шұбырып кетіп бара жатқан он шақты адамның соңынан ілесіп жөнелдім. Жолдын батпағы ми болып жатыр. Галошсыз ботинкамның мықтап сорлайтынын сезсем де, істерге амалым жоқ. Өзі оншалық жаңа да ботинка емес еді. Әуелі қорқыңқырап басып, амалдап көрмек болдым. Бірақ бұдан ештеңе шығатын емес. Одан соң не болса да болды ғой деген оймен батылдана адымдап жүріп кеттім.
Бір кезде алдымда кетіп бара жатқан жұрт иіріліп, бөгеліп қалды. Сөйтсем әлгі арада ені екі метр шамасы, жағасы түйетайлы арық бар екен. Көпір ештеңесі жоқ. Жұрт амалдап секіріп жатыр. Қарттау бір адам арықтың ішіне тайып жығылып, үсті басын оңдырмай былғап алады......
Сәрсебек жатақханаға қунаң қағып, күлімсіреген жүзбен кіріп келді. Шырайында бұрын-соңды болмаған көңілділік бар. Магазиннен жап-жаңа аппақ ақ жейде сатып әкелген екен. Онысының орауын жазды да «қане көріңдерші, қалай екен» деген адамша кереуетінің үстіне жарқыратып жайып тастады.
Және бір сұр шұбар галстук сатып әкеліпті.|Ақ көйлектің үстіне оны да шұбалта тастап қойды.
Жолдастары Сәрсебекке назар тіге қарасып:
— Сәкенді қара, ақ жейде сатып әкепті.
— Галстук сатып әкепті.
— Ой, сен ақ жейде әкелмеймін деуші едің ғой?
— Мынау бір жаңалық екен! — деген тәрізді сөздер aйтылып жатты.
Иә, Сәрсебекте әлгіндей оғаш мінездердің бір екені рас. «Өмірге жарасымы жоқ, кіршең» деп, ол ақ көйлек атаулыны ұнатпайтын. Галстукты түкке қажетсіз артық әурешілік деп қарайтын. Басқалардан бір бөлек томаға-тұйық жүріп тұратын. Жаңа жыл түгіл он мереке қабатынан келсе де бүйірі қызбайтын, сәнденіп бой түзеуді еш елемейтін. Қандай той -томалақ, кештерге де күнделік үйреншікті киімімен бара беретін.
Институтта бірге оқыған үш жылдың ішінде жолдастары Сәрсебектің бір қызбен көңіл қосуға талаптанбақ түгіл қиырдан көз салып, қырындамақ болған ниетін де байқаған емес-ті..
Қашанда қоңыр жүріп, қоңыр тұратын, оқудан өзге ештемені білмейтін осы Сәрсебек енді міне, аяқ астынан құбылып шыға келіпті. Бұрынғы көзқарастарынан айнып, ақ жейде, галстук сатып әкеліп отыр. Енді жігіттерден үтік сұрап тұр. Жыл бойы үтік тиіп көрмеген қоңыр костюмге істемегені қалмады. Әуелі есік алдына ауаға алып шығып, жарты сағат бойына щеткалап тазалады. Одан соң сабынды суға ақ шүберекті малғыштап отырып, әуелі шалбарын, одан соң педжагын мипаздап өтектеуге кірісті.
Алматы көктемінің тамаша бір салқын кеші. Әзімбай тротуарды бойлап, ойға қалып келеді бүгінгі кешті қалай өткізсем екен?
Кенет оның бет алдындағы биік үйдің жанында электр сәулесімен қызылды-жасылды болып құбыла жазылған «Ресторан» деген сөз жарқ ете қалды. Әзімбайдың бұл оншалық жек көрмейтін орны. Мм... деп ол майданда жарқышақ тиіп, кемтар болып қалған бұжыр алақанымен мұртын уқалады. Жүрісі де баяулап, батпақ кешіп келе жатқан адамша ілбіді де қалды. Ой үстіне ой келді.Кірсе жаман болмас еді. Кешті көңілді өткізіп, шалқып қайтуға болушы еді. Бірақ жоқ жомарттың қолын байлайды. Командировканың ақшасы адамды жарыта ма? Қалаға бұрын келіп жүргенде Әзімбайдың өзіндік тағы да бірдеңелері болушы еді. Бұл жолы оның реті келмеді.
Әзімбай мұнда әлі де үш – төрт күн болады. Әр күні үш мезгілден тамақ ішуі, қонақ үйге төлеуі. Содан соң автобустың жол ақысын төлеп Н. Ауданындағы үйге жетуі керек. Қаладағы бар ақша сондық қала. Қой болмайды.
Әзімбай тоқыраудан шығып, аяғын тездетіңкіреп басты. Ресторанның есігіне жалтақтай қарағанмен бұрылмады. Қатар – қатар көп терезе бұлар да ресторандікі. Адам аздау секілді. Сыра салған бөтелкелер, графиндер көзіне шалынғанда, Әзімбай тағы да қобалжыды.Алматыға айына да жылына да бір келгенде, тым құрыса бір рет сыраға тойып қайтпау деген... Әзімбай тағы да ілбіп, көңілінде есеп жүргізе бастады: кешкі тамақты бәрібір ішуім керек. Соның орнына екі-үш бөтелке сыра алсам. Жарайды, арзандау бір тамақ және алайын. Пәлендей қымбатқа түспейді. Оның есесіне ресторанда болып, музика тыңдап уақыт өткізіп қайтам.
Кір, кірме деген екі ойдың біріншісі еңсеріп әкетті. Әзімбай бұрылып, қайтадан кейін қарай жүрді. Екінші кереғар ойдың да жағы семер емес. «Кірме! Кірме! Кірме!» дейді. Кірген соң сенің жайың белгілі ғой дейді. «Жоқ, әлгі есебім есеп, бір грамм да татпаймын» — деп, Әзімбай өзіне өзі ант бергендей болды да, ресторанға кірді.
Жадырап көктем туды. Қар қауырт еріді де, аз күнде төңірек қарайып, құрғап шыға келді.
Мектепте көшелерді көгертіп, ағаш отырғызу апталығы басталды.
Оқушыларды түгел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады. Орман болса тан іргеде тиіп тұр. Көшеге ағаш отырғызып, әуреленудің керегі қанша деп ойлады ол. Бірақ жұрт бір кісідей жұмылып кіріскен істен Алмабек шетте қала алмады. Өз кластарымен бірге тоғайға ол да барды. Бірнеше жас тал, терек, қайың әкеліп, басқалардың үлгісімен терезе тұсына тізіп отырғызды.
Алмабек осымен істі тындыға санады. Өзгелер отырғызған ағаштарын суарып, түбін қопсытып, мәпелеп күтумен болса, бұл оның бірін де істемеді.
Жаз шықты. Көктемде отырғызған ағаштар жапырақтары желкілдеп, бойлап есе бастады. Солардың арасында: Алмабек отырғызған ағаштар ешбір күтім көрмеген соң тамырланып кете алмай, шөжіп шалажансар жұтап тұрды.
Орманнан өздерімен бірге әкеліп отырғызған басқа ағаштардың айнала жамырап, жайнап өсіп келе жатқанын көргенде, қуқыл тартқан ағаштар қапаланып, қайғыға батты. Ертелі-кеш самал желмен тербелген ормандағы кешегі еркін өмірлерін аңсап, бір біріне мұңын шағып жылады. «Бұл халде тұра берсек, біраз күнде тамырымыз суалып, құритын шығармыз», — деп уайым шекті.
Бұл қайғылы халді самал жел өзен бойындағы орманға жеткізді. «Осындай да осындай. Алмабек дейтін бала алып барып отырғызған сіздердің туысқан шыбықтарыңыздың халі мүшкіл екен»,— деп, ол сыбдырлап бұталарға айтып еді. Ауыздарына сөз тұрмайтын бұталар оны сыбдыр қағыл талдарға, талдар қайыңдарға, қайыңдар дереу теректерге жеткізді. Сөйтіп, кен алқапты жалпағынан алып жатқан ну орман Алмабектің қылығын түгел естіді......
Төркіні жақын қыз дамыл таппайды. Өзің тұратын қаланың тап іргесіндегі демалыс үйіне тынығу соған ұқсайды екен. Қаншама алаңсыз боламын дегенімен бола алмайсың, екі күннің бірінде сары портфельді салақтатын, қала қайдасың деп, тартып бара жатқаның.
Сенбінің кешінде үйге кетіп, мұнда бүгін оралсам, биллиардшы достарым ұясын аю талқандан кеткен арадай гу-гу етеді.
— Ойбай, осында тынығуға жалғыз қолды біреу келіпті, биллиардты ғажап ойнайды! Ұтпаған адамы қалған жоқ...
Жай ғана мықты биллиардшы келіпті десе, мен әрине, таңырқамас едім. Ал мынау өзі жалғыз қолды, өзі мықты биллиардшы. Жалғыз аяқты керемет жүйрік біреу келіпті деген секілді құлаққа сөкеттілеу естіледі. Кім екен деп, көріп - білгенше ынтық болдым.
Сөйтсем, жұрттың өрепкіп, әңгіме етіп жүргендері өзім жақсы танитын, ағарту мекемесінің бірінде үп - үлкен қызмет атқаратын биязы әсем жігіт Халел болып шықты. Meн, бірақ, оның биллиардшы екенін білмейтін ем.
Амандасып болысымен:
— Ау Халел, сені жұрт керемет биллиардшы дейді ғой? Сондай да өнерің бар ма? Мұндағы ойыншыларды жайпап салған көрінесің? — дедім.
Өзінен шашы бұрын қартайған буырыл бас Халел сыпайы ғана күлімсіреп:
— Е, біздікі деген жай ермек қой, — дейді.
— Ермегің мынадай болғанда, ермек емесің қандай? Мүмкін екеуміз ойнап та жіберерміз?
— Еркің білсін.
Міне, біз биллиард ойнайтын бөлмедеміз. Осында тәуір екі ойыншы болса, біріміз деп жүргеннің өзімін. Халелмен күш сынасып көруге ынталы - ақпын. Бірақ жалғыз қолды адам биллиардты соншалық ғажап ойнайды дегенге іштей сене де қоймайтын тәріздімін.
Халелдің оң қолы иық түптен жоқ, бары тек сол қол. Екінші дүние жүзілік соғыспен ол есепті солай айырысқан. Соғысқа бір қолын садақа етіп берген де, шыбын жанын аман алып қалған.
Алматының Пастер көшесімен жүре қалсам, осынау астынғы қабаты белуардан жерге батқан ағаш үйді, осынау бір жағына қарай қыңырайып, қисая бастаған көне ағаш қақпаны көргенде, менің есіме Гауһар түседі. Сондағы бастан кешкен уақиғалар тізбектеліп көз алдыма келеді. Жүрегімде діріл пайда болады.
Біз Гауһармен дәл мына арада кездесіп, танысқан едік. Ол, әне, апа жерде қақпаға сүйеніп, бізге күлімсірей қарап тұрған. Жұп - жұмыр уыз мойнында күн нұрына шағылып, жалт -жұлт еткен ұсақ шынжыр баулы әсем медальон.
Бәрі: көше де, үй де, түбіне шірімес үшін тас орнатып, бағандарды сол тасқа бұрандалап бекіткен қаракөк ескі қақпа да сол сондағы қалпы. Тек Гауһар жоқ. Бәрі шын болғанда, Гауһар ғана елес...
Мен осы арадан әрлі-берлі өткен сайын Гауһардың қарасы жарқ ете қалатындай - ақ қақпадан ішке елегізіп, қарап. өтем. Жоқ, жарқ ете қалмайды.
О, Гауһар, қайдасың? Барсың ба жер бетінде? Бар болсаң, неге кездеспейсің? Жоқ әлде ұмыттың ба сен мені? Менің атымды жүрегіңмен мәңгілікке сызып тастадың ба? Жо, жоқ! Олай болуы мүмкін емес.
2
Соғыс кезі. 1943 жыл. Іске татыр естияр еркек кіндіктінің бәрі дерлік армияда. Ауылда қатын-қалаш, шал - шабыр, ауру сырқаулар қалған.
Мезгіл жетпей үзілген көк жемістей соғыс бізді, балаларды ерте есейтті. Әкелеріміз бен ағаларымыздың еңбектегі қаңырап, босап қалған орымдарына, шамаларымыз келсін, келмесін жарбиын, біз ие болуымызға тура келді. Қазекем бұндайда «ит жоқта шошқа үреді қораға» дейді.
Сондайлардың біреуі мына менмін. Содан бір ғана жыл бұрын тоғызыншыны атүсті бітіргеніме, педагогиканың иісі мынау тәмпіш мұрныма кіріп те шықпайтынына қарамастан, дырдай мұғалім атанып, өзіміздің ауылда, жеті жылдық мектепте aнa тілінен сабақ берем.
Жаз шықты. Оқу жылы аяқталайын деп қалды. Директорымыз күрк-күрк жөтелген көксау шал адам. Әлгі бір күні: .....
Менің сізге төменде қол қойып, арыз жазу себебім мынау!
Мен өзім, шынымды айтайын, әдебиетті онша көп оқымаймын. Өйткені, біріншіден, оған қол тимейді. Ал екіншіден, мен болсам қазір лесхозда жұмыс істеймін. Яғни әдебиетпен ешқандай байланысым жоқ.
Бүгін бағана түскі тамақтан келе жатсам, біздің әлгі секретарь әйел: «Әбдіғали, сені журналға жазып қойыпты. Мә, мына әңгімені оқышы» дейді. Жүрегім су ете қалды. Ойпырмай, неге жазады, не қылмысым бар деп, оқи бастадым. Өзі сала құлаш ұзақ мақала әңгіме екен. Сонда да болса бас алмай отырып, оқып шықтым. Сөйтсем, Әбдіғали дейтін маскүнем біреу жайында екен. Тек атының ұқсастығы болмаса, бас - қасының бәрі де менің басымнан кешкен уақиғалар емес. Бұл қайтып мен туралы болады деп, біраз ойланып отырдым да, біле қойдым. Біріншіден, бұл мақала очерктің авторы Б. Сәрсенов жолдас «Н. ауданының орталығына барып түсе қалдым, мезгіл көз байланып қалаған кешкі уақыт еді» деп жазады. Мұндағы оның Н. деп, жасырып отырғаны ол, сөз жоқ, біздің Нарын ауданы. Өйткені біздің облыста Н. әрпімен басталатын басқа аудан атымен жоқ. Оны мен райсоветке барып, анықтап білдім.
Н. ауданы біздің Нарын ауданы болған соң ондағы маскүнем Әбдіғали ол, әрине, менмін. Менен басқа Әбдіғали дейтін мұнда ешкім де жоқ.
Содан соң, автобус біздің ауданға Алматыдан ылғи да күнде көз байлана келеді. Олай болса, сіздердің жазып отырған Әбдіғалиларыңыз менен басқа ешкім де емес.
Қымбатты жолдас редакция, әдебиетті мектепте біз де оқығанбыз. Оның қулық -сұмдығының біразын жақсы білеміз. Сіз бізді ештеңе білмейді, сезбейді екен деп ойламаңыз. Олай ойласаңыз қателесесіз. Жазушылардың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, ойдан қосып, болмағанды болғандай етіп жазатын әдеті бар. Miнe, сіздер де сөйтіпсіздер. Менің маскүнем екенімді образ қылып алыпсыздар да, оған неше түрлі өтірікті қисындырып қосып жазыпсыздар. Міне, бұл үшін мен сіздерге наразымын. Сіздер ойлайтын шығарсыздар; бізге қалай қисындырып жазсақ та бола береді. Ауылдағы оқымаған қара жұмысшы халық оған көне береді деп. Жоқ, жолдас редакция, олай ойласаңыздар сіздер қателесесіздер. Мақалада менің атымды өзгертпей тура атағаннан кейін бүйтіп өтірік қосып жазуға сіздерге кім права берді? Алдымен міне осыған жауап беріңіздерші?
Содан соң екінші айтарым, маған кездесетін Көкен деген адам ол кім? Meн бұндай адамды білмеймін ғой. Жоқ әлде сіздер Көдекті Көкен деп бұрмалап отырсыздар ма? Егер ол Көкен болмай, Көдек болатын болса, мен онымен бірігіп арақ ішпек, түгіл, міне, екі жылдай болып қалды бетіне тура қарап сөйлемеймін де. Бұрнағы жылы жайлауда Жұмағұлдың үйіндегі тойда төбелесіп қалғалы бері ол екеуміз ит пен мысықтай аразбыз. Бұны, жолдас редакция, жұрттың барлығы біледі.
Содан соң үшінші айтарым, сіздер әлгі мақала пілитондарыңызда менің әйелімнің образын да дұрыс көрсетпепсіздер. Оның аты Жәмила болса сіздер Күлбала деп бұрмалап жазыпсыздар. Қиысса, қиыспай қалсын - ау! Содан соң, әйелімнің түр-түсін, киімін де бұрмалап жазыпсыздар. Қашаннан бері ол сыриған сары келіншек бола қалды? Қатпа қараның нағыз өзі емес пе? Оның арық екеніне дейін жазыпсыздар. Сіздердің не мақсатпен бұлай деп жазып отырғандарыңызды мен білмеймін. Ал бар ғой, редакция жолдас, тап осыларыңыз ұят - ақ. Біреудің әйелі арық біреудікі семіз. Онда сіздердің не шаруаларыңыз бар? Немене, сонда мен әйелімді тамақ бермей аштан қатырып жүр демексіздер ме? .....
Сөйлем мүшелерінің алғашқы мәжілісі «Абай жолы» романының... бетінде шақырылды.
Мұнда шешуші дауыспен қатынасып отырғандар: Бастауыш, Баяндауыш, Толықтауыш, Анықтауыш және Пысықтауыш. Бұлар мәжілістің толық праволы мүшелері.
«Қатынасамыз дегендерге есік ашық» деп хабарландырылғаннан кейін бүгінгі мәжіліске грамматика майданының өзге саласында еңбектеніп жүрген талаптылардың да өкілдері келіпті. Сөз таптары атынан Сан есім, сөйлеммен грамматикалық байланыстары болмаса да Қыстырма, Қаратпа, Одағай сөздер қатысып отыр.
Бірінші болып, Бастауыш сөйледі.
— Мен Бастауышпын. Сөйлемде менің мойныма ұшан - теңіз жауапкершілік жүктеледі. Meн сөйлемдегі ойдың иесімін. Менсіз сөйлем басы жоқ теке тәрізді. «Кім? Не?» деп сұрай келген жан болса, атау тұлғада тұрған мені қиналмай бірден тауып алады. Рас, кейде көзге түспей жасырынып та қаламын. Бірақ ол менің кінәм емес.
Бастауыш осы сарында қыза желпініп, ұзақ сөйледі. Даусынан бұрқырап шаң көтерілгендей болды.
Екінші болып Баяндауыш сөз алды:
— Бәкен, тамаша сөйледі, — деп, сөзін ол Бастауышқа жағынудан бастады.— Бір ауыз артық сөзі болған жоқ. Ал енді мен өзім жайында айтайын. Мен Баяндауышпын. Қызметім — сөйлемде айтылған ой иесінің яғни Бәкеңнің іс-қимылын, күй - жағдайын білдіру. Бәкен жайын білгілері келген жұрт «Не істеді? Не істеп жатыр? Не болды? Хал -тұрмысы қалай?» — деп сұрайды. Осынын бәріне тиісті жауабын беріп, мен тиянақтаймын. Бәкен екеумізсіз сөйлем басы мен аяғы жоқ дене тәрізді. Міне, сондықтан да бізді ғалымдар тұрлаулы мүшелер деп атайды.
— Лепіріп, шалқып, дандайсып бүл не өзі! — деп, кенеттен Баяндауыштың сөзін Пысықтауыш бөліп жіберді.— «Мен! «Мен!» деп, кеуде қаға сөйлеуді осы қашан қоясыңдар! Тұрлаулы мүшелеріміз деп, бөлектенуді қашан доғарасыңдар? Бастауыш пен Баяндауыш бізсіз, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінсіз, сендер күрделі ойды бере аласыңдар ма? Бере алмайсыңдар. Ал мен болсам, Баяндауыш, сенін мағынаңды айқындап, суреттей түсем. Олай болса, сенің мені неге танығың келмейді, а!
Пысықтауыштың шанқ - шанқ етіп, ашынған үні парақтың арғы бетіндегілерге естіліп жатты.
Бұдан кейін Толықтауыш сөз алды. Ол Пысықтауышқа тиісті:
— Біреулерді сынай тұрып, өзің неге лепіресің? Баяндауыштың мағынасын айқындайтын сен ғана ма екенсің?! Етістіктен болған Баяндауыштарды қолдап - жебеп, көркейту, ол менің ісім емес пе? Менің бұл еңбегімді сөйлем мүшелерінің қайсысы жоққа шығара алады?!
Осылайша гүж - гүж етіп, жуан денелі Толықтауыш ол да бірқауым сөйледі.
Манадан бері бір қуарып, бір қызарып құбыла тыңдап отырған Анықтауыш сөз алды:
— Кімнің қандай кызмет атқарып жүргенін, жолдастар, өмір көрсетеді. Өмірге, шындыққа жүгініп сөйлеген жөн. Біз, Анықтауыштар, өздеріңізге мәлім, есім сездерді анықтаймыз. Одан басқа да сөз таптарымен байланысып, белгісін, сыр - сыпатын білдіретін кездеріміз болады.
Алдындағы сия сауыттан сияны қылқ еткізіп жұтып қойып, лепіріп сөйлей берді Анықтауыш:
— Біз, Анықтаушытар, есім сөздердің ғана емес, бүкіл сөйлемнің көркіміз, бояуымыз. Нелер ділмәр шешендер бізді, Анықтауыштарды, тіліне тиек етпей сөз сөйлемейді. Өмірдегі әдемілік пен сұлулықтың, асқақтықтың бір де біреуі біздерсіз сипатталмайды. Жамандық пен жауыздықтың нелер лас бояуын да біз келтіреміз... Біз... Біз...
Анықтауыш қақалып-шашалып, түр-түсі құп-қу болып барып сезіп бітірді.
— Шіркінің бөседі - ақ екен! — деп, босаға жақтан Шылаудың бірі кепке естірте күбір етті.
Парақ бетіндегі сөздер тыңдаудан жалығып, қақырынып, жөтеліп, қозғалақтап кетіп еді.
— Жолдастар, үзіліс жасасақ қайтеді? — деп Қаратпа сөз ұсыныс енгізді.
Екі үтірге шынтақтап, шаршап отырған Қыстырма сөз:
— Үзіліс жасаған, әрине, дұрыс болады, — деп қостады.
— Тым болмаса бес минут, — деді Сан есім.
Мәжілісті басқарып отырған Бастауыш үзіліс жариялады.
Жаз. Жайлау. Шұбала қонған киіз үйлер. Қанаттас бір ауылға апам мені жетелеп, қыдырыстап келген. Үш-төрт әйел үйде шай ішіп әңгімелесіп отыр да, мен сыртта асық ойнаған балалардың қасында қызықтап қарап тұрмын.
Ересектеу баланың бірі кенет иығымнан жұлқып қалды:
— Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр!
Ауылдың ортасын қақ жарып, тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолмен түйеге мінгескен екі әйел соқтырып кетіп барады. Екеуі де кимешек киген. Артындағысы аумаған менің шешем. Мені бөтен ауылда қалдырып, жөнеп барады.
Мен шешемнен өлмей қалармын.
— Ала! Ала! — деп артынан қуып бердім. Құлындағы дауысым Құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді.
— Aпa! Апа!
Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды. Жол шетіндегі үйлердің адамдары бәрі маған қарап қалған. Тек шешем ғана қарамайды. Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді.
Бір әйел көлденеңнен дауыстап:
— Әй, қатын, балаң жылап келеді! — деді.
Шешем енді ғана маған жалт бұрылып қарады.
Сөйтсем, шешем деп жылап келе жатқан адамым мүлдем бөтен... Алдындағысы да мен танымайтын басқа әйел.
Өз шешем сол әлгі шай ішкен үйде отыр.
Уақыттың көбін су бойында өткіземіз. Су бойында ойнаймыз. Міне, енді қалжырап үйге қайтып келем, қарнымда түк қалмаған, ашпын.
Шешем құр талқан берді. Дәмсіз қара талқан. Жейін десем, тамағымнан жүрмейді...
Біздің ауылдан жоғары бір шақырымдай жерде Киікбай ауылы. Сонда күйеуге тиген немере әпкем тұрады. Қалай келгенімді білмеймін, сол үйде қазанға қарып жапқан күйелештеу нан жеп отырмын.
Бір кезде есіктен шешем кіріп келді. Мені көріп, жылап бас салды. Неге жылайтынына түсінбеймін.
Сөйтсем, шешем мені аяқ астынан жоғалтып алған. Бүкіл ауылдан іздеп таппаған. Суға ағып кеткен деп ойлап, есі қалмаған.
Бұдан аз бұрын шешем мені осында ертіп келіп, нан жегізген екен......