Отты жылдарды ұмытпайық
Дүниені дүр сілкінтіп, бейбіт жатқан дархан даланы от шарпытқан, ана мен баланы зар жылатып, өксігімен ел тұншықтырған, арлан азаматтарды туған ел топырағынан айырып, бөгде елде жер құштырған Ұлы Отан соғысының залалы әлі де жадымыздан өшкен емес. Бірімізге әке болатын, енді бірімізге ата болатын абзал аталар әлі күнге отты жылдарды күңірене еске алады, түсінде көріп жанталасады. Бірі майданда болып, қыршыннан қиылып жатқан бауырлардың қан жоса болғанын, бомбаның жарылысына тап болып күлінің көкке ұшқанын көріп көз жасын бұлайды. Енді біреулері бұғанағы қатпаған бала бола тұра аналар мен қарттар қатарында тылда еңбек етіп, бауырлар мен ел ағаларының аман- есен оралуына тілектес болды. Әлбетте, қазіргі жас ұрпақ бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі тәуелсіз бақытты заман бірден орнай салмағанын біріміз біліп, біріміз білмей жатамыз. Отты жылдардың естеліктерінен сыр шерткен ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыздың әңгімесі, болмаса қан майданда хатталып жазылған көне сары қағаздар мен кітаптар ғана бәз біреулерге ой салып, санасын қозғайды. Бұған құлақ асып, қайсар батырлардың жолын жалғауға уәде ететіндер, өздерінің ел қорғаны бола алатынына кәміл сенетін құрдастар мен замандастар қаншалықты көп екен деп ойланамын. Менің анамның айтуы бойынша, оның нағашы атасы үш ағайынды болған. Олардың ең кішісі 17 жасар бозбала еді. Осы бір үйден кеткен үш азаматтың бірі де қан майданнан оралмады. Бір атаның ұрпағы түгелімен соғыстың құрбанына айналады. Ал өз жұрағаты бойынша, анамның әкесінің әкесі үш ағайындының бірі болып, соғысқа аттанады, бейтаныс елді мекеннен мәңгілік орын табады. Өзге аталар да хабар-ошарсыз кетіп, оралмайды. Елде еңіреп қалған анамның әкесінің анасы сол уақыттағы ашаршылық пен дерттің салдарынан көз жұмады. Бұл бір ғана менің атаәжелерімнің басында болған қасіреттің бөлігі десек, тұтас қазақ елінің қайғысының қаншалықты қалың болғанын елестетудің өзі өте ауыр емес пе? .....
Шығармалар