Мен қара мрамор, қара таспын. Адам қолынан өткен соң айнадаймын. Алдымдағының бәрін көремін, түгел көремін. Адам күнге қарай алмайды. Мен қарай аламын. Адам қызыға қарайды, қуана қарайды, қорқа қарайды. Мұның бірі де дұрыс көру емес. Менде ондайдың бір да жоқ, мен анық көремін. Мен түнде ғана көре алмаймын.
Мен қара мрамор, қара таспын. Көргенімді ғана айта аламын. Мен адамның қуанышын да сезінбеймін, қайғысын да сезінбеймін. Менде көргенімнен бұзылар көңіл де жоқ. Мен қалай көрсем солай ғана айта аламын. Менің куәлігімнен адам өзі қандай қорытынды жасар, оны адамның өзі білсін.
Ол мейрам күні емес-ті. Бұл кезде бұл елде мейрамға ұқсар еш нәрсе жоқ-ты. Соғыс салмағынан жаншылып, жеңіліс азасын енді ғана сезіне бастаған ел езу тартуға ұялатын. Менің алдымнан ылғи жабырқау адамдар өтіп жатты. Көпшілігі балғын жастар, оқушылар, әйелдер мен кәрілер. Жемірілген өкшелер, жырым-жырым шалбар балақтары өтіп жатты. Қабақтары түюлі, үсті-бастарына қара май, көгалжім, сарғылт бояулар жұққан, шалбар тізелері бұлтиып кеткен жұмыскерлер мана, күн шықпай өткен.
Соғыстан бұрын қыздар менің тұсымнан өткенде көздері бір жарқ етіп қалушы еді, қазір ол да жоқ. Балалар мойны жіңішкерген, әйелдер еңсесі түсіңкі, барлық адам кішірейіп, шөгіп кеткен. Бірен-сарандаған соғыс машиналары үн шығармай, ұрланып қана кетіп барады. Бұған дейінгі кеудем соқ, әлгі жүрістің уақыты өтіп кеткендей.
Ит мініп ирек қамшылап, итшілеп жүріп, ит жылына да жеттік-ау. Иншалла!
«Ит – жеті қазынаның бірі» ғой, бұл жылы ит те, құс та, иттің итақайы да ырыс-несібеге кенеліп, ит басына іркіт төгілген күндерді көреді деп сенемін. Өйткені... күту мен үміттен ғана тұратын ит тірліктің соңында жадырап шығар күн, жарқырап жетер бір жақсылық бар шығар. Тек соны итке ғана бітер төзіммен, бүгілмейтін итжандылықпен күту керек. Ол жақсылық баяғыдай ит арқасы қиянда емес, дәл қасымызда, иек астымызда тұрғандай. Олай дейтінім, бар тамаша, бар қазына Қазақстанда деп, ит өлген жерден мұнда ағылып жатқан бөгде-бөтен аз ба қазір? Мен білсем, олардың тұмсығы иттен иісшіл. Естеріңізде болар, ертеде солар ит жегіп, ит қорлығын көріп, Итжеккен мен Аляскаға да жетті емес пе? Ақыры сонда ителмен, инк, индейіс деген халықтарды атажұртынан иттей қылып қуып, өздері қап-қара алтынды итшаналарына тиеп, алыстағы еліне тасыды емес пе? Сөйтіп жердің арғы бетіндегі ит тұмсығы өтпес ормандар мен ит іздесе таппас иен мекенде итарқа қостарын тігіп, ит жүгіртіп, құс салып жүрген бейбіт халықтың итін шығарып, итжемі етті емес пе? Ал, «ит тойған жеріне» деп, сол арада қалып қойған бөгделердің көбі кейін жеке-жеке ел болып кетті емес пе? .....
Ақын С. Торайғыровтың 1993 жылы Баянауыл ауданының
Мойылды алқабында өткен 100жылдық мерейтойынан Естелік
Қазақ әдебиетін, бейнелеп айтқанда, алып шыңға теңер болсақ, оның басынан мәңгілік ақша қар арылмайтын, қатар орналасқан ұлылы-кішілі екі шырқау биігі қазақ әдебиетінің классигі – ұлы Абай мен жас кетсе де кемеңгер, данышпандығын алты алашқа әйгілеп кеткен Сұлтанмахмұт Торайғыров дер едік. Бұл шыңдық ақынның жүз жылдық тойында араларын жарты ғасырға жуық уақыт бөлетін қазақ әдебиетінің бір құстың қос қанатындай екі алыбына көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым әдебиет әлеміндегі тарихи орындарын анықтап, әділ бағаларын берді.
Біз сондықтан да бұл мәселеге көп аялдап жатпадық. Ат басын қара Ертістің Кереку өңірінде басталған ұлы ақынның 100 жылдық тойына келген қонақтармен бірге Арқаның ару өңірі Баян баурайына қарай бұрамыз.
Облыс орталығына ақын тойына арнайы келген қонақтар мінген автотранспорт легі жаздың жайма-шуақ күнінде көк мұнарға бөленіп қалғып тұрғандай әсер қалдыратын Ақбет тау асқар шыңы көрінген тұста, дәлірек айтсақ ,кеншілер ордасы –Майқайың поселкесінің тұсында тойға қатысуға келе жатқан қонақтарды аудан басшылары мен еңбекшілер өкілдері құшақ жая қарсы алды. .....
Пейзаждары мен натюрморттары талай жылдар бойы шулы табысқа жетіп жүргендіктен әлі "скудаморлық мәнерде" салына қоймаған суреттері көрмелерде көзден жырақ, төбеге таяу тұстарға ілінетін күндерін біржола ұмыта бастаған әйгілі суретші Скудамор қаққан қазықтай міз бағар емес. Немере қарындасы табан астында өзін тастап кеткен орнында сіресіп тұр. Сұлу мұрты мен әдемі шоқша сақалдың арасындағы еріндері өкпелі мысқылмен қисайыңқырап, өзіне көрсетуге алып келген бұтақшадан жұмыр тас төселген аулаға жұлынып түскен итмұрын жидектеріне көз алмай әрі таңдана қарайды. Бұл оны салып қалғандай басын кегжең еткізіп жұлып алғаны несі? Жаңбыр тамшыларын шашырата төрт қан қызыл жидек бұтақшадан дірілдеп үзіліп түсердей жұлқына теріс айналғаны қалай? Бұл бар болғаны:
— Ғажап! Бұларды іске жұмсаса жөн екен! — деді ғой.
Ал ол болса "Құдайым-ай!" деп ышқына дауыстап жіберді де, жүгіріп ала жөнелді. Жоқ, Алисия расында есінен ауысқан, бір кездері ол соншалық сүйкімді болды дегенге сене де қою қиын. Еңкейіп, төрт жидекті жерден көтерді — осынау қою қызыл түс қандай керемет!
"Скудаморлық мәнер" мен табыстың сенімді құрыш сауыты тасасынан алай-түлей сезім мен нәзік түрде көре білу сыртқа атқақтатады. Суретін салу! Онда қандай мән бар? Мына сұлулықты қалай жеткізбексің? Қысқы күннің бозғылт сәулелері астында күмістеніп жатқан Эрон өзенінің ерте тасқындарынан қорғап тұрған тамаша етіп қайта жөнделген көне үйінің ауласымен аласалау тас дуалға таяп келді. Иә, нақ солай! Табиғатты, қалай саласың, оның мөлдір ала көлеңкелерін, түстердің жұмбақ үйлесімін қалай жазу керек, сәт сайын құбылып тұрған кейпін қалай кескіндемек? Қамыстың қоңыр үпелегін — әні, анау ақ сұр бозалаң жарықта иілген және әуеде қалқыған тынымсыз аппақ шағалаларды қалай ұстап қаларсың? Әйгілі "мәнері" туралы ойлағаны сол-ақ, табан асты жек көріп кетті — Алисия "Құдайым-ай!" деп дауыстап қалғанда да үнінде осындай жек көру бар-ды. Сұлулық? Одан не пайда! Оны қалай жеткізерсің? Ол да дәл осылай ойлаған жоқ па екен өзі.
Бұл дуалдың сұрғылт тасында қызарып жатқан төрт жидекке қарап тұр; біртіндеп естеліктер .....
Елдің ішкі тұтастығын сақтау үшін белгілі бір ережелер керек. Осы мақсатта Қазақ елі егемендігін алғаннан бастап, ішкі тәртіпті реттеуге тырысты. Конституциямыз қысқа мерзімде әзірленіп, халық талқылауынан өткен соң қабылданды.
Ата Заңымыз – тарихи жеңістің, халқымыздың арман-мүддесін заң жүзінде айқындаған, бүкіл әлемге Қазақстан деген азат елдің бар екендігін паш еткен беделді құжат. Конституциямызда тәуелсіз еліміздің даму бағыты, басқару жүйесі, билік тармақтары жария етілген. Қазақ халқының заң жүйесі сонау XVI ғасырдағы «Қасым ханның қасқа жолынан» бастау алады. Одан кейінгі «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сынды дала заңдарының негізінде құқықтың мемлекет құру идеясы Қазақ даласында жүзеге аса бастады.
Конституция әрбір Қазақстан азаматының заңда белгіленген мүмкіндіктерін қамтамасыз етуші. Кез келген азамат Конституциялық құқығын пайдалана отырып, заң шеңберінде әрекет ете алады. Конституция – еліміздің негізгі Заңы. Мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатының негізгі бағыттарын көрсетуші. Республикамызда енгізілгелі жатқан кез келген заң Конституцияға сүйене отырып жасалынады. Ата заңымыз қазақ халқының бейбітшілік сүйгіш, толерантты халық екендігінің көрінісі. Ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, азаматтарының құқығы ардақ тұтылған еліміз татулықтың өрнегі. Конституциямызда еліміздің демократиялық мемлекет екендігі көрсетілген. Демек, Конституциямен өмір сүру – демократияның ең жоғарғы сатысында болуды көрсетеді. Ата Заңымыз – халық таңдауы болғандықтан оны әрдайым құрметтеуіміз керек. Адам өмірі мен бостандығы ең жоғары құндылық деп бағаланған Конституциямыздың қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Адам өмірінің басты құндылық екендігінің дәлелі Конституциямыздың 9-бөлімінің екеуі адамның бостандығы мен азаматтардың құқығына арналған.
«Біздің міндетіміз – Конституцияға ерекше құрмет білдіру» - деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей еліміздің тарихын қалай құрметтесек, Ата заңымызды солай қадір тұтуымыз қажет. Конституцияға құрмет көрсетіп, оның баптарын мүлтіксіз орындамайынша, қоғамдағы келісім мен тәртіпті сақтау мүмкін емес. Демек, Отанымыздың болашағының жарқын болуы тәртіпке бағынуымызда. Батыр бабамыз айтқандай: Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бағынған құл болмайды.
Қорытындылай келе, Ата Заң – біздің күнделікті жүріс-тұрысымызды реттейтін, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін ең маңызды құжат. Елдің дамуына үлес қосқысы келетін азамат сол құжатқа мойынсұнып оны құрметтемейінше, елдің дамуын ойлау мүмкін емес. Әрбір азамат оны қадірлеп- қастерлеуге, ардақ тұтуға міндетті.
Күн көзі уездік қалаға түйіле қарап шығып келе жатқан, қораздар қанаттарын енді ғана кере бастаған кез болсадағы Рыклин ағайдың кабагына меймандар келіп-ақ қалыпты. Олар тігінші Меркулов, қалабасы Жратва және қазынашылықтың қағаз тасушысы Смехунов еді. Үшеуі де ішіп алған.
— Айтпа! Айтпа деймін тіпті! - деп тұр Меркулов қалабасының ілгегінен ұстап алып. -Кеңсе қызметіндегі төрелер, егер де жоғарырақтағысын алатын болсақ, тігіншілік жағынан қарағанда, генералыңнан әлдеқайда асып түседі. Мысалы, тіпті, камергерді - ақ алайықшы... Ол қандай адам? Лауазымы қандай? - дейсіз ғой. Ал, қане, есептей бер... Прюндельдер фабрикасының ең жақсы мәуітінен төрт кез мәуіт, ілгек оқалы жаға, алтын зерден лампас салған ақ шалбар, омыраудың бәрі алтын зер, өңірі, жеңі, қалта қалпақтары жарқырап тұрады! Ал енді гофмейстер, стальмейстер, церемониймейстер мырзаларға және басқа да министерийлерге мундир тіге қалсаң... Сен қалай деп ойлайсың? Әлі есімде, бір жолы гормейстер граф Андрей Семеныч Вонляровскийге мундир тіктік. Мундир болғанда маңына бара алмайсың! Қолыңды тигізсең - ақ тұла бойыңдағы тамырларың "цик! цик!" деп дүрсілдей жөнеледі. Нағыз мырзалар, мәселен, киім тіккізе қалса, олардың мазасын алуға болмайды. Өлшеп алдың ба, тік, ал кигізіп көремін, анау-мынау деп тәлмірсуіңе ешқандай жол жоқ. Егер сен жақсы тігінші болсаң, өлшеп-пішкенің бойынша тігіп бер... Мұнарадан секірсең, етегіңе дөп секір, әне қалай! Мен саған айтайын, бауырым, біздің жанымызда, әлі күнге дейін есімде, жандармдар корпусы болды... Қожайынымыз Осип Яклич сол жандармдардың ішінен тұлғасы киім тіктіруге берген кісінің тұлғасына шамаласатын біреуін әкеліп кигізіп көруші еді. Содан әлгі... мен саған айтайын, бауырым, графтың мундирін кигізіп көру үшін осы жарайды - ау деген бір жандармды таңдап алдық. Шақырып әкелдік... кәне, ки, сұқсыр, біліп қой!.. тұрмыз. Күлкі деген не болар! Содан әлгі, нені, мундирді киіп алғаннан кейін омырауына қарады, енді дейсің ғой! Аңырып, сасқалақтап, есінен танды да қалды........
— Қайынаға, салығыңызды кешіктіріп кеттіңіз, неге төлемейсіз? — деп қайқы мұрындау келген, денелі, томпақ көз, жұқа ерін, суық шарпыған беті қара қожалақтаның-қыраған, басында түбіт шәлісі, аяғында саптама етігі, қолында тері биялайы бар, үстінде сеңсеңмен тыстаған сары тоны бар Ұлбосын, дәреттен келе жатқан Кәдірбай хажының алдынан кес-кестей берді.
Шалбарының бауын екшей байлап, аяғымен жерді тебініп, қысықтау келген қиғаш көзін Ұлбосынға алайта қарады да:
— Қайдағы салық? — деді хажы.
— Білмейсіз бе, қандай салық төлейтініңізді, — деді Ұлбосын, даусын көтере сөйлеп.
— Нені білейін! — деп хажы бір уыс көдедей шоқталып біткен ұзын қасын көзіне түсіріп, қалың қабағын тыржитты.
— Білмесеңіз айтайын: бір ауылнайдың имамы боласыз ғой. Зекет-ғұшырдан, жаназа шығарғаннан, тағы сондай табысыңыздан 350 сом, салған егін, жылқы, сиыр, қойыңыздың салығы 86 сом. Патент алмай сауда қылғаныңыз үшін 61 сом, барлығы 607 сом.
— Келін, осы сенің-ақ маған құтың түсті-ау жарқыным. Бір жылғы табысымның бас-аяғы 100 сомға зорға толады. Әнеугүні пинәтделге осы мәнімді айтып арыз бергем. Одан жауап алмай төлемеймін. Егінді жөнді салғам жоқ. Бір-екі десятина сепкен болып едім, шықпай қалды. Сауда қылғанымды кім көрген екен? — деп хажы аппақ сақалын қолымен тарап кейіді. .....