Асқар Алтай | Қызбейіт

Бұл әңгіме маған сондай ыстық. Арада жиырма бес жылдай уақыт өтсе де ешқайда жариялай қоймаппын. Балалық шақтың бақытты да бал күндері өткен Алтайдағы әйгілі Қызбейіт жайлауы — ол туралы айтыла салатын аңыз әңгіме арқауы осы бір шағын шығарманың дүниеге келуіне себепші болып еді...

Кейде жазушыларға оқырман “Шығарма қалай туады?” деп сауал қойып жатады. Қызбейіт жайлауы аңызы — осы бір әңгіменің жоралғысы. Ал бірақ бұл аңызға бергісіз әңгіме уақыт өте келе ой-қиялыма тереңнен ұя салып, жан-дүниемді жаңаша толқыта түсіп, “Алтай балладасы” (Алтайдың алқызыл модағайы) романының тууына жол ашты.

Бұған оқырман түгілі өзім де қайран қалам!

Автор.

Аю мұрнын желге беріп, жас күлімсі иісті сезініп тұр. Маңай қалың қарағай мен шырша. Іңір қараңғылығы енді түскен шақ. Ауа дымқыл. Төңірек тыныштыққа иіген. Сәл самал желмен тербелген биік тау шөбі, шыршалардың теңселген ұшар басы мен ұшқаттың ұсақ жапырақтары қосылып ақырын ғана сыбдырлайды.

Әбден күшіне келіп толысқан еркек қоңыр аю екі аяғымен түрегеліп, тағы да тереңнен тыныс ала иіскеді. Иістің жақын маңда екенін сезінді. Қалың шөпті жапырып, анда-санда басын көтере иіскеп қойып жүріп келеді. Алаңқайға шықты. Алдында биіктеу біткен жалаңаш төбе. Иіс сап тыйылған. Аю екі аяғымен адамша тік тұра қалып, тіміскілей тағы иіскеді. Олай-былай тік жүріп те көрді, бірақ аюдың құмарын қоздырған тұщынарлық иіс сезілген жоқ. Ол қарағай, шыршасыз етекті сипар шөп басқан жалаңаш төбе басына көтерілді. Бір отар қой сыярлық төбе басында қарағайдан қиып салынған зират қарауыта қалған. Аю сескеніп қалды. Бұл қайдан пайда болған дегендей жанарын тігіп тұр. Көзіне қарай түскен шашын самал желпіп өтті. Мұрнына танауын жарған күлімсі тағы келді. Тұмсығымен тұщына иіскеді. Күлімсі иіспен бірге мұның зәресі ұша қорқатын екі аяқтылардың да иісі келгендей. Сол-ақ екен тұла бойын түсініксіз бір қорқыныш билеп өткен. Сонда да орнынан қозғала қойған жоқ. Ет жүректі емес пе, орман тағысы жойдасыз табанын басайын десе – жүрегі шыдамай, жалт беріп кетейін десе – күлімсі иісті көңілі қимай тұра берді...

Аздан соң төрт құлағы қалқиған бейітке де, одан шыққан иіске де, тіпті жалаңаш төбені қоршаған қалың орманға да бойы үйренгендей болған. .....
Әңгімелер
Толық

Асқар Алтай | Мәйіт

Бұл оқиға байтақ далада емес, күні бүгін қыспақ қалада болды.

Аламан бәйге шабардай ғана жерде ұйлығып жатқан қалалықтарға таңсық емес. Көрдегі аруақ бір аунап түссе де, еттері өліп кеткен. Сөзге құлақ аспас, ойға сауын салмас...

І

Иқанның да, Иванның да кәсібі кісі қызығарлық емес еді. Олар — кәдімгі көр қазушылар: могильщик, қабірші, ақымшы, лақатшы... Өлі мәйіттің ең ақырғы “сауабын алушы”.

Екеуі бүгін де құлама қияда қабір қазды. Ақ қар жамылған Алатау бауыры таң бозынан күрек шыңылын шамырқанбай қарсы алған. Қара санды қабар сере күртікті сыпырып тастап, тоң жүрмеген қара шірікті қалың қабатты қарулы қимылмен аршып үлгерген. Күн төбеге көтеріле кісі бойы сары керішті кертіп, мәйіт келгенше дайын қылды.

Жұрт жиналған кезде оңашалау барып, астарына сырт киімдерін төсеп отырысты. Шылымдарын шығарып, құшырлана сорған.

— Байлар екен, — деді Иқан.

— Иә, көрініп тұр, — деді Иван. — Одан бірақ бізге келіп-кетері жоқ...

— Өз ісіңе жауап берсең — болды, — деп Иқан Иванның қышыған жерін қасып қойды.

— Білем, білем, — деп Иван да күмілжіді. — Әйел адам секілді.

— Білмеймін, — деді Иқан, — өлген соң бәрібір емес пе?! Қара жерге еркегің не, әйелің не — жұта береді... .....
Әңгімелер
Толық

Асқар Алтай | Альпинист


Шың басына шығыпты...

Шың басы — шыңылтыр аяз. Қар беті — қабыршақ мұз. Көк пен жердің арасы — кілкіген кілегей мұнар. Сол мұнар дүниеде таутекедей сексиіп жалғыз өзі қалыпты. Сол мұнар әлемде кеменің желкенсіз жалаңаш мачтасындай жетім шың жүзіп келеді.

Көлкіген мұнар ішінде, шаншылған шынар ұшында қарақшыдай қалқиып тұрған мұны мұң иеледі. Іле үрей биледі. Бойын суық тер басты. Ұлы биікте ауа жетпей, қос өкпесі қысылды.

Бұғалық түскен жылқыдай бөбежігі буындырып, жанары жарылардай шатынай бере оқыстан оянып кетті.

Қараңғы бөлмеде қара терге түсіп жатыр екен. Демін тереңнен тартып, көз үйретіп ұзақ жатты. Әлгінде ғана шың басын торлаған шаңыт әлем сансыраған санасынан жалқаулана сейілді.

Таң қараңғысы селкеу тартып, балкон жақтан бозғыл сәуле білінеді. Барыстай жымып балконға шықты. Көктемнің таңғы ызғары тәнін қарып, сергіп сала берді. Ол әлден уақта ас үйден апыл-құпыл ауқаттанып, тысқа шықты. Алматы ояныпты. Бір сәтке көк мұнар ішінде кемедей жүзген мұзарт шың мен шың басында жетімсіреген жұмбақ күйін есіне алды. “Бұл қай шың? Неге жалғыз? Түске де түрлі жайлар кіреді-ау!” деп автотұраққа қарай асыға адымдады.

Көктем туғалы, көңіліне жеңілтек қыздай жел кірген-ді. Алғашында жаз шықпай алаңдағанына жол болсын деп, өз-өзін тыйып тастауға тырысса да, алаң кірген сезімі асаусып, бастықпай-ақ қойған. Мамыр туып, жер жылысымен қарғын судай лықсып, алып-қашпа алапат сезімге ұласты. Бүгінде жар төсегін суынтқан таңғы сезім кешікпей байырқалы ойға бекіді. Өзін таудың шақырғанын түйсінді. Түйсінді де тіксінді...

Тап қазір құз кесіп, шыңға шырға салар мезгіл емес. Мазаң мамыр. Жылдың бұл айында күн қақтаған Африканың Килиманджаро төбесіне де адам атаулы аяқ баспайтын. Ал мұның асық көңілі қайда тартып тұр? Жер ананың төсіндегі Монблан мен Эверест тектес қос анарына да, ақ жал мен қара жал түсті жылқының шоқтығындай Аляска мен Кавказдың жалама жондарына да табаны тиген еді. Перғауынның пирамидасы іспетті Алатаудың Хантәңірісі мен боз бөрінің иесі текті Алтайдың Ақтауына да қонышы қажалған. Ендігісіне не жорық? .....
Әңгімелер
Толық

Асқар Алтай | Лайбаран


Иттен туып, іннен шыққан...

Дүрмегі мол дүр дүниеге дауа бар ма?! Ит етін жеген... жо-жоқ, ит етін жегізген итіс-тартыс қоғамда тірлік кешіп келеді. Ит болып, итаяққа тиіп жүргені тағы рас. Ит секілді жуынды-шайынды да емес, күл-қоқыстан қи терген қара қарғадай қалған-құтқан жұлмалап жүргені де шындық. Бірақ иттен туып, іннен шықпағаны хақ! Адамдар алшаңдай басқан қиямпұрыс қоғамда өмір сүріп жатқаны ақиқат.

“Иттен туып, іннен шыққан хайуан!” деді-ау! Өңешіне өт құйып жібергендей болды. Отыздың бел ортасына жеткенше талай тәлкек сөзді естісе де, дәл осындай кере кемсітушілікті құлағы шалмаған. БОМЖ* болғалы былапыт сөз бен былғаныш жер бұған жуық. Бірақ төбесінен балқыған қорғасын тесіп өткендей өзгеше бір сезім тұла бойын тіксінтіп, қара құсынан қара бақайына шейін қақ айырды. Құтты жай оты жарып өткендей болды.

Осы бір отты сезім Әкөннің өліп бара жатқан жан дүниесін астаң-кестең етті...

Мұның ар жағында әлдеқашан сөніп қалған намыс оты үрлеген шаладай шоқтанды. Иван-кочегардың көзі өңменінен өтіп, сөзі шымбайына батып кетіп еді... Қасындағы Болат-бұзау болса жұмған аузын ашпайтын әдетімен есінеп қойған.

.....
Әңгімелер
Толық