Арал теңізі экологиялық апатқа дейін құрылық ішіндегі айдын су еді. Тереңдігі 53м дейін баратын теңіз бетінің аумағы 64,5 мың шаршы шақырымға дейін жететін. Ұзындығы 428, ені 235 шақырымға дейін созылып жататын. Суының көлемі 1060 текше шақырым болды. Аралдың өзіне тән ерекшеліктері аз емес. Академик Л.С. Берг осы ғасырдың басында Арал теңізін зерттеп жүріп, оны «Керіағысты теңіз» деп атаған. Оның мәнісі мынада: Солтүстік жарты шарда барлық денелер жердің айналу бағытының әсерімен оңға қарай қозғалады. Гольфстрим ағысы да солай. Ал, Арал бұл заңға «бағынбайды», солға қарай ағады. Экологиялық апатқа дейін Арал суының тұздануы әлдеқайда кем болатын. Сырдария мен Әмудария жылына 33 миллион тонна тұз әкелетін. Бірақ, теңіздің тұз мөлшері 11 млрд тоннадан асқан емес. Ол өзендердің бірнеше мың жылдар бойы құйғанын есепке алсақ, олар әкелген басқа тұздардың қайда кеткені жұмбақ. Арал мен Каспий егіз болғанмен, «мінездері» кереғар. Каспийде су көбейсе, Аралда азаяды. Аралда су көбейсе, Каспий шегінеді. Әлімсақтан бері солай болып келеді. Бұл екі теңіз өзара тұтасып жатқан жоқ па деген сауал да алға тартылады. Теңіз біткен тұмансыз болмайды. Аралда ол атымен болған емес. Аралдың бұл да бір «кереметі». Басқа теңіздерде тереңдеген сайын оттегі азая беретін болса, Аралда керісінше көбейе береді. Теңіздің су жағдайын зерттеген ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Арал жылына 5 млрд текше метр суды жер астынан алатын көрінеді. Облыстың, оның ішінде Арал теңізінің ерекше бір аймағы – Барскелмес аралы. Экологиялық апатқа дейін Барсакелместе өсімдіктің 165 түрі өскен. Сегізсай жоны мен Қарақақ сайы, үлкен және кіші тұз көлдері, тұщы құдық маңы көктем мен жаз басында көркемдігімен көз тартады. Барсакелместе құлан, ақбөкен паналайды, сексеуіл мен басқа да бұталар осы жерде өседі. Үй хайуанаттары да осында жайылған. ....