Ілияс Есенберлин | Көшпенділер

ЖАНТАЛАС

Тарихи трилогия

ПРОЛОГ

Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан. Осы тұстан Азия мен Европаның түйіскен алқабына қарай, жаратылыстың өзі жаратқан долы сұрапылымен бірге, араларына жүздеген жылдар салып фангфур ұлы хандарының, Әтилланың, Шыңғыстың құмырсқадай құжынаған қосындары төгілген. Бұл қанды жорықтар ең алдымен осы арада әлмисақтан бері егіп егіп, мал бағып, қала салып, бейбіт жатқан елдерді талқандады. Одан өтіп қазақтың көшпенді байтақ даласын қызыл қанға бояп, лек-легімен күнбатысқа қарай лап қойды. Бұлар басып өткен жерде тек күңіренген ел, күйзелген дала, күйреген қала ғана қалды.

Бұл жолғы шайқас та — соның бірі еді.

Жоңғар қақпасының етегіндегі Сойқан сайда қытай мен қазақ әскерінің алысқанына міне бір жеті болған. Бойлауық жылқы секілді бой бермей, екі жақ бірдей арандағанда, талай қанды ауыз бөрілер пұшпағынан ілінді. Жүрегінің түгі бар талай батырлар қайқы қара алдаспандардан қаза тапты. Талай албырт жас өмір сабағынан үзілген гүлдей семді. Бірақ кісі қанын толарсақтан кешіп жүрсе де селт етпейтін қолбасшылар майданға жұртты төпеп айдай берді. Сегізінші күні жасыл жібек шатырын қырық құлға көтертіп, майдан шебіне қытай боғдыханы Канси келді. Әскер басшыларын шақырып алып: .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Махаббат мейрамы


БІРІНШІ ТАРАУ

Махаббатқа деген ешбір әлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық ғашықтық болуы мүмкін емес.

— Сіз солай ойлайсыз ба?

(Театр фойесінде естіген сөз)

Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дәл қазір тікенек боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады. Әлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сәл тұрады да, қайтадан жүріп кетеді. Және осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалғалы тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дәл осы сәтте кеудесінен біреу итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында ойын добы тәрізді ұзақ жүрді. Өзі де әбден шаршады. Сонда да жүріп келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тәрізді. Аялдар емес. Сонда осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет және жай қасірет емес, жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартқан, ақылынан мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті еді. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Қатерлі өткел

АДАСҚАН АҚЫН

БІРІНШІ БӨЛІМ

I

Асау дария Ертіс баяу қозғалған ғажайып айдаһар тәрізді, түсі суық, толқыны сұрғылт... Құмды жағасында етектегі тау тасындай шашырап, қайың мен талға бөленген үлкен қала жатыр. Бұл қалада біркелкі ештеңе де жоқ, барлығы сапырылысып кеткен: үйлері де, адамдары да, олардың киімдері де, дүниеге деген бағдарлары да. Көше бойлай салынған Кошелев, Строгонов, Сутюшев секілді бай саудагерлердің темір шатырлы сәнді сарайларымен қатар, кооперативтің тастан қалаған сұрғылт дүкендері, қазақ жатақтарының тоқал төбелі шым үйлері тұр. Алтын айлы мешітпен бұрыштаса, жонған тақтайдан істей салған кинематографтың жаңа клубы орналасқан. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұрт ішінен жаман тымақ, түйе жүн далбағай, үкілі тақиямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі орыс гүлдері төгілген қызыл шәлілер де көзге түседі. Шекпен киген ауыл қазағымен қатарласа, иығын портупеямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі, орысша «юнгштурмовка» деп аталатын жастардың галифелі жасыл костюмін киген жігіт кетіп барады. Көше бойлай салдыра желген қара фаэтонды, қоңыраулы жәмшіктердің пар аттарының сәнін әдейі бұзғысы келгендей, үстіне жүк артқан қос өркеш қара нар анда-санда боздап қойып, асықпай аяңдайды.

Өтіп жатқан жұрттың қайсысының қандай ойда екенін де түсіну қиын. Біреулері осынау ғажайып жаңа өмірге бейтарап адам екенін білдіргісі келгендей аяғын жайбарақат, бейқам басып келе жатса, бағда біреулері белеңі бар жылқыдай жан-жағына үрке қарайды. Ал кейбір бетінде ескі өмірдің тәкәппарлық таңбасы көрінген «кешегі мырзалар» жаңа заманға еріксіз бодан болғанын жасыра алмай, әр адымын зілдене басып, түнере өтіп кетеді. Дегенмен, көпшіліктің жүзі көкірегіне түн ұялағандай ақ жарқын нұрлы... .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин Алтын аттар оянады

БІРІНШІ БӨЛІМ

БІРІНШІ ТАРАУ

Біреу қызыл шұнақ үскірік қысты не сағыныштай сарғайған алтын күзді, болмаса шат көңілдей жазды жақсы көреді. Ал кей кісі төрт мезгілдің басы, тоқсан тілектің тоғысқан шағы хош иісті көктемді сүйеді.

Бұл бір қуаныш нұрына бөленген ғашық жүздер, махаббат көздер молая түскен шақ. Әлем біткен қырмызыдай сәнді келеді. Дымқыл тартқан жер бетінде көк балауса, бетеге, киік, марал, қаз оттары ду ете көтерілген. Жайшылықта иіс бермес аюбалдырған, әйбатмия, сасыр, шетендердің өздері де жұпар аңқиды. Жоқ, олар көктем исімен мұрныңды жарады. Қыс бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы суреттердей жадырай қалған. Бастарына әнші құстар қонып, құлпырған көктемді құттықтап, жаныңды жай тапқызатын шаттық үндеріне бөлеген. Өткен күзде ұшып кеткен жыл құстары, қайта оралып, қиқу салып жер мен көкті базар еткен. Күміс көлдер, көгілдір өзендер үстінде жыпырлай жүзген аққу, қаз, үйрек. Олардың у - шуына, қоңырлата сыңси салған әндерінен құлақ тұнады. Жанаргүл, қозыгүл, лала, меруерт гүлдер қауызын ашып үлгірмесе де қызғалдақ, сарғалдақтар үкілі бастары сылаңдап көздің жауын алады. Сай - салада, сылқ -сылқ күліп былдырлай аққан қар суы, мұз бұлақтар. Дүние анасынан жаңа туғандай жасарған. Осы бір керемет сәнге бөленген әлем, өзінің ғажайып ән - күйімен сенің жаныңды, қиялыңды қуанышымен әлдилеп, .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Көшпенділер

ҚАҺАР

БIРIНШI БӨЛІМ

I

Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың кеш көрінді.

Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.

Күн сәулесіне шомылған кештің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.

Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ......
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин (1915 - 1983)

Ӏлияс Есенберлин (10 қаңтар, 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы, Атбасар қаласы - 1983, Алматы) — қазақ жазушысы. Еңбек жолы
Арғын тайпасы Қуандық руының байдалы бөлімінен шыққан.
1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітіріп, Жезқазған рудниктерінде инженер болады. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1942-1947 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы,
1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры,
1953-1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор,
1954-1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы,
1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы,
Шығармашылығы
І. Есенберлин қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен аса көрнекті жазушылардың бірі. Алғашында ақын ретінде танылған оның шығармалары 1940 жылдан бастап жарық көре бастайды. 1945 жылы "Сұлтан", "Айша" дастандары, "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағы (1949), революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған "Большевик туралы поэмасы" (1957), "Біржан сал трагедиясы" (1959) дастандары жарияланды. 1960 жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. "Өзен жағасында" (1960), "Толқиды Есіл" (1965), орыс тілінде жазылған "Адам туралы ән" (1957) атты повестері жарық көрді. "Айқас" (1966), "Қатерлі өткел" (1967), "Ғашықтар" (1968), "Қаһар" (1969), "Алмас қылыш" (1971), "Алтын құс" (1972), "Жанталас" (1973), тың туралы "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974) романдары, "Көшпенділер" трилогиясы (1976), Алтын Орда трилогиясы (1982-1983), "Махаббат мейрамы", "Алыстағы аралдар" (1983), Аққу құстың қуанышы" (1984) романдары, шығармаларының онтомдық жинағы (1984-1990) жарияланды.....
Өмірбаяндар (биография)
Толық