Қазіргі білім беру саласындағы заманауи бағыттар


Қазіргі білім беру саласындағы заманауи бағыттар және оқушының бейіндік қабілетін диагностикалаудағы психологиялық қызметтің рөлі.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Білім берудің мақсаты - жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алған терең білімнің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін - өзі іске асыруға, өзін - өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» делінген. Жоғарыда аталған қағидаларды ұстана отырып Қазақстанда ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжірибелерді, сан ғасырлық мәдени ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, қазіргі білім мазмұнын жаңғыртуда, жаңа талаптар қоя отырып ұлттық рухта болашақ ұрпаққа бейіндік оқыту мен тәрбие беру, әрі оны психологиялық тұрғыдан алдын - ала анықтау қажет деп санаймын.

Қазақстан ғасырлар тоғысында тәуелсіз елге айналып, саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйесі әлемдік өркениет үлгісінде қайта құрылуы – білім беру ұйымдарында бейіндік оқытуды ұйымдастыру мен оқушылардың бейімдік қабілетін анықтаудағы психологиялық құру көкейкесті мәселе болып отыр. Елбасымыз алдыға міндет етіп қойғандай өзіндік өмір өрнегін жасай алатын, өзіндік даму арнасын белгілеп, өмірдің қиыр көкжиегіне батыл қадам басатын бүгінгі бәсекенің қатал заңына икемді ұрпақтың тұғыры мектептен басталады. Оның алғы шарты оқушы бойында өмірлік бейімділіктерді қалыптастырумен орындалады. Бүгінгі таңдағы әлеуметтік - экономикалық жағдайлардың күрделенуі, ақпараттар ағымының қарқындануы, бәсекелестіктің артуы сияқты жағдаяттар білім беру ұйымдарының түлектеріне елеулі жоғары талаптарды жүктейді. Бұл жағдайда жалпы білім беру мақсаты көп міндетті құзырлармен, шығармашылық іс - әрекет тәжірибесімен қаруланған, бүгінгі өзгермелі жағдайларда бағдарлана алуға дайын адамды дамыту болып табылады. Бейіндік оқыту - оқушылардың өздерінің танымдық қызығушылықтарына, қабілеттілігіне, оқудағы жеткен жетістіктеріне және кәсіби ниеттеріне байланысты олардың оқыту бағдарын еркінше таңдап алуға негізделген. Ол оқушылардың белгілі бір тобына қатысты даралық тұрғыдан қарауды жүзеге асыруға бағытталған. Әр топтағы оқыту үрдісі түрліше жүреді: білім мазмұнымен ерекшеленеді, оған қандай да бір оқыту әдістерінің, түрлерінің және формаларының басымдық рөлі, оқушылар мен мұғалімнің өзара қарым - қатынас стилі өзгереді.

Бейіндік оқыту - білім беру процесінің құрылымы, мазмұны және ұйымдастырылуына өзгерістер енгізу арқылы оқушылардың қызығушылығы, бейімі мен қабілеттерін толық есепке алуға, оқушыларға олардың кәсіптік сұраныстары мен білім алуды одан әрі жалғастыру мүмкіндіктеріне сәйкес оқытуға жағдай жасауға мүмкіндік беретін оқытуды саралау мен даралау құралы болып табылады. Оқушылар есейген сайын олардың мүддесі мен кәсіби ниеті сәйкес келе бастайды. Белгілі бір пәнге қызығу мен қабілеттілік көрсеткен оқушы өзіне мамандықты нық таңдай алады және тәжірибе көрсеткендей, қандайда бір пәнге қызығу танытпаған оқушылар кәсіпті таңдап алуға қиналып, оны жиі өзгертеді. Психологиялық және педагогикалық зерттеулер 13 - 14 жасқа дейін кәсіби ниет пен пәнге деген қызығу арасындағы ешқандай байланыс байқалмайтындығын, ал 14 жастан бастап бейімдік таңдау нақты оқу пәніне деген қызығуымен айқын байланыса бастайтындығын көрсетеді. Бұл байланыс тікелей және нақты (мысалы, физиканы зерделеуге қызығатын оқушы физик болғысы келеді) немесе жалпы сипаты (оқушы техника саласында қызмет істегісі келеді) болуы мүмкін. Бейіндік сыныптарға арналған оқу бағдарламаларын түзу және оқулықтарды әзірлеу кезінде меңгерілетін білім мен біліктіліктердің оқушылардың психикалық дамуымен байланыста екенін түсінудің мәні үлкен. Осы себепті де мектепте психологиялық қызметті құру өте тиімді болып табылады, өйткені бейіндік оқыту барысында төмендегідей мәселелер қамтылып, оқыту мен тәрбиенің сапасын арттыруға өз үлесін қосары анық, олар:
1. Жастық деңгейге сәйкес оқушылардың тұлғалық, интеллектуалдық дамуына ықпал ету, олардың өзіндік дамуы мен анықталу қабілеттілігі қалыптастырылады.
2. Оқушылардың кәсіби бейімділіктері анықталып, оның жан - жақты дамуына жағдай жасалады.
3. Мектепте әлеуметтік – психологиялық жағдайдың жақсаруына жағдай туғызуға әсер етеді.
4. Оқушыларының тұлғалық, интеллектуалдық мүмкіншілігіне сәйкес білім бағдарламаларын меңгеруде психологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету қарастырылады.
5. Әлеуметтік жағдайдың дамуына психологиялық талдау жасау, әрі келелі мәселенің туындауының алдын - алу, шешімін табуда құралдар мен жабдықтар пайдаланады.
6. Оқушыларының тұлғалық дамуының ауытқуын анықтау, профилактикалық жұмыстар жүргізу.
7. Психолого - педагогикалық сабақтастықтың шарттарын қарастыру, әрі оқушының жан - жақты дамуына жағдай тудырады.
8. Оқу - тәрбие процесінде мұғалімдерді, оқушыларды, ата - аналарды психологиялық ғылыми - әдістемелік іс - әрекетпен қамтамасыз етеді.
9. Таным белсенділігі мен деңгейлері жеткіліксіз оқушылармен қосымша коррекциялық жұмыстар жүргізіледі. ж. т. с. с.

Бейіндік бағытта оқытылатын мектептегі психологиялық қызметтің мақсаты болып:
1. Тұтас педагогикалық процесті психологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету;
2. Мектептегі оқушылардың жеке – бастық, психологиялық, әлеуметтік дамуына жағдай жасауын негіздеу;
3. Оқушылардың таным белсенділіктері мен психологиялық процестерінің даму динамикасының өсуіне жағдай жасауға ықпал ету;
4. Оқушылардың бейіндік ерекшеліктерін анықтау мен оның дамуына жағдай жасау болып табылады. Бейіндік оқыту барысындағы психологиялық қызметтің іс - әрекетінің негізгі бағыттары:
▪ Психодиагностика – тұлға туралы жан - жақты психологиялық ақпарат жинау.
▪ Психопрофилактика – дезадаптация, белгілі бір жағдайға бейімделмеудің алдын - алу немесе жағымды психологиялық жағдайды жасау, баланың психологиялық жұмысбастылық деңгейін төмендету және алдын - алу жұмыстарын жүзеге асыру.
▪ Психокоррекция – баланың психикасына мақсатты түрде әсер ету, оның негізгі деңгейге, әрі жастық ерекшелігіне сәйкес теңестірушілік жұмыстарды жүзеге асру.
▪ Психологиялық кеңестер - ұстаздарға, ата - аналарға, оқушыларға қажетті психологиялық ақпарат бере отырып, өмірінде кездесетін қиыншылықтарды, өтпелі кезеңдерді (жастық дағдарысты) жеңуге, әрі сапалы нәтижеге жетуіне ықпал ету.
▪ Психотерапия – тұлғаны сапалы тұрғыға өзгеруіне байланысты мәселелерді жүзеге асыруға бағытталады. (Тек адамның психикалық ауытқушылығы болмаған жағдайда).

Бейіндік қабілетті дамыту мен шыңдау барысында психологиялық қызметтің жұмыс бағыттарының жүзеге асуына қатысушылар: барлық сынып оқушылары, мектептегі мұғалімдер ұжымы мен әкімшілік, оқушылардың ата - аналары. Оқушының бейіндік қабілетін анықтауда қолданылатын психодиагностикалық әдіс - тәсілдер қатарына: сұрақнама, сауалнама, тест, іс - әрекет нәтижесіне талдау, сұхбат, байқау және тағы басқа да зерттеу әдістерін жатқызуға болады. Психологиялық тұрғыдан алғанда 12 жылдық мектепке өту барысында білім беру ұйымдарында оқушыларды бейіндік сыныптарда оқыту келесідей көрсеткіштерге қол жеткізуде мүмкіндік береді: біріншіден, сыныптағы оқушының барлығы бірдей тереңдетілген пәнді оқуға бұрын міндетті болса, енді белгілі блоктық жүйенің бірін таңдап, бала қалауымен оқуға мүмкіндік алады. Екіншіден, бейіндік пәндерді таңдау бойынша қабілеті есепке алына оқытылғандықтан, мұндағы оқыту үрдісі де тиімді, үйлесімді, сапалы болып шығады. Үшіншіден, тек жақсы оқитын оқушылар ғана емес оқу қабілеті орта оқушылар да өз мүмкіндігіне қарай белгілі бір мамандықтың біріне бейімделе оқытылады. Төртіншіден, мұндай қалауымен біріккен топты оқыту мұғалім еңбегіне жеңілдік береді, әрі оқушының қызығушылығы ескеріліп, оның бейімділігі арта түседі. Сөйтіп болашақта жоғары оқу орнында оқуға мүмкіндігі бола бермейтін шәкірттерге сұранысқа ие алғашқы кәсіптік білім беру қолға алынады.

Қорыта келгенде 12 жылдық мектепке өту барысында оқушының оқудағы, шығармашылық, әлеуметтік, коммуникативтік қызмет саласындағы құзіреттілігін айқындай отырып, жеке жетістіктерінің негізінде өз бейінін айқындау мен шыңдай түсуде оқытудың жаңа формалары мен психологиялық қызметті құру, әрі оның жан - жақты жұмыс жасауы көптеген тиімділіктерді береді деген сенімдеміз.

Ақтөбе облысы,
Ақтөбе қаласы,№53 орта мектеп педагог - психолог
Айнагуль Садыкова
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу