Дүниежүзілік мұхит және оның бөліктері
Сабақтың тақырыбы: §36 Дүниежүзілік мұхит және оның бөліктері
Сабақтың мақсаты: а) білімділік: оқушыларға «дүниежүзілік мұхит», «материк», «арал», «түбек», «теңіз», «шығанақ», «бұғаз» ұғымдарын түсіндіру.
б) дамытушылық: картадан мұхиттарды, теңіздерді, материктерді көрсете білу және сипаттай білуге дағдыландыру.
в) тәрбиелік: қоршаған ортаны қорғауға, таза ұстауға тәрбиелеу.
Сабақтың тірі: дәстүрлі
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі, баяндау, сұрақ - жауап
Көрнекілігі: дүние жүзінің картасы, глобус, интерактивті тақта, слайдтар.
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру бөлімі. Сәлемдесу, түгендеу, сыныпты қарау, тақта, бор.
ІІ. Үй тапсырмасын тест арқылы сұрау.
1. Жердің су қабығын қалай атаймыз? (гидросфера)
2. Күн сәулесінің әсерінен мұхиттар мен теңіздер бетінен жыл сайын қанша мың мөлшерінде су буланады (450 мың км³)
3. Гидросферадағы мұхиттар мен теңіздердің тұзды суы қанша пайызды құрайды? (97%)
4. Кіші су айналымы дегеніміз не?
5. Жерге сіңген су жер астымен ағып, мұхитқа қосылады. Мұны қалай атаймыз? (Үлкен су айналымы)
6. Су айналымы нешеге бөлінеді? (3 - ке)
7. Күн жүйесіндегі планеталардың қайсысында ғана су сұйық түрде кездеседі? (жерде)
8. Судың мұхиттан құрлыққа және құрлықтан мұхитқа үздіксіз ауысу процесін қалай атаймыз?(Дүниежүзілік су айналымы)
ІІІ. Жаңа сабақ.
1. Неше мұхит бар?
2. Қандай құрлықтар аралығында орналасқан?
3. Мұхит суы ішуге жарамды ма?
Дүниежүзілік мұхит. Глобусты алып қарасақ, жер шарының көпшілік бөлігін су басып жатқанын көреміз. Ол Дүниежүзілік мұхит деп аталады. Дүниежүзілік мұхиттың үлесіне бүкіл Жер бетінің 3/4 бөлігі немесе 361 млн км2 тиеді.
Дүниежүзілік мұхит бөлек - бөлек аттары бар жеке мұхиттардан тұрады, бірақ олардың бәрі бір - біріне жалғасып жатыр.
Дүниежүзілік мұхиттың кез келген нүктесінен келесі нүктесіне құрлыққа аяқ баспай жетуге болады (жарты шарлар картасынан байқап көріңдер).
Мұхиттар мен теңіздер қоршап жатқан құрлықты материктер немесе континенттер деп атайды. Дүние жүзінде алты материк бар. Олар: Еуразия, Африка, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Аустралия және Антарктида.
Құрлықтың барлық жағынан су қоршаған шағын бөлігі арал деп аталады (картадан Гренландия, Мадагаскар, Исландия аралдарын табыңдар).
Құрлықтың су кеңістігіне терең сұғынып кіріп тұрған бөлігін түбек деп атайды (картадан Апеннин және Лабрадор түбектерін табыңдар).
Дүниежүзілік мұхит төрт бөліктен тұрады.
Тынық мұхит – Жер шарындағы ең үлкен (180 млн км2) әрі ең терең мұхит. Көлемі жағынан қалған үш мұхитқа парапар. 1520 – 1521 жылдары Ф. Магеллан дүние жүзін айналу саяхаты кезінде осы мұхитты алғаш рет жүзіп өтті. Жүзу кезінде ешқандай дауылға ұшырамағандықтан, саяхатшылар оған «Тынық мұхит» деген ат берді.
Мұхит пен құрлық аудандарының арақатысы
Тынық мұхит Солтүстік және Оңтүстік Американың батыс жағалауларынан бастап Еуразияның шығыс бөлігіне және Аустралия мен Антарктидаға дейінгі аумақты алып жатыр.
Тынық мұхитта бүкіл Дүниежүзілік мұхиттың ең терең жері – Мариан шұңғымасы бар, оның тереңдігі 11022 м.
Атлант мұхиты Тынық мұхиттан екі есе кіші (92 млн км2). Солтүстік және Оңтүстік Американың шығысынан бастап Еуразия мен Африканың батысына және Антарктидаға дейін барады.
Ол солтүстік полярлық аймақтан оңтүстік полярлық аймаққа дейін созылып кетеді. Атлант мұхиты арқылы батыс және шығыс жарты шарда орналасқан елдерді бір - бірімен жалғастыратын аса маңызды кеме жолдары өтеді. Мұхиттың өн бойы кеме қатынасына игерілген.
Үнді мұхиты оңтүстік жарты шардың едәуір бөлігін алып жатыр (75 млн км2). Бұл – ең жылы мұхит (жарты шарлар картасынан Үнді мұхитының қандай материктердің аралығында жатқанын анықтаңдар). Үнді мұхиты суының таза, көгілдірлігімен де ерекше көзге түседі. Өйткені оның оңтүстік бөлігіне құятын өзен аз.
Солтүстік Мұзды мұхит – мұхиттардың ішіндегі ең шағыны (14 млн км2). Ол Солтүстік Америка және Еуразия жағалауларымен шектеледі. Оның көпшілік бөлігін жыл бойы мұз басып жатады. Солтүстік Мұзды мұхиттың тағы бір ерекшелігі – ол басқа мұхиттарға қарағанда тайыз болып келеді. Материктердің шеті мұхит түбіне өтетін жерінде тереңдік 200 м - ден аспайды. Ол әсіресе Еуразия жағалауында жалпақ өңір құрайды. Мұхитта ірі аралдар көп.
2. Мұхит бөліктері. Мұхит бөліктеріне теңіздер, шығанақтар, бұғаздар жатады.
Теңіз – мұхиттың суының қасиеті мен жануарлар дүниесі жөнінен оқшауланып тұратын бөлігі. Теңіздер көбінесе құрлық жағалауында болады, бірақ кейде ашық мұхитта да кездеседі (мысалы, Саргасс теңізі, Фиджи теңізі). Әдетте, теңізді мұхиттан түбектер, аралдар немесе су астындағы жоталар бөліп тұрады.
Материкке сұғына еніп жататын теңіздерді ішкі теңіздер деп атайды (мысалы, Қара теңіз, Жерорта теңізі. Олар қай мұхиттың бөліктері болып табылады?). Материктердің маңында орналасқан теңіздерді шеткі теңіздер дейді. Шеткі теңіздерге – Еуразия жағалауындағы Баренц, Кара, Лаптевтер, Жапон, Охота, Шығыс Қытай және т. б. теңіздер жатады.
Шығанақ – мұхиттың немесе теңіздің құрлыққа сұғына еніп жатқан шағын бөлігі. Атлант мұхиты Солтүстік Америка жағалауындағы Гудзон, Мексика шығанақтарын, ал Үнді мұхиты Еуразияның оңтүстігіндегі Парсы шығанағын құрайды.
Дүниежүзілік мұхиттың бөліктері бір - бірімен бұғаздар арқылы жалғасады. Бұғаз – екі жағынан материктердің немесе аралдардың жағалары қысып шектеп тұрған енсіз су айдыны. Бұғаздардың ені әр түрлі. Ені ең кең (950 км) және терең (5248 м) бұғаз – Дрейк бұғазы; ал ең ұзыны (1670 км) – Мозамбик бұғазы.
Ішкі теңіздер (Жерорта, Қара)
Теңіздер (Саргасс, Фиджи)
Шеткі теңіздер (Баренц, Кар, Охот, Жапон)
Мұхит бөліктері
Шығанақ (Гудзон, Мексика, Парсы)
Бұғаздар (Дрейк, Мозамбик)
Пысықтау сұрақтары:
1. Дүниежүзілік мұхиттың біртұтастығын қалай байқауға болады? 2. Сендер тұратын елді мекен ең жақын теңізден қандай қашықтықта орналасқан? Бұл қашықтықты карта бойынша өлшеңдер. 3. Қара теңізден бастап ойша Жер шарын айналып шығатын «саяхат» жасаңдар. Өздерің сол арқылы жүретін және жақынырақ өтетін мұхиттарды, теңіздерді, шығанақтарды, бұғаздарды, каналдарды атаңдар. 4. Еуразия материгінің жағаларындағы шеткі және ішкі теңіздерді атаңдар. 5 Қандай бұғаз екі теңіз бен екі мұхитты қосып, екі материкті және екі мемлекетті бөліп тұрады? 7. Мәтінде аталған теңіздерді, шығанақтарды және бұғаздарды кескін картаға жазыңдар. 8. Төмендегі мәліметтер негізінде «Мұхиттар» кестесін толтырыңдар.
IY. Қорытындылау: Географиялық диктант берілелі:
1. Жер бетін жайлаған су.......................... құрайды? (дүниежүзілік мұхитты)
2. Дүниежүзілік мұхит...................... бөліктен тұрады?
3. Жер шарындағы ең терең мұхитқа..................... мұхитын жатқызамыз.
4. Дүниежүзілік мұхиттың үлесіне бүкіл жер бетінің ¾ бөлігі немесе.................... млн км² тиеді.
5. Құрлықтың барлық жағынан су қоршаған шағын бөлігі..................... деп аталады.
6. Құрлықтың су кеңістігіне терең сұғынап кіріп тұрған бөлігін................... деп атайды.
7................. – мұхиттың суының қасиеті мен жануарлар дүниесі жөнінен оқшауланып тұрған бөлігі.
8. Дүниежүзілік мұхиттың бөліктері бір – бірімен...................... арқылы жалғасады.
9. Дүниежүзілік мұхиттың ең терең жері -............................. шұңғымасын айтамыз.
10. Көлемі жөнінен ең шағын мұхит.........................................................
Y. Бекіту: «Ең ерекше» кестесін толтырылады.
Өзіндік ерекшелігі ---------------------- Мұхиттың аты
Ең үлкені
Ең үлкені
Ең жылысы
Ең ұзыны
Ең кішісі
Ең тұздысы
Ең оңтүстіктегісі
Ең солтүстіктегісі
Ең тереңі
Ең ендісі
Тапсырма. Сызбаны толтыр.
(Оқушыларға үлестірмелер таратылады.)
YI. Үйге: §36 оқу. Кесте толтыру.
Кескін картаға мұхит, теңіз оның бөліктерін түсіру.
Төрт мұхит туралы кітапханадан материал жазып келу.
YII. Бағалау.
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Сенек ауылы,
Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектебінің тарих, география пәні
мұғалімі Кенесариева Нұржанат Шаудирбайқызы
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру