XIX ғасырдағы "Шұғаның белгісі" қандай?
Қазақ әдебиетінде махаббат үшін күресіп, қосылмай кеткен ғашықтар жайлы шығармалар жетерлік. Соның бірегейі деп - "Шұғаның белгісі" романын алуға болады. Романдағы қос ғашық бірін-бірі құлай сүйсе де, таптық көрініс тап беріп, тағдырларына балта шабады. Жазушы шығармаларында мұндай проблеманың жиі қозғалуы сол заманда осы мәселенің өзекті болғанын білдіреді. Демек, кейіпкерлерге ұқсас жандар да өмірде болған. Ал, қазіргі заманда бұл проблема әлі де бар ма?
"Ғашықтықтан құса болды" дегенді сирек естиміз. Себебі, ғашықтық дерті қазір әлсіздіктің белгісіне айналғандай. "Сен тимесең, мен тиме" деген жастардың қарым-қатынасының өршіккені сонша қайдағы бір бағдарламалардың туындауына, ол бағдарламалардың қоғам арасында дау тудыруына алып келді. Бұрындары ер жігіт қалыңдығын өзі іздеуге шықса, қазір жиырмаға толған қыздар байларын өздері іздейді. Ер жігіт батылдықтан, қыз бала ұяңдықтан арылып бара жатқанға ұқсамай ма?! Бұрындары сүйе тұра қосылуға таптық бөлініс кедергі келтірсе, қазіргілер патша көңілдерін кеңейте алмай әлектенеді. Себебі, қазір көнбейтін адам болмайды, көндіре алмайтын адам болады. Бар мәселе - "мінсіз адамда". Өзі сол мінсіз адамды іздесе жақсы ғой, ізденіс те бір еңбек. Қазір мінсіз адамды өзі күтіп отырады. Бұл тұйықталған жастар мәселесі.
Енді бір тобы іздеп келгеннің бәріне ашыла кететін аңқаулар. "Мен сені ұнатамын" дегенді естісе бірден өмірлік жар қылуға дайын. Кейін бармақтарын тістеп қалғаннаң соң, келесі бір адам оның жарасын емдеп, қайтадан сол күйі тастап кетсе де сабақ алмайтындар қазір аз емес. Солай әр жыртығын әр адамға жаматып, нағыз сезімнің не екенін ұмытып кетеді.
Махаббат үшін күрес деген қазір жоқтың қасы. Кездесіп жүрген қызы бар, ұнатып жүрген жігіті бар десең қалпағын шешіп, ығысатындар кездеседі. Адамның жеке өмірін сыйлап, бас тарту әрине, тәрбиелі екенін көрсетеді. Қазір махаббат үшін қоғаммен ешкім күреспейді, қоғам үшін екі ғашық бір-бірімен күреседі. Осы шайқаста табысқандар жеңіске жетеді, табыспағандар келесі кандидатқа көшеді.
Иә, құдды ойынның ережесі сияқты. Бірақ, қанша жоққа шығарса да шындықтың аты шындық. Шығарма кейіпкерлері сияқты таза сезіммен, пәк сеніммен сүйетіндер мүлдем жоқ деген сөз емес. Оларды да іздеп табу оңай. Ол үшін ғаламторға кіріп "махаббат үшін күресті" деп жазсаңыз аты-жөндері тізбектей тізіліп бәрі атып шығады. Себебі, олардың махаббаттары бәріне үлгі. Сирек кездесетін шынайы сезім мен сенімді ұштастырғандарды ендігі "мұндай да жандар баар екеен" деп жар салып жариялайтын кезге жеттік. Ол да дұрыс шығар. Бұл махаббаттың қаншалықты қиын екенін, қиын болса да қаншалықты жақсы екенін, жақсы болса да қаншалықты қымбат екенін көрсетеді. Ол үшін аса төзімділік, батылдық керек екенін кез келген махаббат жайлы шығармалардан көруге болады.
Бірақ, қазір төзімділіктер де тозып кеткен. Ол үшін қайтадан теледидар қоссаңыз болды….
автор: Bıbigúl Tańatarova
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру