Тәуелсіздік туралы шығарма жоспарымен
«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.»
(Н.Назарбаев)
Жоспар:
Кіріспе
Жаңа ғасырға аяқ басқан жаңа Қазақстан.
Негізгі бөлім
1.Тарих беттерін парақтасақ…
2.Ұмтылмайды Желтоқсанның ызғары.
3.Менің бар бақытым-қасиетті Отаным.
Қорытынды
Қазақстан тәуелсіздігі мәңгілікке.
Адам баласы, адамзат қоғамы қашанда алдағы болатын оқиғаны әрі аңсай, әрі абыржи тосқан ғой. Әсіресе, ғасыр, мыңжылдық сынды,тарихта өшпес ізі қалатын межелі кезеңдер таянғанда қатты қобалжығаны рас. Үшінші мыңжылдыққа аяқ басу үшін де бір ғасыр бойы дұрыстап әзірленіп, әр қилы милленаристік қозғалыстарды бастапты. Сарыуайымшылдар қауымы: «Киелі кітапта айтылатын қиямет-қайым деген орнаса, осы жолы орнайды. Жасаған күнәміз,істеген жаман істеріміз шашымыздан да асып кетті. Ол үшін күллі адамзат болып жауап беретін кезіміз енді келді», – деп қорқыпты. Қиялшылдар қауымы: «Жаратқанның жердегі,ақ желкенді кемемен жақсылық жағасына асыққан үмбетін тегіс жарылқайтын заманы енді орнайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнауын талай күтсек, енді сол заманға аяқ бастық», – деп қуаныпты.
Сөйткен жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдық келді.Сол ғасырдың қызығын көріп өмір сүріп жатқан біз бір пендеміз.Сәуегейлер қанша құйқылжытқанмен, әзір бәрі бәз-баяғысынша. Таң орынынан атып тұр. Күн орынынан батып тұр. Қиямет-қайым болған жоқ.
Адамзат жиырмасыншы ғасырдың табалдырығын неше түрлі әлеуметтік алақызбалыққа ұрынып, еліре аттапты. Енді сол өткеннің бәрі су сепкендей басылды. Тәңірім, жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырығынан аттап отырған біздерді де қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергізгей.Алтын уақытымыз тәуелсіз елдік бейбіт күндеріне ғана жұмсалсын деп тілейміз.
Төңірегімізге осы тұрғыдан көз тастасақ, көкте бір Тәңірге, жерде бір өзіңе ғана сеніп, көреміс жарықты көріп, бұйырмыс ырзықты татып, сүйгізген ұрпағын сүйіп, өлшеулі ғұмырға пейіл болудан басқаның бәрі күпірлік екендігіне көзіміз тегіс жете бастағандай. Оған да «шүкір» дейміз. Көңілге медет қыларымыз тек бір бұл емес. Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Өйтіп, біреуді көріп шүкір етіп, біреуді көріп пікір ету үшін де өткенге ой, бүгінге көз жіберуге тура келді. Ол үшін, ең алдымен, бір сауалға – бұл күнге қалай жеттік? – деген сауалға жауап іздеуіміз қажет сияқты.
Егер біз сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен көз жүгіртіп байқасақ, ежелден–ақ ата-бабаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Отанымызды қорғаған еліне деген сүйіспеншілігі, ерлер сияқты қолына қару алып, ат құлағында ойнап жүріп жауын жеңуі сақ қызы — Тұмар падишаның ерлік істері. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат. Сонда енді не бар?!» деп тұрсыңдар ғой… Менде ел бар, менде жер бар, мен елімді-жерімді қорғадым, — деген Тұмар падиша осындай байтақ та бай дархан Отанымызды жұдырықтай жүрегіндегі ерлік сезіммен қорғағаны сөзсіз. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» — деп қыздарға сеніммен арқа сүйеген де, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан,ержүрек батыр қыздардың Қазақ топырағында болуы бізді зор мақтанышқа бөлейді.Сол аға-апаларымызды еске алсақ біз олармен мақтанамыз,ерліктеріне сүйсіне қараймыз.
Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар,кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының (этникалық территориясын) қалыптасуын; ұлттық мемлекттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын; өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлап,жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген,кемшілікті айта білген ұлы билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың елімзге,халқымызға тән өзіндік шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастыруын, таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан алып үлесін, батырларымыздың жер мен ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын сыртқы,тіпті қала берді ішкі жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады.
Алла Тағала біздің елімізге осыншама кең жерді нәсіп еткенін түсінуге ұмтылсақ, ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген. Ата жауымыз болған сан жылдық қарсылас жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлардың ерлігі туралы дәстүрлі тарихи жырлар Исатай, Махамбетке байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар біздің ұлттық сана-сезімімізді көтереді.
Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Қаша ұрыс салып жүргенде қапы кетті. Ханның басы қанжығада кете барды…
Ата дініміз ислам болғандықтан, мұсылмандық сабырлықпен, ұстамдылықпен соғысқан Кенесары жауынгерлері әуелі «Алла» деп, содан кейін «Абылай», «Ақжолтай» деп, өз ерлерінің қадірін бағалай біліп, ұранға айналдырғаны мәлім. Әруақтарын ұран қылғанда ол есімдерге Алланың ерекше нұры түскенін мойындап, сол арқылы сол кезде қажет рухани күштің әсерін сезінгендері белгілі. Бізге бүгін қажет жігерліктің, батырлықтың, біліктіліктің, адалдықтың, Отансүйгіштіктің мысалдары өткен тарихи оқиғаларымызда жатыр.
Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығында, тапқырлығын да таныта білген хан Абылай Қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, Қазақ елін аса іргелі елге айналдырды. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырау өнерпаздарын достық –бірлікте ұстап, оларды жүзге бөліп жармады.Жауын торғайдай тоздырып, тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқңдап қоңқылдаған Қоқанмен де, қалың қара Қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың даналығының арқасында, осы біз өмір сүріп отырған аяулы Отан- Қазақстан жері сол бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы екні сөзсіз.
Айдын шалқар, күміс сулы бұлағым,
Жасыл –желек ат көрінбес құрағым.
Мыңғырған мал даласында жайылған,
Бабалардың болған сондай тұрағы.
Бұхар, Қоқан бұл байлыққа қызықты,
Орыс патша арам ойлы бұзықты.
Қорған салып, жерін алып, қуса өзін,
Сонда көрген сорлы Қазақ шыжықты.
Қазақта жер қалмады патша алмаған,
Елін, жерін, малын тегіс жалмаған.
«Қойға тиген қасқырдай» боп қазақтың,
Отаршылдық қыр соңынан қалмаған…
Халық басына осындай қиын-қыстау заман зары туған шақта, Қазақ қауымының бас көтерген батыр да ержүрек перзенттері елдің елдігін, ердің ерлігін сақтап қалды.
Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірін қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдейді. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басын ала бере тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. Ол кезде Отанымызда кеңестік кезең орнаған еді. XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген Сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасағанын бірінші кезекте айтар едік. Олар бүкіл КСРО-ны, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды Бұл эксперименттердің басты бағыттары мынадай болды: ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру және соның негізінде байлар мен ауқатты шаруаларды тап ретінде жою; аса тез қарқынмен елді индустрияландыру (бұл шара негізінен колхоздарға зорлап кіргізілген шаруаларды аяусыз қанау есебінен жүргізілді); мәдени-рухани салада, демографиялық саясатта, ұлт мәселесінде жергілікті (ұлт аймақтарындағы) халықтарды орыстандыру; қоғамдық саяси өмірдің негізгі салаларында тек қана комунистік идеологиялық үстемдігін орнату.
Осылардан туындайтын және басқа да ірілі-ұсақты шаралар болды.Тоталитарлық тәртіп жүзеге асырған халыққа жат саясат аса зор, қасіретті зардаптар әкелді: жаппай отаршылдықтың салдарынан Қазақ халқының жартысына жуығы қырылды; өзінің атамекенінен басқа елдерге ауа көшті, тіл мен діл, дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады;қазақ халқы өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды…
Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұстафа, Смағұлдар алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Сұлтанмахмұттың «Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз» деп жапанға жар салатын кезінде ұлт зиялылары не істеу керек, қайтеміз, қалай ел боламыз?- деп ойын он саққа, қиялын қырық саққа жүгіртіп еді. Сонда Әлихан Бөкейхан «Автономия, бізге керегі – автономия!» деп қайта-қайта шырылдап, телеграмма салумен болды. Сондағы ойы «мемлекет құрып алайық, мемлекетіміз болса, қалғанының бәрі болады» деген асыл арман-ды. Қазақ автономиясын жариялағанда алаштың арыстары «міне, ел болдық, еркіндік өз қолымызға тиді» деп бөркін аспанға атты. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя көсемдері алаш туы астына бірікендердің бәрін біртіндеп құртты. Ең алдымен Жүсіпбек Аймауытовты атты. Қалғандарын, қияндағы Шәкәрімнен бастап қаладағы Қазақ оқығандарын түгел қырды. Мұстафа Шоқай шетел асты… Алашорда партичсына мүше болғандардан жалғыз Мұхтар Әуезов қана аман қалды… Алаш деген сөзді тарихи санадан өшіру әрекеті басталды. Дүниедегі ең жек көрінішті сөзге айналдыруға тырысушылардың «еңбегі» зая кеткен жоқ. Әлі күнге дейін кейбіреулер алаш дегенде селк ете қалады… Қазақтың өз билігі өз еркінен кеткен соң қара халықты қалай қорлаймыз деп қызыл империя аса қиналған жоқ.
… 32-33-тің ашаршылығы қолдан жасалды.
… 36-37-нің қырғыны әдейі істелді.
1937-1938 жылдары яғни, бір жылдың ішінде 125 мың Қазақ зиялысы қырылған. Жоғары білімді қазақтың бетке ұстайтын азаматтарының бар кінәсі — көзі ашық болғаны, өз ұлтының намыс-сезімін жақтағандары ғана. Бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен келгенін есте сақтағанымыз жөн болар еді. Осы асыл азаматтардың үзілген жас, қыршын өмірлері, орындалмаған үміттері, армандары бізге аманат сияқты болып көрінеді.
«Мен үшін Отаныма адал солдат болудан артық бақыт жоқ», — деп Ислам Жеменей айтқандай, Отан қорғау жолында 1941-45 –ші жылдары ең көп қырылған Қазақ солдаттары еді. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың Қазақстандық жауынгер ғана оралды.
Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан Қазақ халқы атом полигондарының сынағына тасталды. Қазақ қоян құрлы болған жоқ. XX ғасырда дүние жүзіндегі бір де бір ел Қазақ көрген азапты көрген жоқ. Аяулы Отаным — Қазақстан – ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел. Оның талай ғасырға жететін тарихын қозғасақ, бабалардың басынан кешкенін көзге елестетсек, көздің жасын тия алмаспыз. Қазақстан ядролық инфрақұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, еліме тәуелсіздіктің туын желбіреткен елбасы Нұрсұлтан ағамызға алғысымыз ұшан-теңіз. Атом сынағынан аман өттік, бұл заманға да жеттік. Аяулы Отаным — Қазақстан жерін бабаларымыз ерлікпен қорғап бізге қалдырған, кейінгі ұрпағыма «Асыл мұрам, ал балам» деп айту үшін, бізге тұтас уланбай, жоғалмай, өртенбей, сынбай-жанбай, ауыр азап, қиын-қыстау кезеңдерді бастарынан өткізген екен. Халқымыз сол заманнан бері –ақ, елінің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай ержүрек, ақылды, шешен де білгір азаматтарының бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген қағидаларды сақтап, «Абылайдың ақ жолы», «Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы шапағатына» ұласып отырғанын көріп отырмыз. Әрбір адам баласын тіршілік етіп, өзін-өзі асырап отырғаны, ұрпағын қалдырып, дамып жатқаны осы Отанның арқасында. Отан сүйгіштік кісінің бойындағы күш-қуатын, білімі мен өмір тәжірибесін халық мүддесінің игілігіне,кір жуып кіндік кескен жеріне деген ыстық махаббаты оның кісілігін танытатын ерекше асқақ сезім.
Мәселен, М. Әуезов «Отан –анам. Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іскер күшім жоқ», дейді. Ал, В.А.Сухомлинский: «Отан — өз бесігің, өз үйің, өз бесігіңді ұмытпа»,- дейді. (4,254 б). К.Г. Паустовский: «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, Отансыз да өмір сүре алмайды.», — дейді. И.С. Тургенев: «Отансыз бақыт жоқ, кім-кімнің де тамыр жаяр топырағы — туған жер», — дейді. (5, 489б). Ал, Ж.Ж. Руссо: «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған»,- дейді. Ф.М. Достоевский: «Өз Отаныңның мүддесін қорғап, өміріңді құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ», — дейді. (6, 101б). Л.Н. Толстой: «Отан халықтың өткені мен бүгіні және келешегі», — дейді. (3, 287б). Осындай небір ұлағатты, қасиетті сөздер көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа рух берері сөзсіз. Қаны қандас, тілі тілдес, дініміз де тіліміз де бірдей бауырлас аға мыз Расул Гамзатов өзінің әкесінде Шамильдей ерлерінің бір хатының сақталғанын айтады. Онда былай деген екен: «Менің таулықтарым! Өздеріңнің жалаң жабайы жартастарыңды сүйіңдер, оны сақтаңдар, ол үшін күресіңдер. Сендердің қылыштарыңның шыңылы менің бейіттегі ұйқымды тәтті қылар». Ал, Отансүйгіштік туралы айтылған ақын тебіреністері де бірінен-бірі асып түседі.
«Отанның намысы үшін оттан қашпа,
Шын сүйсең мақсатыңнан қия баспа.
Тайсалма бар Отанның құрбаны бол,
Өмірің орынсыз боп кетпес босқа».
О, дариға, алтын бесік — туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр
Отан!
Қайсар ар-намысым, жайсаң іңкәр шапғым
Перзентке жүктеген қорғанысын,
Сен намыстың ну қалың орманысың.
Сол үшін шыңнан заңғар атағың
Тұлғасына табындырған,
Алыс жүрсем сабылтып, сағындырған,
Менің ұлы әкем сенсің, Отаным!
– деп Мұхтар Шаханов жырлаған. Қайсар ар-намысты аға ұрпақ кеңес үкіметі жылдарында, атап айтқанда, 1929-1931 жылдары, Қазақстанды күштеп ұжымдастыруға қарсы 370-тен астам көтерілістер мен әртүрлі деңгей мен көлемдегі қарулы қарсылықтар ұйымдастырды, ал, 1917 жылғы Қазан революциясына дейін халқымыз отарлық езгіге қарсы 400-ден астам ктерілістерге шығып, наразылықтар көрсетті. Осындай азаттық күрестің басында халқымыздың ортасынан қайнап шыққан ірі-ірі тұлғалар болды. Солар көрсеткен үлгі, сеппкен ұрық бір ұрпақтан екінші ұрпаққа табиғи түрде ауыса келіп, 1986 жылғы желтоқсанда жаңғыруына әкелді. Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді.
1986 жылғы желтоқсанда елде жария етілген қайта құрудың 20-шы айы өтіп жатқан-ды. Құқықтық мемлекет құрамыз дегенге сеніп, Горбачевтік «сәуір тезистерінің» тың идеяларымен жігерленген Қазақ жастары орталықтың бұрынғыша өктемдігіне келіспеушілігін білдіруге митингілер, шерулер өткізіп алаңға шықты. Қылышынан қаны тамып, жарты әлемді билеп тұрған қызыл империя кеңестік коммунистік партия кезеңінде Қазақ жастарының ұлттық намысн ту етіп, отаршылдыққа қарсы алғаш жойқын бұлқыныс танытуы Мәскеудегі өктемшіл шовинистердің төбесіне жай түсіргендей әсер етті. Өйткені, уысындағы қол бала іспеттес көптеген ел бұдан «үлгі-өнеге» алып, ол өрт қаулай түссе, халдерінің мүшкілденетінінен қауіптенді. Оны олар алдын-ала сезді де, басқыншылық әрекеттерге, фашистік қатыгездік қадамдарға да көз жұма барды. Әділдіктің салтанат құруын сұраған жалаң қолды бейбіт жандардың тілектеріне құлақ асқысы келмеген озбыр орталық жүйесі жүректері тітіркенбестен мұздай қаруланған әскермен шеруге шыққандарды аяусыз жаншыды, итке талатты, бас-көз жоқ ұрып соқты. Кремльден кесепатты бұйрықтың пәрмені солай аласапыран құбылды.
Қазақ жастары Алматыда, Талдықорғанда, Ақмолада, Орталық Қазақстанның бірнеше елді мекендерінде тоталитарлық билік жүйесіне қарсы көтеріліп, өкіметке саяси талаптар қойды. Желтоқсан көтерілісі сол кездегі кеңес одағының керегесін шайқалтып, КСРО-дағы ашық демократиялық үрдісінің негізін қалаушы оқиғалардың бірі болды. Белгілі ән-өлеңінде айтылғандай, «желтоқсан гүлді солдырып, нұрды оңдырып, көңілде мұңды із қалдырып» қана қойған жоқ, сонымен бірге және ең маңыздысы – халқымыздың ең алдымен жас буынның ұлттық санасын оятумен, ұлттық намысын көтеруінде болды. Ол еліміздің тәуелсіздік алуының алғышарттарын дайындауға қызмет етті. Қатыгездігі мың батпан солақай саясат орын алған соң, жүздеген еркіндік аңсаған ақ ниетті жас азаматтар алаштың арманын асқақтатып, кеудемсоқтықты көксегендерге ойсырата соққы жасады. Мұндай тегеурінді қарсылықтың болуы тиіс емес деп есптейтін кеудесіне нан піскен КОКП төбе шашы тік тұрып, «бұл нағыз Қазақ ұлтшылдығы» деп апыл-ғұпыл баға беріп тастады. Олар үшін, әрине, бұл оп-оңай шаруа. Ал, сонда халық намысын қайда қоймақпыз? Орталық партия комитетіндегілер Қазақ жастарының Респубика алаңына шығуын нашақорлардың, маскүнемдердің әрекеті деп жалпақ жұртқа жария етті. Уақыт өте өздері ушықтырып, күш қолданғандықтарын бүркемелегісі де келді. Бұл үлкен оқиғаны тент ектік әрекетке балауы көрсоқырлық еді. Көп ұзамай шындықтың бет пердесі ашылды. Оған көзі жеткен кеңес одағының тізгінін ұстаған серкелер «қазақ ұлтшылдығы» деген КОКП шығарған қаулының, яғни, Қазақ халқына жабылған жаланың күшін жоюға мәжбүр болғаны белгілі. Жазықсыз, қиянатпен жоғары оқу орындарынан шығарылған, сотталған сан мыңдаған қыз-жігіттер кейін ресми ақталды. Бірақ, олардың жүректерінде қалған қаяу, сызат-дақ кете қойды ма екен?! Талайы зардабын шегіп, қасіретін тартты. Қаншама өрімдей жасөспірімдер қанаты қайырылса да намысын жерге таптатпай, еңселерін биік ұстады. Бірақ, сырын сыртқа шығармай, шерін тарқата алмай іштен тынды. Заман райы солай болды. 1991-жылы Қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды. Шын бағасын иеленбеген желтоқсан көтерілісін жай оқиға деу қиянат екенін дауыстап айтуға мұршамыз келеді.
Мұстафа Ататүрік айтқандай, «шынжырларды балқытып, тәжбен тақты күйрететін күшті нұр- ұлттық егемендігімізге қолымыз жетті».
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
– деп ақын жырлағандай, желтоқсанның мұзға жаққан алауы, 1991- жылы 16-желтоқсанда тәуелсіздік таңын тудырды. Бұл күнді тарихи бір сәт десек те болады. Әрине, қарапайым ұғымда. Ал, мұны дүниенің жаратылысымен тарих дөңгелегінің заманалар белесіндегі қасиетімен даралап айтсақ, Қазақстан тарихында бұл дата ешқашанда ұмытылмайтын, бақытты баға сымен халқымыздың есінде мәңгілік сақталып қалары анық.
Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік — халықтың тойы, елдің тойы. Қалың Қазақ, алты алаш туған күн, мерейтой.
«Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 15 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» — деп, елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, егемен Қазақстанды бүкіл әлем таныды. (9,1 б). Туған Отанымыз жер жүзілік қауымдастықтың терезесі тең мүшесі ретінде демократиялық өрениетті даму жолына түсті. Үш ғасырға созылған ата-бабамыздың арманының жүзеге асқаны, оған өзімнің куәгер болғаным – мен үшін шексіз қуаныш. Мен өз халқымның ешкімге нақақ қиянат жасамағанын мақтан етемін, ал, қиянат жасамағанға Алланың көзі түзу. Біздің қолымызда қанның емес, тердің иісі бар. Демек, біз — жасампаз халықпыз.
Отан, Отан бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен!
- деп өткен ғасырда жүрегінен сыздай жырлаған жырлаған ақын сөздері бүгінгі ұрпақтың санасында өшпестей жаңғырып тұрады: қасиетті Отан ұғымы – қандай кезде де, қандай қиындық пен қуанышта да, тіпті отаршылдықтың тар қапасында тұншығып жатқанда да, ел басына күн туған аласапыран шақтарда да, және бүгінгідей тәуелсіздіктің бейбіт те шуақты күндерінде де — әрқашан да бәрінен де биік тұрады.
Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ендігі жеңіс те ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. XXI ғасырда қазақтың қасіреті аз болғай, қуанышы көп болғай! Таяудағы жүз жылдық, әрідегі мың жылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін хақ тағала баянды еткей!
Енді асқақ Отан деген ұғымға кең құлаш жайып бір тоқталып кетейінші.
Отан… Атамекен… Атажұрт… Тарих… Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды…
Адам адам болып жаралғаннан бері ұлан-асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Әдетте, осындай дүрбелеңдерден, яғни үлкен аумақтарды қамтыған қанқұйлы соғыстардан соң ғана, әлем картасы аталатын ала қағаз бетіне түзетулер түсетін. Ал жиырмасыншы ғасырдың соңында әлем келбеті ешқандай дүрбелеңдерсіз-ақ өзгеріп шыға келді. Оған жер жаһанның алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, қаһарымен алыс-жақын жұрттардың бәрін ықтырып келген алып империяның ың-шыңсыз ыдырай бастауы себеп болды. Ыдыраған империяның орнына он бес тәуелсіз мемлекет өсіп шықты. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар – Қазақстан Республикасы еді.
Қазақстан — Қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Бұл жерді мекен еткен көшпелілер мен отырықшылардың бір-бірімен шендескен әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы тұтастанып жататын болған. Біздің еліміздің жерінен Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері тоғысқан кіндік Азияны басып өтетін Қазақстандық телімі болған.
Қазақстанның табиғаты таңғажайып: мұнда аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақ жал толқындары асау арғымақтардай көкке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну орманды көруге болады. Қазақстан картасы – қазына картасы қазір. Даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Қазынаның барлығы да Қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын екінің бірі айтпай- ақ біледі.
Дегенмен, жер бедерінде, негізінен, жазық далалы, шөлді және шөлейт аймақтар басым. Олардың арасында Сарыарқа мен Үстірт, Тұран ойпаты мен Батыс Сібір ойпаты, Мойынқұм мен Бетпақдала ұлы өңірлері бар. Таулы аймақтар республиканың оннан бір бөлігін алып жатыр. Оларға Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань тау жоталары кіреді. Ірі өзендер: Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Сырдария, Тобыл.
Қазақстан Республикасы Еуразия құрлығының түкпірінде орналасқан. Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте Ресеймен, оңтүстікте, оңтүстік-батыста Орта Азия республикалары Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен, оңтүстік-шығыста және шығыста Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы –13034км. Қазақстан аумағының көлемі – 2 млн. 714,9 мың шаршы км. Оған Батыс Еуропаның Франция, Португалия, Испания, Италия, Греция, Норвегия және Финляндия мемлекеттері түгел сыйып кетер еді. Міне, Қазақ даласы – кең байтақ! Қазақстан жер көлемі жөнінен Ресей, Қытай, АҚШ, Австралия мен Үндістаннан кейін алтыншы орын алады. Сондығынан ғой, күмбір – күмбір көне күй мен толғауы тоқсан жырларымызда – «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік,» — деп толғаған.
Дала төсінде жаңа өмір шуағын төгеді. Оның бауырындағы буырқанған жасампоз өмір тіршіліктің тоқтаусыз соғып жатқан жүрегіндей. Еңбеккері маңдай терін тамшылата төгіп жатса, сыршыл ақыны:
Боз жорға, боз інгенді, боз торғайлы,
Боз дала, ием саған, боз басымды!
– деп жүрек лүпілімен суарылған ақ қанатты жырына қосады. Ғылым адамзатқа қанат бітірді, ғаламат істерге бастады, ғажайып жаңалықтар ашты. Соның куәсі – адам көкзеңгір ғарышқа қадам басты, айға қонды, жұмыр жерді аялай айналып ұшты. Ал ғарышқа жол – Байқоңырдан от алғанын мақтан етпейтін кім бар? Ғарышқа қадам жасаған елдер қатарында біздің еліміздің де еңсесі биік, жалауы жоғары. Ғарышта елдің намысын мәртебелеп мерейін асырған, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев егеменді елдің ғарышкерлері. Сондықтан ғой қай елдің адамы болсын, өз Отанын дүниедегі ең қымбатты, ең қасиеттісі, ең аяулысы – Анасына балайды. Ғаламындағы ғажап тіршілігінің қасиетті мекенін сүймейтін адам болмайды.
«Отан – оттан ыстық», «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» — деп түйген халықтың қаһарманы Бауыржан батыр: «Отаның үшін отқа түс күймейсің», — дейді. Қазақ елінің есімі аңызға айналып, дастандарға арқау болған батыр ұл – қыздары толып жатыр. Олар – атамекенін, туған елін жан аямай қорғап, ата- бабаларының ерлік дәстүрін сақтау арқылы өздерінің өшпес даңқын шығарғандар.
Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана сүтімен дарыған. Батырлар жырындағы:
Атам күйеу болған жер,
Анам келін болған жер,
Кіндік қаным тамған жер,
- деген қарапайым жолдарда адамның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең де ыстық сезімі тамаша бейнеленген.
Қазақ батыр халық, ержүрек халық, намысшыл халық. Ел басына қиын – қыстау күн туғанда ерлері намыс отын жағып, туған топырағын қасық қаны қалғанша қорғағанына өткен тарих куә, кешегі сұрапыл заман куә.
XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы үшін, жаппай келісімі жарасқан прогрессивті адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты.
Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды.
Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамассыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан дүниежүзілік экономикада өз орны бар елге айналды.
Он бес жыл ішінде Қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзін — өзі тану, өзінің бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды.
Ең бастысы, Қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.
Бүгінде Қазақстанның негізгі ұлтын Қазақ халқы құрайды. Одан кейін славян халықтарының өкілдері орыс және украин халықтары. Сонымен қатар ең елеулі этносты құрайтындар өзбек. немістер және татар халықтары. Осы біздің елдегі халықтар басын біріктіріп, олардың ұлттық тегіне қарамастан, теңдігін бекітетін құжат бар. Ол еліміздің Ата Заңы, Конституциямыз.
Қаншама рет туы тігіліп, қаншама рет туы қайта қисайған, қаншама мемлекеттің құрамында болып, қаншама рет мемлекетсіз қалған әрі көне, әрі жас Қазақ халқы қайтадан әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде.
Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығү бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.
Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тәң барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.
Жыл сайынғы ел Президенттің халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті. Саяси жүйені жетілдіруде құқықтық реформаның маңызды рөл атқарылатының, құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша құқық қорғау органдары функцияларындағы орын алған жағымсыз факт орлардан, сондай-ақ құқық қорғау жүйесі қызметіндегі мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалардан арылудың қажеттігін атап көрсетті.
Елбасы өз Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалаудың бағыттарын көрсетіп берді, олар – құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін белгілеу, заңдарды ізгілендіре отырып сапасын арттыру, құқық қорғау жүйесінің қызметінде ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқық пен мемлекеттің мүддесін қорғауға ауыстыру. Парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету, құқық қорғау органының қызметінде есептілік пен бағалау жүйесін жетілдіру. Сондай-ақ, қазіргі күнде жүзеге асырылып отырған қамауға алу, үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолданудың сотқа берілуі азаматтардың конституциялық құқықстарының сақталуының кепілі болып, сот жүйесінде қолдануда жақсы қорытындыларын көрсетуде.
Жолдауда айтылған бағыттарды жүзеге асыру сот жүйесіне деген халықтың сенімін арттыру біздің міндетіміз.Жиырма жылдық бізге тек бақыт пен ырыс алып келсін.Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын.Еуразияның кіндігі қасиет қонған Астана гүлденіп жайнай берсін.
Қажетті сілтемелер:
- Тәуелсіздік күніне арналған суреттер
- Тәуелсіздік туралы сайттағы барлық шығармалар
- Тәуелсіздік күні тілектер, құттықтаулар (суреттер)
- Тәуелсіздік туралы барлық тақпақтар
- Тәуелсіздік туралы өлеңдер
- Тәуелсіздік туралы сайттағы барлық шығармалар
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: тәуелсіздік күні, тәуелсіздік, шығарма, эссе, жоспарымен, жоспар, тәуелсіздік туралы шығарма